Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында облыстық білім басқармасының жаңа басшысы таныстырылды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімдері және облыс әкімінің өкіміне сәйкес Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы лауазымына Есжанов Асқарбек Темірбекұлы тағайындалды.
Облыс әкімі жаңа басшыны құттықтап, алдағы міндеттерін атап өтті.
«Мемлекет басшысының Жолдауларынан білім саласына қатысты туындайтын міндеттер мен «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында белгіленген индикаторларға мерзімінде әрі сапалы қол жеткізу қажет. Баршаңызға белгілі, білім саласына жұмсалған қаржы – ертеңгі күнге салынған ең құнды инвестиция. Осы ретте Асқарбек Темірбекұлына бөлінген қаржының әрбір тиынының тиімді жұмсалуына қатаң бақылау орнатуды тапсырамын.
Асқарбек Темірбекұлы барлығыңызға жақсы таныс. Мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, білім-білігі жоғары, әлеуеті зор кадр. Түрлі салаларда жинаған мол тәжірибесімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ел дамуы жолында аянбай еңбек ететін мықты маман, тегеурінді басшы ретінде өзін көрсете білді. Бұған дейін де осы салада еңбек етіп, мол тәжірибе жинаған маман ретінде сізге күрделі де жауапты жұмыста жоғары нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізеді деп сенім білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Актив отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Асқарбек Есжановқа жаңа қызметінде сәттілік тіледі.
Асқарбек Темірбекұлы 1978 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1999 жылы Қызылорда экология және құқық колледжінің оқытушысы болып бастаған. Әр жылдары облыстық мәдениет басқармасында, облыстық білім департаменті мен соттар әкімшісінде түрлі жауапты лауазымдарда қызмет атқарған.
2007-2010 жылдары Қызылорда қалалық білім беру бөлімі бастығының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмыстары бөлімінің бастығы болған. 2010-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымдарында қызмет атқарған. 2015-2020 жылдары Қызылорда қалалық білім бөлімінің, Қызылорда қалалық мәслихат аппаратының, Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметтерінде жемісті еңбек етті. 2020-2022 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы ретінде нәтижелі жұмыс көрсетті.
2022 жылдың сәуір айынан бастап Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<