Қан құю арқылы науқасты коронавирустан айықтыруға болады. Облыстық қан орталығы мамандары COVID-19 инфекциясына шалдыққандардан иммунды плазма дайындауды бастады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Кеселдің орташа, ауыр түрін жұқтырғандардың кейбірінде ауруға қарсы иммунитет пайда болатын көрінеді. Орталық мамандары осыған дейін кеселді жеңген 25 адамнан сынама алып, оның 17-де дертке қарсы антидене бар екенін анықтаған. Германиядан әкелінген 100 сынама тест 1 сағат ішінде адамда COVID-19-ға қарсы иммунитет бар-жоғын анықтап береді.
Мамандар осыған дейін коронавирустың ауыр түріне шалдыққан 5 адамға иммунды плазманы құйып көрген. Нәтижесінде олардың бәрі ауруынан айыққан. Бұл антиденелер COVID-19 індетімен ауырып шыққан адамның бойында 3 айға дейін вирусқа қарсы күреседі.
«Аймақ тұрғындары инфекцияға қарсы иммунитеті бар-жоғын білгісі келсе, облыстық қан орталығына барып, ақылы түрде тексеріле алады. Егер иммунитеті бар болса, қалауы бойынша иммунды плазма тапсырып, оны ақылы түрде орталықтың плазма банкінде сақтап қоя алады. Келешекте індетпен туысы науқастанса немесе өзі қайталап ауырса, өз плазмасы өзіне пайдалану үшін жарамды. Плазма бұл жерде 3 жылға дейін сақталады», – делінген хабарламада.
Соңғы уақытта донорлар екі есе азайған. Орталық мамандары иммунды плазма дайындау мақсатында қауіпті індетпен ауырған тұрғындарды қан тапсырып, өзгеге өмір сыйлауға шақырады.
«Сб» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<