Сырдариялық Айғаным Жалғас – биыл облыс бойынша мемлекеттік білім грантын иеленген үш мыңнан астам оқушының бірі. Амангелді ауылында орналасқан Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицей түлегі он бір жыл бойы жиған білімінің күшімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсті.
– Таңдаулы пәндерден Зейнұр ағай мен Жанар апайдың көп көмегі тиді. Үй шаруасына араласуды азайтып, тәуір көрсеткішке жету үшін дайындыққа барынша көңіл бөлдім. Әйтеуір, еңбек еш кеткен жоқ, – дейді ол.
Айғаным талай додада бақ сынап, топ жарған. Бір ғана мысал, былтыр аудандық олимпиадада – І, облыстық олимпиадада ІІ орын иеленді. Тынбай ізденуі мен білімге ұмтылуының арқасында тестілеу сынағында 99 балл жинады. Сәтін салса, бірер жылдан кейін химия пәнінің мұғалімі болуға асық.
Мектеп-лицей директоры Зейнұр Жаманқұлов ҰБТ-ға қатысқан түлектердің бәрі намысқа тырысып, сенімді ақтағанын айтады. Тарихы ғасырға жуық білім ұжымын биыл 11 бала бітірді. Соның 9-ы білім бәсекесіне қатысып, түгел мемлекеттік грантқа ие болды.
– Мақтанышымыз Аружан Сәлімгерейқызы ең жоғары 120 балды еншіледі. Сөйтіп, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін таңдады. 102 балл алған Динара Сақтан елорданың Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқымақ. Физика пәнінің мұғалімі болуға ниетті. Түлектеріміздің басым бөлігі ұстаздық жолды таңдады, – дейді мектеп басшысы.
Осы оқу жылында мектеп-лицейді 4 бала «Алтын белгімен» аяқтады. Олардың биіктен көрінуіне Баян Мырзанова, Перуза Миянова, Роза Кенбаева, Жанар Тапалова, Нұрболат Тәшенов, Маржан Алтынғазиева секілді ұстаздар елеулі еңбек сіңірді. «Әліппе» үйреткен Роза Бердікеева мен Құралай Маханәлиева апайларын да әлі күнге айтып жүреді.
Қазалы ауданының Ү.Түктібаев ауылындағы мектепті тәмамдағандар да алтын ұяларының абыройын асқақтатты. 23 түлектің ҰБТ-ға қатысқан 18-і де – білім грантының иегері. Осылайша Б.Әбдіразақов атындағы №88 мектеп аудандағы үздік үштікке ілініп отыр.
120 балл жинаған Аружан Тағыбергенқызы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина, ал Замира Қазиева 115 балмен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеттерінде білімін шыңдамақ.
– Осы орайда сынып жетекшісі Бегіманасұлу Маханбетжанова, баланы білімге баулудан жалықпайтын Патима Томай, Гүлназия Тілеуімбетова сынды ұстаздар еңбегін атап өтпеуге болмайды, – дейді мектеп директоры Қуандық Қожалепесов.
Роза Өтеген – мектеп түлегі Гүлзат Жәкенованың анасы. Барлық ата-ананың атынан ол мұғалімдерге ризашылық білдірді.
– Қызым «Алтын белгіні» сәтті қорғап шығуға уәде берген еді. Сөзінде тұрды. Жоғары нәтижеге жетуінде ағай-апайлары Зәкира Әбдірова, Нағашыбай Қуандықов, Айжарық Мұқановтың үлесі зор, – дейді ол.
Карантиндік шектеулер кезінде оқушылар өткен оқу жылының соңғы тоқсанын онлайн форматта өткізді. Дегенмен, дарынды, талапты балаға бұл тұсау емес. Сырбойылық түлектердің білім сынағында сыр бермеуі соның дәлелі болса керек.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<