Кезінде үш жүздің басын қосқан Абылай хан «Білектің заманы өтіп, білімнің заманы келді. Дайынбысың, әлеумет?!» деген екен. Одан кейін дана Абай да «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген асыл сөз қалдырды. Біз, жастар, қазір осы бабалар аманатын ақтауда аянып қалмайтынымызды көрсетудеміз. Білімімізді арттырып, жан-жақтылықты серік етіп, алдыңғы шептен көріну – біз көздеген мақсат.
Ал, оған қол жеткізуде ең бірінші ұстаздар қауымының еңбегі, содан соң әрқайсымыздың жеке әлеміміздегі үміт сәулесі көмекке келеді. Бүгінде біз жетістікке жетіп, өмір өрнегі үлгі болар аға-апаларға қарап бой түзеп келеміз, сол азаматтар секілді үздіктердің қатарынан табылу жолында барымызды салудамыз. Мен де ертегідегідей ханшайым болуды емес, қоғамда өз орны бар тұлға болуды армандаймын. Алдымда шынайы мақсат бар. Оқуда озатпын, қоғамдық өмірде белсендімін, әдебиет деген әдемі әлемге жақынмын. Түрлі байқау, сайыс дегеннен қалыс қалған емеспін. Мұндағы ойым – алғыс арқалау емес, титтей де болса тәжірибе жинау, білмегенімді үйрену.
Жақында осындай бір сайыста шыңдалдым. Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ақын Сансызбай Құттыбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Шабыт өрені» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасына қатысып, «Ұлттық сезім» номинациясының иегері атандым. 3 кезең бойынша өткізілген сайыста 356 үміткер бақ сынады. Соның арасынан суырылып шығу оңайға түспегені рас. Ақтық сынға Алматы қаласына бардық, оған 14-20 жас аралығындағы 25 үміткер келіп қатысты. Менің есімімді хабарлағанда, қатты қобалжыдым. Жаңа орта бойымда бір сәт сенімсіздік билетті. Алайда, ұстазым, сынып жетекшім әрі қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Сәлима Үсенованың «Сенің қолыңнан келеді!» деген демеуі маған қанат байлады, І орынды иеленуім, жүлдегер қатарынан табылуым да соның нәтижесі деп білемін. Сайыс қорытындысында маған 150000 теңге қаржылай сыйлық және ақын Сансызбай Құттыбайұлының шығармалары тарту етілді. Сонымен қатар ақынның туған інісі смартфон сыйлады. Бұл жемістің тәтті дәмін татқан ерекше күн ретінде есімде қалары анық.
Бұған дейін де тәуелсіздіктің 30 жылдығына, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсаринның-180, қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай өткізілген Қазақстан тарихы пәнінен қалалық олимпиадаға қатысып, жүлделі I орын алдым. Республикалық ұлттық олимпиада сайты математика пәнінен қашықтан ұйымдастырған олимпиадада жеңімпаз атандым. Мұнда Бақыт Насырова, Света Әлиакбарқызы секілді жетекшілерімнің үлесі зор. «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырған қазақ тілі пәні бойынша қашықтан өткен республикалық олимпиадада да жоғары көрсеткішке қол жеткіздім. Жұлдыздай жарқ еткен журналист Сахитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған «Сырдың саңлақ Сахитжаны» байқауында арнау өлең жазып, ІІ орынға ие болдым. Жас ақындар мүшәйраларында, шығарма жазу сайыстарында да жүлделер еншілеп келемін.
Бұл ретте ұстаздарымның, жақындарымның қолдауы маған ерекше дем береді. Расымен, «Адам тәрбиелеу – ұлы міндет» десек, ол міндетті атқарып жүрген де ұстаз қауымы. Бұрындары алыстан ат арытып келген баланы бірінші ұстазына сәлем беруге жіберуінің де басты себебі осында болар. Мұны біз кешегі карантин тұсында, вирус әбігерге салған уақытта жақсы түсіндік. Орайлы сәтті пайдаланып, білім саласының қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін мойындайтынымызды айтқым келеді және барлық өнегесімен тағылым болып келе жатқан ұстаздар қауымына алғыс білдіремін.
Жансая ҚУАНДЫҚ,
Ғ.Мұратбаев
атындағы №171
мектептің 9-сынып оқушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<