Бүгінде ақпараттық технологияның адымы кең, қолдана білгенге пайдасы шаш етектен. Бұл – байланыс, бұл – ақша айналымы, бұл – бизнес. Әлемнің әр қиырындағы адамдар осы технологияның арқасында бір-бірін көрместен байланыс жасап, жұмыс жүргізуде.
Қазір бұрынғыдай банктен ақша аударуға табаныңыздан тозып әуре болмайсыз. Өйткені, мобильді қосымша, әлеуметтік желілер нарығы қарқынды дамыған. Цифрландыру, сандық технологияға көшу бағытындағы бастамалар қай саланы да жандандырып келеді. Ең бастысы, білім саласындағы қызметке қолжетімділік артып, ұстаздар қауымы қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік алды. Байқап қарасаңыз, қазір ата-ана баласының сынып журналындағы бағасын бақылауда ұстап, қажетті ақпарды дер кезінде алады. Бұл ретте құр сөзбен шектелмей, құзырлы мекеме ұсынған мәліметті жариялауды құп көрдік.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде «Электронды балабақша» жүйесі толықтай автоматтандырылған. Қазіргі ол жаппай қолданыста. Жоғарыда айтқан «Күнделік» электронды журналы жүйесін облыстың 293 жалпы білім беретін ұйымы пайдаланады.
Мемлекеттік қызметті автоматтандыру ісі де шет қалмаған. Бұрын жұмысқа тиісті құжаттарды арқалап, әуре-сарсаң болсаңыз, қазір оның барлығы электронды түрде. Облыстың барлық білім беру мекемелеріне қызметкерлерді жұмысқа қабылдау jumys.sitcen.kz ақпараттық жүйесімен жүргізілуде. 28 колледж «College SmartNation», 1 колледж «Platonus», «Е-колледж» автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Басқарма басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, облыстағы барлық мектеп 100 процент бүгінгі күннің басты қажеттілігіне айналған – интернет желісіне қосылған.
– Автоматтандыру әлі жалғасуда, нәтиже бар. Облыс бойынша Wi-Fi нүктелерімен 273 мектеп қамтылған. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 8096 компьютер жаңаланды. Қазір облыс бойынша 293 мектепте барлық пәндік кабинеттер саны – 1671, оның ішінде жаңа модификациялық кабинет саны – 607, яғни оның қамтылуы 37 процентті құрап отыр. Биыл жаңа модификациялық кабинеттерді арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 880 473 мың теңге қаражат бөлінді, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.
Бұдан бөлек, қалада 6 ІТ- лицей ашылған. Оқу ошақтары сандық технологияға ерекше ден қойған. Электронды кітап, интерактивті карта мен тақта, автоматтандырылған күнделік жүйесі секілді ресурстар білім сапасын арттыру тұрғысында пайдаланылады. Болашақ тың дүниелерді меңгергендердің қолында. Облыс басшылығы осыны ескере отырып, жас Цукерберг пен Джобстарды ерте кезден уақыт пен шығынды үнемдейтін технологияға бағыттауды қолға алып отыр. Бүгінде STEM жүйесі бойынша ІТ және робототехника сыныптары балалардың үлкен қызығушылықпен білім алуына жол ашқан. 4 мектеп және 9 оқушылар сарайы «3D лабораториялармен» және «Цифрлық білім беру лабораторияларымен» жабдықталса, 122 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтылған. Сонымен қатар облыс орталығында «IT IMAQORDA» ресурстық методикалық орталығы құрылып, 12 кабинет жұмыс жүргізуде.
Иә, Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс осыдан 15 жыл бұрын «Ғаламтордан сырт қалған адамның болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін» деп топшылаған. Қазір ол шындыққа айналып келеді. Сондықтан біз технологиялық жаңалықтарды жатырқамауымыз керек. Балаларға ІТ бағдарламаларды, робототехниканы меңгеріп кетуіне жағдай жасау күн тәртібінен түспек емес. Қазір оқушыларға «Python Programming», «3D модельдеу және анимациялау», «Web программалау және сайт құру негіздері», «Си++ программалау тілі» бойынша арнайы курстар жүргізіледі. Нәтиже бар. Оқушылар пандемияға байланысты онлайн өткізіліп жатқан түрлі халықаралық жобалардан, сайыстардан жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар еншілеуде. Бір сөзбен айтқанда, өркениет талабына сай болуы үшін бар жағдай жасалып жатыр. Ол балаларды жан-жақты дамытары сөзсіз.
Мөлдір Қалымбет,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<