Кеше ғана еліміз бойынша мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсырып, мемлекеттік грант иегері атанған талапкерлердің есімі белгілі болды. Жалпы 2023-2024 оқу жылында Қазалы ауданы бойынша 899 түлек орта білім беру ұйымын тәмамдаса, оның 800-ге жуығы Ұлттық бірыңғай тест тапсырған болатын.
Нәтижесінде 579 жерлесіміз тегін білім алу мүмкіндігін жеңіп алды. Олардың 137-сі педагог мамандығы бойынша грант ұтса, 67 түлек ақхалатты, 208 талапкер техник боламын деп шешсе керек. Тағы 16 қазалылық ауылшаруашылығы саласы бойынша, 151 бала басқа мамандықтар бойынша тегін білім алатын болады.
Өткен оқу жылы осындағы білім саласының толағай табысқа жеткенін көп жаздық. Ендігі грант саны бойынша да Қазалы жұртшылығына жар салсақ жарасады. Білікті ұстаздар мен ізденіс сүйер шәкірттердің еңбегінің жемісі – мемлекеттік грант иегерлерінің үлесі биыл 83,5 пайызды құрап отыр. Былтыр мектеп бітірушілердің 80 пайызы ата-анасының арқасындағы жүкті жеңілдете алғанын ескерсек, биылғы көрсеткіш Қазалыдағы білім саласы бір орында тұралап қалмағанын тағы бір дәлелдеді.
Мемлекеттік грантпен оқуға түсе алмағандар үміттен күдер үзбегені абзал. Неге десеңіз, жылдағыдай 3 мыңға жуық талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың яғни әкімдіктің, KazEnergy қауымдастығының, Х.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасының 500 грантын жеңіп алу мүмкіндігі бар.
Ол аз десеңіз, жұмыс берушілердің тағайындайтын, Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің 800 мақсатты грантына құжат тапсыруға болады. Оған Қазақстан халқына қоры бөлетін 850 грантты қосыңыз. Ректорладың гранты тағы бар.
Әрі-беріден кейін ақылы оқуға түскен студенттерге сессия қорытындысы бойынша бос грант алу мүмкіндігі және бар.
Бірер аптадан кейін осындағы әр үйдің үкілі үмітіндей ұл-қыздары үлкен қалаларға білім алуға аттанады. Білім ұясынан түлеп ұшқан талапкерлер еліміздің ертеңін жарқын ететін, туған жерді түлетуге қызмет ететін қайырлы білім алуына тілектеспіз.
Қазалы ауданы әкімдігі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<