Бүгінде мыңдаған қазақстандық жас шетелден білім алып келуде. Білім саласындағы мұндай барыс-келіс білікті маман даярлау ісіне айтарлықтай септесетіні анық. Ал, мұның барлығы – мемлекеттің білім саласына айрықша назар аударып, жастардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауының жемісі.
Өздеріңізге белгілі, қазір көрші мемлекеттің біліміне басымдық берген Сыр жастарының қатары толықты. Дінмұхаммед Ақпан да солардың қатарында. М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінде оқиды. Физика және математика саласында халықаралық дәрежеде жас ғалым атанған жерлесіміздің жеткен жетістігі көп. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ, түрлі интеллектуалды сайыстарда шыңдалды, химия пәні бойынша өткен халықаралық олимпиадада I орын, Корея Республикасында өткен халықаралық «Жас ғалым» ғылыми жобасының II орын иегері болды. Ой-өрісі өзгеше, ізденісімен ерекше жас шетте оқудың артықшылығы байқалғанын, қазір бар білгенін, ойға түйгенін ертең елде іске асыруға асық екенін айтады.
– Адам – өз өмірінің қожасы. Бірақ, болашағын болжай алмайды, тек жоспарлаумен шектеледі. Мен де бала кезімнен мектепті үздік тәмамдап, өзім қалаған мамандыққа тапсыруды ойладым. Оқушы кезден-ақ маңдайалды университетке оқуға түсуге талпындым. «Қолымнан келмесе… » деген ой болды. Бірақ, арман, еңбек пен сенім мені алға жетеледі. Нәтижесінде қорқыныш билеген түсініксіз сезім артта қалды. Қазір өзім қалаған университетте білім алудамын. Мәскеудің, Санкт-Петербургтің рейтингі жоғары университеттерінде білімін шыңдап, мамандығын жоғары технология мен үздік әдістемелер арқылы терең меңгеріп жүрген қатарластарым да көп. Олардың барлығы осындай мүмкіндікті ұсынып отырған ел ағаларының үмітін ақтағысы келеді, – дейді Дінмұхаммед.
Ғылым көкжиегін кеңейтіп, жаңалық ашуға деген ұмтылысы жоғары кейіпкеріміздің хоббиі де ерек. Ол әрдайым ізденуге, оқуға, сол арқылы жаңаны меңгеруге тырысады.
– Бос уақытымда кітап оқимын. Пауло Коэльоның «Алхимик» кітабы ұнайды. Одан кейін өзіме ерекше әсер еткен Скотт Фицджеральдтің «Великий Гэтсби» туындысы. Сонымен қатар Пушкиннің әлемді мойындатқан «Евгений Онегин» шығармасын бірнеше мәрте қайталап оқыдым. Мен бұл кітаптарды асықпай, сезініп оқығанды ұнатамын. Математикалық анализ турасында жазған Г.Фихтенгольц, А.Дадаян, В.Дударенко кітаптарын да парақтап шықтым. Ал, қазақ шығармаларынан ұлы ойшыл Абайдың, М.Мақатаевтың, М.Шахановтың поэзиясы ұнайды, – дейді кейіпкеріміз.
Қасым Аманжоловтың «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ. Жүзіңе көп қараймын мен таңырқап» деген жалынды жырын бүгінгі жастарға қарата айтуға болады. Шынында, қазір оларға жол ашық. Сапалы білім алып, кәсіби маман атануға кедергі жоқ. Сондықтан болар, үздіктер арасынан табылып, жетістікке жету жолында аянып қалмайтын Дінмұхаммед секілді жастардың да қатары қалың.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<