Қазіргі сұрақ: «қаншадан жинаймыз?»

1320

0

Жыл сайын осы мезгіл туғанда ақша жинау мәселесі қоғамды жік-жікке бөліп, бір шулап басыламыз. Иә, ақша жинау… Жылда осы… Балабақшаны, бастауыш сыныпты, мектепті, яғни 9-11 сыныптарды бітірушілердің бір-бірін жыға танымайтын ата-аналары бір чатта отырып, бар мәселені талқылап жатқанына күмәніңіз болмасын. Талқыға түскен мәселелердің түбінде барып тірелетін бір ғана  шешімі бар, ол  – ақша жинау! 

Бұйрық не дейді?

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Соңғы қоңырау» мерекесі 25 мамыр, «Аттестат тапсыру» рәсімі 16-17 маусым күндері өткізілетіні айтылды.  Мектеп бітіру кештерін ұйымшылдықпен өткізу, бітірушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін басқарманың бұйрығы шыққан. Ол білім беру ұйымдарына жолданған.

Бұйрықта не делінгеніне тоқталайық. Оқу жылын аяқтау шараларын ұйымдастыруға және мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге оқушылар мен ата-аналардан, педагогтардан ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Барлық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына мектеп бітіру кештері кезінде бітірушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасалуын қамтамасыз ету, бітіру кештерін міндетті түрде мектеп қабырғасында және ауласында өткізу, шараға бітірушілердің мектеп формасымен қатысуы және барынша қарапайым өткізу тапсырылған. Үйде, ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізуге, автокөліктермен кортежге шығуға жол берілмейді. Бітірушілердің өмір қауіпсіздігі, құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу үшін  медициналық, өрт қызметтері, ішкі істер органдарымен бірлесіп шаралар қабылдау керек. Мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру үшін ана-аналардан ақша жинауға, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар ұсынуға жол берілмейді. Іс-шараларды мектептің қолда бар мүмкіндігімен ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, табиғат аясына серуендеуге, өзен-көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуге тыйым салынған. Төтенше жағдай бөлімдерімен бірлесіп кезекшілік ұйымдастыру, бітірушілер, ата-аналар және педагогтар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қамқоршылық кеңес мүшелерімен бірлесіп жүргізу тапсырылды.

Есесіне «Соңғы қоңырау» мерекесі аясында мектеп бітіруші түлектердің қайырымдылық істеріне қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Мектепке кітап сыйла», ағаш егу, әлеуметтік әлсіз отбасы мен балаларға «Шын жүректен балаларға!», «Туған жерге тағзым», «Алғашқы ұстазыма алғысымды білдіремін» акцияларын ұйымдастыруға рұқсат.

Мұғалім мен ата-ана не дейді?

Мұғалім бұйрыққа бағынады. Басшылық тарапынан қаржы жинауға тыйым салынғанын айтады. Бірақ жылдағы бітпейтін дау басылды ма? Жоқ, қайта өршіп кетті, арыз-шағым көп. 1200 орындық үлкен мектептерді кем дегенде 100 бала бітіретінін ескерсек, осынша ата-ананың арасынан қалтасынан шығатын шығын есебін сұрайтындар, келіспеушілер міндетті түрде шығады.

Өзіме етене жақын, баласы мектеп бітіретін бірді-екілі кісінің чаттарын қарап шықтым. Әрине, рұқсатымен… Дегенмен, мұндай жазбалардың көшірмелері әлеуметтік желілерді де кезіп жүр емес пе?  Ешкімнің атын атап, түсін түстемеймін. Өйткені мұның артында сол ата-аналардың балаларының көңіл-күйіне, ана мен бала арасындағы қарым-қатынасына кері әсер ететін нәзік түйткіл тұр.

Чатта бәрі алақандағыдай айқын. Мұғалімге сыйлыққа, емтихан сайын қабылдаушы мұғалімдердің ас-суына, безендіруге, мектепке ескерткіш сыйлыққа дегенді көрдім. Мұның барлығының ұйымдастырушысы, яғни бастамашысы ата-ана делінеді.

Әр сыныпта ата-аналар комитеті немесе белсенді аналар тобы бар. «Баламыздың өмірінде бір рет болатын, есінде мәңгі қалатын кезі ғой, дұрыстап ұйымдастырайық, жақсы ресторан, тапқыр тамада немесе шоумен жалдайық…» . Чаттағы әңгіменің басы осылай басталады. «Апайына сыйлық алайық, мектепке естелік ретінде бір нәрсе қалдыруымыз керек. Мемлекеттік емтихан алған мұғалімдерге дастархан жасауымыз керек. Балалар «Соңғы қоңырауда», аттестат алу рәсімінде әдемі фонда тұруы керек». Керектердің тізімі осылай жалғаса береді.

Мұнымен тоқтаса ше? Негізсіз шығындарға қарсы бас көтеріп бір-екі ата-ана шықса, қалғаны түтіп жейді. «Балаңыз қатарынан кем болады деп ойламайсыз ба? Бәріміз бала үшін деп жүрген жоқпыз ба?» деген жазуы бар, дауыс хабарламасы бар – бәрін оқып-тыңдап отырып қарсы шыққан ата-ананы қайдам, айдалада қатысы жоқ менің өзім ойланып қалдым.

Чаттағылар Білім және ғылым министрінің айтқанынан да, білім басқармасының бұйрығынан да хабардар сияқты. Бірақ «жылда осы, бірақ мектеп бітіру кештері тойланбай қалғанын көрмедік» деген пікір басым. Айтпақшы тойланбай қалды емес пе?! Екі жыл қатарынан коронавирус қыспаққа алғанда, түлектерді ың-шыңсыз ұясынан ұшырдық. Ақша да жиналмады, астатөк дастархан да жасалмады, сый да алынбады. 

P.S Мен не дейін? Біздің қоғамның сыйластықты, құрмет көрсетуді тек қомақты сый жасау деп түсінетінінен арыла алмай отырғанына қапаланамын. «Ережелер оны бұзу үшін жазылады» деген түсінік әлі де салтанат құрып тұрғанына қынжыламын. Басқасын қоя тұрыңызшы, мемлекеттік емтихан қабылдаған мұғалімдердің ас-суын әзірлеу туралы ұсыныс қайдан түсті екен деп ойланамын. Ең аяғында «бәрі бала үшін» деп жүрген ата-аналар іс-шараларды ысырыпшылдықпен, дарақылықпен атқару арқылы баланы жақсы көретінімізді, олардан ештеңе аямайтынымызды байқатамыз деп ойлайтынына қарным ашады.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<