Қазыналы білім ордасы

1592

0

Іргетасы сонау 1937 жылы қаланған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті шаршы топта оза шапқан талай дүлдүлдерді түлетіп шығарды. Осы салада қызмет етіп келе жатқан білім ордасы ізденуші  жастарға қолдау білдіріп, қолайлы жағдай жасап отырғаны баршамызға аян. Бүгінде қазыналы білім ордасының қанат жайып, маман даярлау ісінде алда келе жатқанына 85 жыл толды.

«Тамыры терең бәйтерек» деген қазақи  тәмсіл осы оқу ордасының тарихын суреттеп тұрғандай. Себебі, бұл жылдары оқу орны түрлі тарихи толқынды өткеріп, тұлғалардың түлеп, шыңдалып шығуына себепкер болды. Университетке ел қалаулылары басшылық жасап, алда болуына бар күшін сарп етті. Бұл оқу ордасының әрдайым заман талабына сай болуына әсерін тигізді деп айта аламыз.

Бәсекеге қабілетті, заманауи талапқа сай маман болу – бүгінгі күннің бұлжытпас талабы. Осы ретте білім ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы аянбай еңбек етуде. Оның дәлелі ретінде ЖОО-ның рейтингі бойынша Шығыс Еуропа және Орталық Азия (QS EECA) университеттері ішіндегі алған елеулі орнын айта аламыз. Бұл іргелі білім және ғылым ордасының қауқарлы, бәсекеге қабілетті маман даярлап жатқанының бір көрінісі іспеттес.

Жоспарлы жұмыстың жемісі ретінде оқу орнын аяқтап шыққан сан мыңдаған түлектің әрдайым сұраныста болуын айта аламыз.

Мұнда бакалавриат, магистратура және доктарантура бағыттары бойынша 115 білім беру бағдарламасы бар. Соның негізінде маман даярлау ісінде алда келеді. Әлемдік университеттермен меморандум жасап, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен студенттердің білім  алуына жағдай жасап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, отандық оқу ордаларымен  өзара  тәжірибе  алмасуына,  білім алушылардың өндірістік іс-тәжірибе жұмыстарына септігін тигізуде.

Бес институт түрлі білім беру бағдарламалары бойынша қызмет атқарады. Жалпы 560 профессорлық-оқытушылық құрамның 22-сі ғылым докторы, 176-сы ғылым кандидаты, 37-сі философия докторы (PhD).

Білім алушылардың ағылшын тілін жетік меңгеріп шығуы үшін әлемдік тіл мамандарымен байланыс орнатылған. Көптілділік – қазақ мәдениетін әлемге танытудағы атқарушы күш.

Пандемия кезінде ғалымдар қажет көмегін көрсетіп, білімін ортаға салып, бәсекеге қабілетті маман екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, түрлі ғылыми-техникалық жобалар ұсынып, жоба иегерлері атанып, іске асырып келеді. Оқу ордасының сапалық көрсеткіші қай жағынан алып қарасақ та, нақтылығымен ерекшеленеді. Бұл – оқу ордасының тұрақты дамуға күш салғанының дәлелі.

Университет  базасында құрылған түрлі тәрбиелік және танымдық бағыттағы ұйымдар да өз жетістіктерімен алда келеді. Бұл ұйымдар білім алушы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға және белсенді болуға шақырады.

Біз 85 жылдық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарихи толқынының  бір бөлшегі болғанымыз үшін мақтанамыз. Себебі, болашағымызға керек мамандарды даярлап, оларға бағыт-бағдар беру арқылы осы оқу орнында тәжірибелі маман болдық. Танымы ортақ орта тауып әрі тағылымы биік ұстаздармен бір арнада тоғысып, бәсекеге қабілетті маман даярлауда  бірегей  болудың  жолын ұстап келеміз.

«Білегіңе сенбе, біліміңе сен» дейтін әлеуметтік-экономикалық даму кезеңінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бағытына нақтылық, болашағында туралық пен тұрақтылықтың  болуын  тілейміз.

Бибінұр Әбжекенова,

Ербол Бекіш,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

«Практикалық ағылшын тілі» кафедрасының оқытушылары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<