Қашықтан білім беру жаңа оқу жылында да жалғасады. Білім және ғылым министрлігі мұндай қадамға балалар мен мұғалімдердің өмірі және денсаулығы үшін барып отырғанын мәлімдеді. Бірақ мұның шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерге қатысы жоқ.
– Бұл мектептерде 5, 10, 15 баладан оқиды. Олар өз мектептеріне жаяу қатынайды. Қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде штатты режимде оқытуды әрі қарай жалғастыруға, жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырмыз, – деді министр Асхат Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде.
Ата-аналардың өтініші негізінде бастауыш сыныптар бойынша уақытша сыныптар ашу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Онда да санитарлық талаптарға сай жұмыс жүргізіледі. Сабаққа келгенде баланың дене қызуын өлшейді, ғимарат залалсыздандырылады. Сыныптар бірнеше ауысымға бөлінеді. Онда тек 10-15 баладан болуы тиіс.
Қашықтан білім алатын оқушылар үшін бейнесабақтар түсіріліп, цифрлық білім беру ресурстары әзірленіп жатыр. Жаңа оқу жылының бірінші, екінші тоқсаны бойынша оқу материалдары интернет платформаға енгізілді. Олар ерекше қажеттілігі бар оқушыларға қолжетімді болуы үшін жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, сурдоаудармамен қамтамасыз ету, шрифт көлемін ұлғайту керектігі ескерілді.
Мұғалімдерден ІТ технологиясы, интернет платформасы, интернет жүйесімен жұмыс істей білу талап етіледі. Ол үшін қашықтан сабақ беретін ұстаздар арнайы курстан өтеді.
Балаларды оқулық, компьютермен қамтуға да зор көңіл бөлініп отыр. Осы орайда өткен жылдың соңында шығарылған оқулықтар тамыз айынан бастап өңірлерге жіберілмек. Оқушыларға уақытша бере тұруға болатын компьютер тапшы. Осы ретте оның 36 мыңнан астамын сатып алу көзделген. 1 қыркүйекке дейін аймақ әкімдіктері қосымша компьютер сатып алмақ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторларына, мұғалімдер мен оқушыларға арналған тарифтік жоспар шығару мәселесін пысықтауда. Бұл лимитсіз қоңырау соғуға, отандық білім беру ресурстарын емін-еркін пайдалануға мүмкіндік береді.
Тағы бір жаңалық, дәстүрлі оқу жүйесіне көшкеннен кейін оқушыларға мектеп формасын киюдің қажеті болмайды.
– Мектеп формасы түбегейлі жойылған жоқ. Біз оған қатысты «төтенше жағдай немесе басқа да шектеулі шаралар кезінде білім беру ұйымдарына министрлік бекіткен мектеп формасымен келмеуге болады» деген қосымша ереже енгіздік, – дейді А.Аймағамбетов.
Назерке Саниязова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<