Орталықтың ғылыми басымдықтары

1655

0

«Болашақ» ғылыми-зерттеу институты жанындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы 2014 жылы құрылған болатын. Орталықты Қызылорда «Болашақ» университетінің «Жалпы білім беру және құқық», «Экономика, аудит, бизнес және басқару» кафедраларының ғалымдары құрайды.

Орталық университет құрылтайшысының қаржыландыруымен бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда заң ғылымдарының кандидаты Г.Арғынбекованың жетекшілігімен «Құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарын құрметтеуді қалыптастыру», «Қазақ қоғамындағы билер сот төрелігінің заманауи сот жүйесіндегі жүзеге асуы», экономика ғылымдарының кандидаты А.Райымбекованың жетекшілігімен «Қазақстан экономикасына жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың ықпалы» сынды жобалар орындалып жатыр. Жұмыс нәтижелері отандық және шетелдік ғылыми журналдарда, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында сыннан өтуде.

Ғылыми-зерттеу инстутының директоры, әрі орталық жетекшісі, саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М.Ө. Насимовтың жетекшілігімен «Саяси жарнаманың Қазақстан Республикасында дамуы (2008 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін)», «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» тақырыптары бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізілуде.«Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» ғылыми-зерттеу жобасы аясында осы уақытқа дейін 31 еңбек жарық көрді. Атап айтар болсақ, 1 монография (9 баспа табақ); «Скопус» базасындағы журналда 3 мақала; ҚР БҒМ Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитеті тізіміндегі журналдарда 18 мақала; шет елдік халықаралық журналдарда 2 мақала; отандық журналдарда 3; халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында 4 баяндама.

2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған сананы жаңғыртудың бағыттарын жүйелендіру үшін жазылған монография жарық көрді. Бүгінде аталмыш монография үлкен сұранысқа иеленіп отыр. Бұл еңбек 2017 жылдан бастап ғылыми сілтемелердің Ресейлік индексі (РИНЦ) базасында индекстеле бастады.2020-21 оқу жылынан бастап орталық «Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» пәнін әзірлеп, оқу процесіне енгізді. Алдағы уақытта аталмыш пәннің оқу құралын жарыққа шығару жоспарланып отыр.

Орталық 2014 жылдан бастап тұрақты түрде чехиялық «Sociosféra-CZ» ғылыми-баспа орталығымен бірлесе отырып екі Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып келеді. Екі конференцияның зерттеу ауқымы өте кең және өзекті:  «Заманауи шарттардағы тәрбиенің мақсаттары, міндеттері және құндылықтары»; «Адам мен қоғам қауіпсіздігі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың мәселесі ретінде». Жоғарыда аталған конференциялар осы жылы 7 рет ұйымдастырылғалы жатыр.

Орталық Ресейдің «Молодой ученый» баспасымен тығыз байланыс орнатқан. Осы уақытқа дейін «Молодой ученый» журналының 30 арнайы нөмірі жарық көрді. Арнайы нөмірдің алғашқы нөмірлерінен бастап қазақ тіліндегі зерттеулердің жариялануына ұйытқы бола білдік. Сонымен қатар баспамен бірлесе отырып 6 рет «Қазіргі ғылым және инновациялар» атты Халықаралық конференциялар ұйымдастырылды.

Орталық түрлі семинарлар ұйымдастыру бойынша да жұмыстар жүргізуде. Осы уақытқа дейін «Scopus базасындағы журналдарға мақала дайындау және жариялау»,«Өнертабыс бойынша Қазақстан Республикасының патентін алудың талаптары» және «Ғылыми мақаладағы талдау әдістерінің құпиялары (Scopus базасы журналдарының мысалында)» тақырыптары бойынша оқыту семинарлары өткізілді.

Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы алдағы уақытта да осы бағыттар бойынша жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Ол үшін орталық мүшелерінің әлеуетін көтеру басымдығы белгіленіп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<