Қызылордалық оқушылар – үздіктер қатарында

9

0

Астанада ауыл мектептері оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Олимпиаданың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен 432 оқушы қатысты. Байқау нәтижесінде 193 қатысушы жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты Абай атындағы 138 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Хиват Қожахат қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІ орын иемденді. Осы мектептің 11 сынып оқушысы Гүлсім Амангелді құқық негіздері пәнінен ІІІ орын алды.

Дәстүрлі білім бәсекесінде №144 орта мектептің оқушылары да бақ сынап, үздік нәтиже көрсеткен оқушылардың қатарынан табылды.

Аймақ намысын қорғап, барын салған оқушыларды бүгін мектеп ұжымы зор қуанышпен қарсы алды.

Қазақстан тарихы пәні бойынша 10-сынып оқушысы Нұрислам Құрманаев жүлделі ІІ орын иеленіп мектеп мерейін өсірді. Нұрисламды олимпиадаға дайындаған тарих пәнінің мұғалімі Ұлболсын Палымбетова. Сондай-ақ қазақстан тарихы пәні бойынша қатысқан тағы бір 10-сынып оқушысы Назым Бекзадаева алғыс хатпен марапатталды. пән мұғалімі әрі сынып жетекшісі Маржан Задаева.

Республикалық олимпиада ауыл мектептері оқушыларының зияткерлік әлеуетін арттыруға, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Осындай жетістіктер ұстаздар еңбегі мен оқушылардың табанды ізденісінің айқын нәтижесі.