Практиктер дипломдық жобаға жетекші бола алады – ҚР БҒМ

860

0

Дипломдық жобаға жетекші ретінде практиктерді таңдауға болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейі бойынша мемлекеттік жалпы білім беру стандартын өзгерттік. Енді дипломдық жобаларды жазуға немесе дайындауға жетекші ретінде практиктер тартылуы мүмкін. Бұл – ЖОО-лардағы өндіріс пен теориялық оқуды байланыстыруға көмектесетін маңызды өзгеріс. Сонымен бірге, біз жалпыеуропалық диплом қосымшасы білім алушыларға тегін беріледі деген норманы енгіздік. ЖОО-лар осы құжатты бергені үшін ақы алмауы керек», – деді М. Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Одан бөлек, министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруда ЖОО-ларға қойылатын талаптарды көтерді. Гранттарды республикалық комиссия бөледі. Биыл мемлекеттік білім грантын орналастыруға 36 жоғары оқу орны жіберілмеді. Оның негізгі себептері – қате деректер беру, сапаның төмендігі және жұмысқа орналасу деңгейінің төмендігі.

«Білім беру грантының құны артты. Оны арттыруда министр оқытушылардың жалақысын көтеру міндетін қойды. 2020 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап мемлекеттік ЖОО-ларда жалақы орта есеппен 210 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында – 283 мың теңгеге дейін көтерілді. Біз сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын оңтайландыру бойынша да жұмыс істейміз. Жыл басынан бері 26 ЖОО-да кәсіби тексеру жүргізілді, жыл соңына дейін тағы бес ЖОО-да жоспарланған. Тексерулер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Нәтижесінде, биыл 5 ЖОО жабылды, екі ЖОО бойынша министрліктің бас лицензиядан айыру туралы қаулысы қабылданды», – дейді вице-министр.

Студенттер үшін қорқатын ештеңе жоқ. Ережеге сәйкес, студенттер семестрдің аяқталуын күтпестен басқа университеттерге ауыса алады.

«Біз қазір қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізудеміз. Егер ЖОО-да лицензия тоқтатылса, студенттер басқа ЖОО-ға ауыса алады. 25 ЖОО кадр даярлауда бейіні жоқ бағыттар бойынша лицензияға 60 қосымшадан айырылды. Біз педагогикалық жоғары оқу орындарының заңгерлерді, экономистерді оқытпауы үшін, педагогикалық кадрлардың сапасын арттыруы үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Мирас Дәуленов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<