Сәуле Нұрманова: «Гаджетпен бірге туған «цифрлы балалармен» жұмыс істейміз»

3846

0

Ілгеріде бір адам данышпаннан: «Дүниеде кім бақытты?» деп сұраған көрінеді. Ол ойланбастан: «Дүниеде көп адамды бақытқа бөлей білген адам бақытты» деп жауап берген екен. Шиелі ауданындағы М.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейде 30 жылдай тер төгіп, жүздеген шәкірт қолына бақыт кілтін ұстатқан Сәуле Нұрманова бақытты жан десек, жарасып кетері анық. Тумысынан жаратылысы бөлек, бекзат та биязы, сезімтал да сергек ұстаз тәрбиелі тәлімімен, ғибратты білімімен, өрелі өнегесімен ұрпақ тәрбиесіне, ұлт келешегіне көңіл бөліп келеді. Біз де Шиеліге барған сапарымызда Сәуле апаймен сәулелі сұхбат құрған болатынбыз.

Сәуле Нұрманова: «Гаджетпен бірге туған «цифрлы балалармен» жұмыс істейміз»

– Жеткен жетістігіңіз бен еңбек жолыңыз жастарға үлгі. Сәуле апай, ең әуелі, оқырманға өзіңіз жайлы айтып берсеңіз…

– Мектеп қабырғасында жүріп-ақ барлық адамзатты білім биігіне шыңдайтын ұстаздық жолда еңбек етуді армандадым. Оған Шиелі ауданы Ортақшыл ауылындағы №150 орта мектепте химия пәнінен білім берген аяулы ұстазым, марқұм Кенже Парманқұлова апайымның мәдениеті, талапшылдығы, пәнге қызықтырып, талабыңды ұштайтыны себеп болды.

1993 жылы Қызылорда педагогика институтын химия және биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, 1993 жылдан М.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейде еңбек жолымды бастадым. Мектеп директорының тәрбие ісі, бастауыш сыныптардағы оқу ісі, бейінді оқу ісі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2020 жылдан бері мектеп-лицей директоры қызметін атқарып келемін. Мектепті 1978-2002 жылдар аралығында басқарған Сәулебай Аймаханов, 2002-2019 жылдары басқарған Сәлима Апбасова ұстаздарымның ізімен өзіндік дәстүрі, мәдениеті қалыптасқан білім ордасында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, оны өркендетуге өз үлесімді қосу парызым деп есептеймін.

Еңбек жолымда түрлі кәсіби байқауларға, республикалық, халықаралық деңгейдегі форум, конференцияларға қатысып, бірнеше әдістемелік жинақ, авторлық бағдарламалар жасадым. Аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының, ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы, Қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрмет грамотасы, ҚР Оқу-ағарту министрінің «Орта білім беру ісінің үздігі» дипломымен, химияға сіңірген еңбегім үшін «Менделеев медалімен» марапатталдым.

Сәуле Нұрманова: «Гаджетпен бірге туған «цифрлы балалармен» жұмыс істейміз»

– «Ұстаз – ұлттың көркем келбеті» деп жатамыз. Айтыңызшы, жаңа замандағы ұстаз бейнесі қандай болуы керек?

– Мектеп – ол білімнің ордасы, балалар мекені. Білім биігіне шәкіртті жетелеу – әр ұстаздың міндеті.

ХХI ғасыр – ақпарат дәуірі, сонымен қатар ғылым мен технологияның, білім мен өнер саласының жыл сайын өзгеріп жатқанын байқасақ, қоғамда өмір сүріп жатқан кез келген тұлға даму үдерісінде болуы керектігін білеміз. Қазіргі ұстаз заман үдерісіне сай ақпараттық технологияларды жылдам меңгерген, әлемдік деңгейдегі білім сұраныстарына сәйкес ойлай алатын, өзі білген, ұғынған жаңалықтарын үдеріске енгізе отырып, алдындағы білім алушыларды сусындата алатын және сол білімді өмірде қолдануға үйрететін, баланың бойындағы түрлі дағдыларды дамытатын әмбебап тұлға болуы керек.

Қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаев: «Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр, сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» деген. Сондықтан адам өмір бойы ізденіп, үйреніп, заман үдерісіне сай білімді жаңартып жүруі керек. Әрине, жаңа заманның осындай ұстаздары әр білім беру ұйымында бар және еңбек етіп жүр.

– Уильям Шекспир: «Аулада отырып-ақ әлемді мойындатуға болады», – деген. Ауданда жүріп жасаған, республика мойындайтындай қандай жаңалық бар?

– Шынында, Шекспирдің бұл сөзі дәл осы заманға арналған секілді. Себебі бір минутқа кешікпейтін ақпараттардың арқасында адамның миына сан мыңдаған қызықты идеялар келіп жатады. Сол идеялардың біздің болашақ ұрпақтарымызға қажеттілігі бар ма, жоқ па, соны анықтап, іске асыруға ұмтылсақ, дұрыс деп ойлаймын. Өйткені идеяны іске асыру үшін мақсат керек, мақсаты бар адам соған жеткісі келеді, ол үшін еңбектену керек, еңбектену үшін білім қажет, білімді болу үшін іздену керек, іздену үшін түрлі дағдыларын дамыту керек, міне, осылай бір мақсаттың өзі адамды жан-жақты дамытады.

Республиканы мойындатып, талай биіктерге жеттік дегеніміз артық болар, себебі облысымызда, шын мәнінде, білімді тереңінен беріп, республикалық, халықаралық деңгейде биіктерге жеткен талай білім ұйымдары бар. Сондықтан әлі де үздіксіз даму бағытында жұмыс жүргізуіміз керек. Дегенмен, мектебіміз өзінің алға қойған миссиясына сәйкес жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдетіп оқытатын, теориялық білімді өмірде қолдана алатын функционалды сауатты ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп қойған. Осы мақсатқа жету жолында 2020 жылдан бері мектеп жанынан жаратылыстану пәндерінің ашық зертханасы ашылды. Бұл – «Жасыл мектеп» жобасы аясында бірнеше бағыттарды қамтитын кешен. Мұнда балалар ашық аспан астында топырақ үлгілерін, түрін, географиялық ерекшелігін зерттесе, топырақ ылғалдылығын, балама энергия көздерін тиімді қолдану шарттарын, суаруды автоматтандыру, жарықты үнемдеу секілді физика-информатикадан білімін кеңейтуді үйренеді. Биология пәні бойынша өсімдіктерді гидропоникада өсірудің субстратты, субстратсыз тәсілдерін, микрогрин өсіру және өнімдерін алу, топырақтан биогумус дайындау түрлерін меңгерсе, ал химия пәні арқылы табиғи тыңайтқыш түрлері, табиғи индикаторлар алу, қалдықтарды өңдеу технологияларын қолға алуда. Академиялық білімді өмірде қалай қолдануға болатынын білген әрбір оқушы ғылымға да, білімге де құштар болары анық.

Осындай ізденістердің нәтижесінде ұстаздар да, білім алушылар да облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда үздіктер қатарынан табылды. Мысалы, 2021 жылы республикалық пән олимпиадасы қорытындысымен «Үздік 100 мектеп» рейтингіне енсек, республикалық «Абайтану» олимпиадасында, «Pro-eco» ғылыми сайысында, халықаралық Ө.Жолдасбеков атындағы ғылыми конкурста, әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиадада оқушыларымыз топ жарды. Сондай-ақ, ұстаздарымыз облыстық «Үздік тренер», «Үздік үйлестіруші», «Табысты менеджер», «Үздік сынып жетекші», «Үздік оқу орынбасары» секілді кәсіби байқаулардан жүлдемен оралса, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік психолог» байқауларында жеңімпаз атанды. Жыл қорытындысы бойынша облыстық «Ынтымағы жарасқан ұжым – 2018», «Үздік шығармашыл ұжым – 2019», «Үздік жетекші мектеп – 2020», «Үздік әлеуметтік серіктес – 2021», «Озық инновациялар мен технологиялар ордасы – 2022» номинацияларымен марапатталды.

– Бала тәрбиесі – өте жауапты әрі жан-жақты жұмыс. Оқушылардың тұлға болып қалыптасуы үшін ұстаздар нендей шаралар атқаруда?

– Бұрынғы өткен ата-бабалар, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, болашағы деп білген. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Абай атамыз: «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген. Ата-ана тәрбиесі баланың бойына туғаннан жақсы өнегемен сіңуі қажет. Одан кейін есін біле келе айналадағы бірге жүрген достарынан дұрыс ортасы қалыптасып, мектеп жасына келгенде барып, ұстаздан тәрбие алады. Ал оған дейін қисайып өскен бұтадай дұрыс тәрбие отбасында берілмесе, оны түзету ұстазға да оңай емес.

Осыған көп жағдайда біржақты қараймыз. Бала дұрыс тәрбие алмаса да, білім алмаса да, ұстаздан көретіндер жетерлік. «Ұлды ұлша тәрбиелесең, ұл болады, құлша тәрбиелесең, құл болады» деген сөз бар. Сондай-ақ, ата-бабаларымыз қызды барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты болуын үнемі қадағалап отырған. Адамның қалыптасуына ата-ана, тәрбиеші, ұстаздарынан да көп әсер ететін әлеуметтік, ақпараттық орта. Қазір ақпарат көзі өте көп және қолжетімді, оны дұрыс түсініп, қажетін ғана алмаса, дәл қазіргідей ашық заманда біз ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алуымыз мүмкін. Сол себепті, ұрпақ тәрбиесі – бүкіл қоғам болып айналысатын мәселе. Әрине, білім беру ұйымдары мектеп табалдырығын аттағаннан бастап түлеп ұшқанша құндылықтарды бойына сіңірумен айналысады. Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітілген түрлі жобалар «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп театры», «Ұшқыр ой» дебат клубы, «Мектеп парламенті», «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдары, мектепішілік ұлдар, қыздар ұйымы, түрлі салауаттылық, өнер, пән үйірмелері, қосымша білім беру ұйымдарымен байланысқан түрлі шаралар, биылғы оқу жылы бастау алған «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы секілді бала тәрбиесіне аса үлкен мән берілетін жұмыстар легі өте көп.

Өз мектебімізде ғимараттағы бос орындар балалардың бос уақытын тиімді қолдануға арналған орталықтармен жабдықталған. Мысалы, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған ата-бабаларымыз қолданған түрлі жәдігерлері бар ашық музей, балалардың таным дағдысын шыңдауға бағытталған психологиялық орталық, математикалық сауатын арттыратын логикалық орталық, кітап оқуға қызығушылығын арттыратын COWORKING орталығы, салауаттылыққа баулитын асық, шахмат алаңдары бар. Сонымен қатар «Cinema day»  – деректі фильмдер көре отырып, оның тәрбиелік мәнін талдау, балаларға көрген ақпардан дұрыс үлгі алу бағытында жүргізілген жоба. Қазір қазақ тілі, тарих, орыс тілі сабақтары ақын-жазушылардың өмірі немесе тарихи оқиғалар жайлы кинофильмдерді көрсете отырып жүргізіліп келеді. Осы жұмыстардың барлығы ұстаздардың әр баланың тұлға болып қалыптасуы үшін жасап жатқан еңбегі деп есептеймін.

– Білім саласы тәжірибе алаңына айналып кеткендей. Әр министр өз идеясын жүзеге асырып бағады. Жаңа талаптар қосылып жатыр. Солардың аражігін ашып, артықшылығы мен кемшілігін айтып өтсеңіз.

– Қасым Аманжоловтың: «Мектеп – кеме, білім – теңіз», – деген сөзіне сүйенсек, заманымыздың толқынды теңізінде кемені алға жылжытып, қызығынан қиындығы басым ұрпақ тәрбиелеу, бәсекеге қабілетті білім беру жолындағы игі істі дамыту – үлкен жауапкершілік. Теңіздің толқынымен кеменің бір орнында тұрмайтынын ескерсек, әрине, білімге реформа қажет. Себебі ғылым мен технология өте қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде біз ерекше дарынды, ерекше философия мен дүниетанымға ие, қолына гаджет ұстап туған «цифрлы балалармен» жұмыс істейміз. Ұраны: «Мені тыңда, түсін, менімен сөйлес, мені бағала». Әрине, мұндай дүниетанымдағы балаларға бор мен тақта, қағаз бен қалам, құр сөз бен есеп қызық емес. Оларды цифрлық дағдыларынан да жоғары ақпаратпен қызықтыру керек, қалай болғанда да, дұрыс тәрбие мен қажетті білім берілу керек. Сол үшін қарқынды даму үстіндегі заманда реформалар да көбейіп жатыр.

Реформалардың тиімді немесе тиімсіз болғанын анықтау уақыт еншісінде. Өйткені білім мен тәрбие нәтижесі бір күнде немесе бір жылда көрінбейді. Академиялық біліммен бірге оқушыларға өмірлік маңызы зор дағдыларды игертуге бағытталған «Жаһандық құзыреттіліктер» таңдау курсы, балаларды еңбекке дайындау үшін ерте кәсіптік бағдарлауға баса назар аударылып, «Кәсіпкерлік және бизнес» курсы енді. Сондай-ақ, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған ауыл балаларына арналған пән олимпиадалары ұйымдастырылуда. Бұл – болашақ ғалымдарды шабыттандыратын, ғылыммен еркін айналысатын жастар тобын қалыптастыратын ең ауқымды бағдарламалық сайыс.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен біліктілікті арттыру курстары енді педагогтер үшін 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізілетін болды. Педагог мәртебесін көтеру бағытында түрлі қолдаулар, еңбекақыны көбейту, марапаттау, байқаулар, жобалар – мұның бәрі білімді дамыту шаралары.

Дегенмен бізге реформадан гөрі дұрыс мониторинг жүргізілу қажет. Мектептердің материалдық базасы, педагогтердің кәсіби әлеуеті, білім алушылардың қызығушылығы қаншалықты дайын болғаны кез келген өзгерісті енгізу үшін маңызды.

– Бір ұстаз «Балаға тамақ береміз бе, сабақ береміз бе?» деген еді. Тұтас бастауышты ауқаттандыру қалай жүріп жатыр?

– Бала денсаулығын, оның дене және ақыл-ой дамуын анықтайтын бағыттардың бірі – сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру. Қазір елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық мектептерде 1-4 сынып оқушылары толығымен және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары ыстық тамақпен қамтылуда, оның ішінде біздің мектеп-лицейде 532 оқушы ыстық тамақ ішеді.

Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тамақтану стандарттарына сәйкес мектеп оқушыларына жас ерекшелігіне қарай тағамдар беріледі. Балалардың тамақтану рационының күнделікті, перспективалық ас мәзіріне сәйкестігін комиссия тексереді, аспаздық өнімдердің, дайын тағамдардың сапасына күнделікті органолептикалық бағалау жүргізіледі.

Мектеп ғимараты типтік жобада салынған және арнайы 250 орындық асхана бар. Ыстық тамақ беру – өте күрделі мәселе десек болады. Себебі әр баланың ағзасы, денсаулық жағдайы, тамақтану дағдысы әртүрлі. Оның үстіне, шынында, балалардың дұрыс тамақтануын бақылауда, әсіресе, бастауыш сыныптарда мұғалімнің көмегі қажет-ақ. Мұндай жұмыстар мұғалімдердің сабақ беру процесіне кедергі келтіруі де мүмкін. Сондықтан ыстық тамақпен қамтамасыз етуді әлі де жүйелендіру қажет.

– Ротацияға көзқарасыңыз қандай?

– Білім беру жүйесіндегі тиімді өзгерістерді қамтамасыз ету, басшылардың үздік тәжірибелерін тарату кәсіби әлеуетінің траекториясын кеңейту үшін ротация қажет деп ойлаймын.

Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектеп басшылары аттестаттаудан өтіп, біліктілік санаттарын көтере алады. Ротациялау ережесінде мектеп басшысы өзінің көшбасшылық қабілеттеріне сәйкес стратегиялық даму жоспарларын орындау мақсатында 7 жылға дейін бір білім беру ұйымында еңбек ете алады, бұл әр басшының жаңа бастамаларын іске асыруға жеткілікті уақыт. Сондықтан ротациялау көшбасшылық әлеуетті дамытуға жаңа серпіліс береді деп ойлаймын.

– Білім беру саласында ер азаматтар аз. Жігіттердің мұғалім болғаны дұрыс па? Ал әйел ұстаздар үй мен жұмыс арасында уақытын қалай үйлестіреді? Тым көп жұмыс отбасылық мәселелер тудырмай ма?

– Ер мұғалімдердің жетіспеуі 60-70-жылдары Түркия мемлекетінде де байқалған екен. Түріктің қоғам белсенділері: «Ер ұстаздардың аздығынан ер балаларымыз ұсақталып кетті. Ал қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырды» деп мәселе көтереді. Сол кезде арнайы бағдарлама қабылданып, ерлерді мектепке тарту алдыңғы кезекке қойылып, екі-үш жыл ішінде теңсіздік реттелген екен. Сол секілді, бұл мәселе бар екені рас. Дегенмен кейінгі жылдары «Педагог мәртебесі» заңы күшіне еніп, жалақы көбейіп, ұстаздар мәртебесі жоғарылаған соң мектепке келіп жатқан ер мұғалімдер аз емес. Мысалы, математика, физика, химия пәндері бойынша жоғары білімді жас мамандар легі көбейіп келеді. Бірақ ол ұстаздардың 20-30 пайызын ғана құрайды. Ер азаматтар ұрпақ тәрбиесімен айналысатын білім саласында көп болуы керек.

Қазақтың қыздары қашан да барлық жұмысқа үлгерген, үлгере де береді, өйткені олардың бала тәрбиесіндегі орны бөлек. Қазір қай маман иесінің жұмысына көз салсақ та, ешқайсысы оңай емес. Жүрек қалауымен жасалған еңбектен адам шаршамайды.

– Сұхбатыңызға рахмет. Білім биігінен көріне беріңіздер!

Әңгімелескен

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Шиелі-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<