Қашықтан оқытуға дайындық қарқынды

1979

0

Жаңа оқу жылы қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымовамен кездесіп, көкейдегі сауалдарымызды қойған едік.

– Ақзира Бақтыбайқызы, би­ыл­ғы оқу жылының басында бала­лардың қашықтан оқыту жағ­дайында білім алатыны белгілі болып отыр. Оқыту мәселесі төңірегінде айтып өтсеңіз… Жалпы биыл қанша оқушы мектепке барады?

– Министрліктің шешіміне сәйкес, жаңа оқу жылында шағын жинақты мектептерді қоспағанда, барлық балалар қашықтан оқу форматында білім алады. Ал, ата-аналарының өтініші негізінде 1-4 сынып оқушылары үшін «ке­зекші сыныптар» ашылады. Бұл сыныптардағы сабақтар қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып жүргізіледі. Әрбір топта 15 оқушыдан артық оқы­тыл­майды.

Өңірде 293 мемлекеттік жә­не 6 жеке мектеп жұмыс жасай­ды. Биыл осы мектептерде 168 477 оқушы білім алады деп күті­луде. Ал аудан орталығынан шал­ғай орналасқан және ша­ғын жи­нақталған 50 мектепте 4 986 бала барлық сани­тар­лық талаптарға сай дәстүрлі оқыты­латын болады. Бұл жұмыс­тар­дың бәрі өңірдегі эпид­ахуал­дың көрсеткішіне қа­рай ұйым­дасты­рылады.

Бүгінгі күні аудан, қала әкім­діктерімен бірлесіп, облыс­тағы білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындық жұ­мыстарын бастап кеттік. Білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорларымен бірнеше рет ZOOM платформасы арқылы жиналыстар өткізіліп, шұғыл әрі қажетті мәселелерді шешуге барынша мән беріліп отыр. Әрбір мектеп басшысына бірінші кезек­те балалардың қашықтан оқуға дайындығын нақ­тылап, ком­пьютермен қамтамасыз ету мәселелері тапсырылды.

– Қашықтан оқытылатын әлеуметтік жағдайы төмен от­ба­сылардың балаларына қан­дай көмектер қарасты­рылып отыр?

– Әрбір бала оқытудан тыс қалмайды. Әлбетте, оның ішін­де көпбалалы және арнайы санат­тағы отбасылардың бала­ларына жете мән беріледі. Осы орайда қашық­тан оқытуды ұйым­дастыруда оқушылардың элект­ронды құрыл­ғылармен, интернетпен қамтылуы бағытында анализ жүргізілді. Оқу­шылардың қажеттілігіне қарай компьютер, планшеттер берілетін болады. Бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етіл­ген отбасылар, көпбалалы отба­сының балаларына табыстаймыз. Бұл ретте басқарма тарапы мектеп балансындағы компью­терлерді уақытша береді. Сонымен бірге, демеушілер есе­бінен план­шеттер алып беру жұмыстары жүргізілуде. Маусым айында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 балаға планшет берілді. Ал, тамыз айында үйден білім алатын 357 балаға, интернаттық мекемелерде білім алатын ерекше қолдауды қажет ететін 100 балаға ноутбук және планшет беру жоспарда бар.

Өзіңізге белгілі, қашықтан оқыту барысында педагогтарға да техни­калық құралдар қажет. Өңірде 20 259 педагог жұмыс жасайды. Оның ішінде компьютері жоқ мұғалімдер саны анықталуда. Бұл орайда облыстық білім саласы кәсіподағының демеу­шілігімен 300 мұғалімге электронды құрылғылар беру жоспарымызда бар. Сонымен қатар, қашықтан оқыту ісін нәтижелі іске асыру үшін аймақтағы 18 мың педагог 17-22 тамыз аралығында арнайы онлайн курстан өтеді.

– Ақзира Бақтыбайқызы, қа­шықтан оқу форматы болса да оқушыларға оқулық жет­кілікті болуы керек. Бұл мәселе бойынша қиындықтар жоқ па?

– Әрине, оқушылар қандай форматта білім алса да оқулық арқылы білімді меңгереді. Сол себепті оқушыларға қажетті кі­таптар толық жеткізіліп бері­леді. Қазіргі таңда мектеп оқу­лықтарын алу үшін 1,2 млрд тең­ге қарастырылған. 11 сынып оқулықтарына 395,7 млн теңге, 5-6 сынып информатика оқу­лық­тарына 50,7 млн теңге, ай­рықша білімді талап ететін бағ­дарламамен оқытылатын оқу­шыларға 16 млн теңге қаралып отыр. Оқулықтарды сатып алу үшін 771 мың данаға 14 баспамен 115 келісім-шартқа қол қойылды. Қазір оқулықтардың 20 пайызы жеткізілді.

Бүгінгі уақыттың талабы мен тәртібіне сай білім беру ұй­ым­дарында коронавирустық ин­фек­циясының таралуына жол бер­меу мақсатында мектеп кітап­ханаларында оқулықтарды тара­тудың арнайы графигі жасалады. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, әр сыныпқа  оқулық­тардың берілу күні мен уақыты, арнайы орны белгіленді.

– Биыл 1-ші сыныпқа қанша оқушы барады? Олар биылдан бас­тап «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды ғой…

– Карантин талаптарын сақ­тау үшін ата-аналар балаларын 1 сыныпқа қабылдауда 2 түрлі жолмен құжат өткізе алды. Қағаз түріндегі құжаттарды мектепке тапсырады. Ал, онлайн жүзінде «egov.kz» порталы арқылы рет­теледі. Біздің есебіміз бойынша биыл 1-ші сыныпқа 19 мыңға жуық бала барады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 18 мыңнан аса баланың құжаты қа­былданып қойды. Айта кетейін, биыл балалардың денсаулығы жөніндегі медициналық анықта­малар уақытша талап етілмейді.

Әрине, өзіңіз білесіз, министр Асхат Қанатұлы Аймағамбетов келесі оқу жылынан бастап 1 сыныптың ба­лалары үшін «Әліппе» және «Ана тілі» пәндері оқытылатын болады деп атап өтті. Сондықтан ендігі оқу жы­лында балалар осы оқулықтармен оқиды.

– Биылғы жылы жаңадан пай­далануға берілген,  күрделі жөндеуден өткен мектептер жөнін­де айтып өтсеңіз…

– «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында мектептерде қарқынды құ­рылыс жұмыстары қолға алынған. Дәлірек айтқанда, облыс­та 28 ғимаратқа күрделі жөндеу, 23 білім нысанына ағымдағы жөндеу жүргізілсе, 4 мектеп ғимараты қайта жаңғыртудан өтуде. Әрбір ауданда бұл жұмыстар мердігер компаниялармен бірге іске асырылып жатыр.

Жаңа оқу жылына дейін мектеп құрылыстары толыққанды аяқталуы керек. Жұмыстың сапалы орындалуы басқарма тарапынан  тұрақты бақылауда. Жұмыс кестеме сәйкес аудандар­ды аралауды бастадым. Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңа­қор­ған аудандарындағы мектеп құрылыстарын көріп, дирек­торларға тиісті тапсырма берілді. Енді Арал, Қазалы, Қармақ­шы аудандарында мектеп құрылыс­тарының барысын бақылайтын боламын. Негізінде биыл жоға­рыда аталған бағдарламаның ая­сында бірқатар мектептердің шатыры жөнделіп, есік-тере­зелері жаңартылып, мектеп ғима­раттары біршама қалыпқа келті­рілді. Әрине, бұл – білім саласы үшін ауқымды жұмыстың бірі деуге болады.

– Жаңа оқу жылы сәтті болсын!

                                                                     Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<