Қызылордада 6 мыңнан астам түлек аттестат алды

1821

0

Аймағымызда 6000-нан астам түлек алтын ұя – мектебінен түлеп ұшып, арман жолына қанат қаққалы тұр. Қазіргі қалыптасып отырған карантиндік ережелерге сәйкес 11 сынып бітірушілері үшін «Соңғы қоңырау» салтанаты 3-4 маусым күндері аталып өтуде. Мерекелік шарада бітіруші түлектердің 548-і «Алтын белгі», ал 363-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Жалпы өңір түлектерін облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова құттықтап, алдағы жауапты сында сәттілік тіледі.

Алдын-ала белгілі болғандай, 6 059 бітіруші түлектің 5 216-сы ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Ал ҰБТ жылдағыдай 20 маусым – 5 шілде аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Айта кетуіміз керек, биылғы жылдың бір ерекшелігі – ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың бұйрығымен ҰБТ кезінде тест тапсырушыларға калькулятор пайдалануға рұқсат берілетіні және тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін ұзартылғаны белгілі. Бұл жаңалық талапкерлер мен ата-аналарға қуаныш сыйлағанын да айтып өткеніміз жөн болар. Сондай-ақ, сынақ тапсыру кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу нәтижесі жойылатыны да ескертілді.

Ал аудандарда өткен мерекелік салтанатта түлектерді аудан әкімдері құттықтап, аттестаттар мен марапаттаулар тапсырды.

Айта кетейік, мерекелік шаралар санитарлық сақтық шараларын сақтай отырып, белгіленген уақыт шеңберінде аталып өтті. Сонымен қатар, мұғалімдерге, ата-аналарға мектеп бітірушілердің кортежбен серуендеуіне, кафе-мейрамханаларда тойлауына немесе табиғат аясында  атап өтуге тыйым салынатыны тағы бір ескертілді.

                                                                                             Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<