«Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес елімізде 2021 жылдан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі атақ мұғалімдерге білім беру ісіндегі үздік жетістіктері мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Биыл мұғалімдер мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған №10 облыстық «Білім-инновация лицейінің» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағиша Есбосын осы жоғары атақты иеленді.
Президенттің қолынан мемлекеттік деңгейдегі құрметті атақ алу ұзақ жылғы ұстаздық жолындағы ерекше сәт болды. Көңілін толқыныс тербеп, қоғамдағы өз міндетіне деген терең жауапкершілікті, ізет пен құрметті сезінді. Айта кетейік, ол осыған дейін ұстаздар үшін дәрежесі биік марапат – Ы.Алтынсарин белгісін және «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне таққан.
– Адам өмірінде төбеңнен нұр төгіліп тұратын сәулелі сәттер болады ғой. Міне, менің бойымды дәл осы күй биледі. Бұл – адал еңбектің жоғары бағаланатынының дәлелі. Шындығында, «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғаннан кейін мұғалімдерге деген құрмет еселеніп, олардың әл-ауқатын жақсартуға қолдау артып келеді. Мен оны қуана құптаймын.
Бұл марапатқа елге қалтқысыз қызмет етіп жүрген мамандығына адал барша әріптестерім лайықты деп ойлаймын. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие бере отырып, шәкірттерінің өмірден өз жолын табуына зор жауапкершілік танытып, жемісті еңбек етіп жүрген әрбір ұстаз осылай құрметке бөленсе екен, – дейді марапат иесі.
Нағиша Есбосын аймақтың білім беру саласында 40 жылға жуық қызмет етіп келеді. Білікті педагог осы уақыт аралығында өзінің оқыту әдісін шығармашылықпен ұштастыра отырып, оқушыларының білім сапасын көтеруге, жеке қабілеттерін дамытуға ерекше мән берді. Үздіксіз ізденіске, шынайы шығармашылыққа толы еңбегі лайықты нәтижесін беріп, шәкірттері облыстық, республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар байқауында, түрлі мүшәйралар мен сайыстарда жеңімпаз атанды. Соның дәлелі, кейінгі бес жылдағы сайыстардан шәкірттері 70-тен аса жетістік иеленген. Оның 10-ы – республикалық, 67-сі – облыстық деңгейдегі жүлделі орындар. Сондай-ақ үш жыл көлемінде дайындаған оқушылары республикалық пәндік олимпиадада 2 «Алтын медаль», 1 «Күміс медаль» жүлдегері атанып, ұстаз еңбегі ақталып абыройға бөленді.
Жылдар өте келе жоғары санатты ұстаз Нағиша Қожаққызының тәжірибесі республика көлемінде таратылды. Оның ішінде «Қыздармен сырласу сабағы» және «Оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері қоржынынан» жинақтары бүгінде орта білім беру ұйымдарында факультативтік сабақ ретінде өткізіліп жүр. Әдістемелік желілер арқылы іс-әрекетті, сабақты зерттеу бағытында облыс көлемінде бірнеше мектептермен байланыса отырып, нәтижелі жұмыс атқарып келеді.
Еңбек жолында Нағиша Қожаққызының жинақтары, әдістемелік құралдары жарыққа шыққан. Мұғалімдерге арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша қысқа мерзімді жоспарлар» көмекші құралының авторы. Сонымен қатар, «Емтихан тапсырмаларының жинағы» және «Емтиханға дайындық материалдарының жинағы» көмекші құралдарының авторлар құрамының, «Жаңартылған білім беру мазмұнындағы оқулықтарын таныстыру, талқылау» комиссиясы, 9-сыныптың білім алушыларына арналған қорытынды аттестататтау материалдарын әзірлеу жұмысшы тобының тұрақты мүшесі.
Ұстаздың өткізген шығармашылық сабақтары мен тәрбие жұмыстарының жоспары, мақалалары облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген. Сондай-ақ облыстық, республикалық деңгейдегі семинарлар мен конференцияларда баяндама жасап, түрлі тақырыпта сабақтар өткізіп, тәжірибесін бөлісіп келеді.
Ашық диалог алаңындағы жарыссөздерге де белсенді қатысып, бүгінгі білім беру ісіндегі өзекті мәселелерге қатысты өзіндік үн қосып, пікірін білдіріп отырады. Облыс көлеміндегі қоғамдық-саяси шараларға белсене араласады.
Өмірдерегіне тоқталсақ, ол 1966 жылы 25 қаңтарда Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Әкесі теміржол саласында ұзақ жыл еңбек еткен, ал анасы отбасында өмірге келген он екі баланы тәрбиелеп өсірген.
Нағиша Есбосын 1981-1985 жылдары Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде оқып, үздік бітірген. 1986-1992 жылдары әл Фараби атындағы ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыған. Еңбек жолын мектепте пионерлер ұйымының жетекшісі болып бастап, Қазалы аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1995-2011 жылдары аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Қабілет» бейімді білім беру лицейінде, 2011-2012 оқу жылында университет жанындағы қазақ-түрік лицейінде оқытушы болған. 2012 жылдың қыркүйегінен дарынды балаларға арналған №10 облыстық «Білім-инновация лицейінде» еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол ізденімпаз ұстаз, тәрбие жұмыстарының үздік ұйымдастырушысы ретінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, әріптестері арасында зор абыройға ие болды. Шәкірттерінің де құрметі шексіз.
Тағы бір айта кетерлігі, Есбосын отбасында он екі бала болса, оның ішінде жеті мұғалім бар. Олардың барлығы да – қоғам алдындағы мәртебелі міндетін адал атқарып, құрметке бөленіп жүрген жандар.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<