Сертификат саудасы: Білім мен біліктілік қалай бағаланады?

999

0

Қазіргі нарық заманында, жасыратыны жоқ,  әуелгі орында ақша тұрады. Оны әркім әрқалай жолмен табады. Әсіресе, орта білім беру саласында да ақша табудың амалын іздегендер қатары көбейді. Ол қалай дейсіздер ғой?

Педагогтерден құралған арнайы мекемелер ұстаздарға төсбелгілер мен сертификаттар береді. Тек мұғалімнің санаты мен еңбек өтілі жетсе болғаны. Кейбірінің арнайы журналдары бар. Оған жазылып, материалдарын ұсынып отырады. Бірақ марапат тегін берілмейді. Өз қалталарынан қаржы шығарып, талаптарын орындауы керек. Сол кезде ғана түрлі номинация мен төсбелгі иегері боласыз да шығасыз.

«Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Ұлы дала ұстазы», «Алаш ұстазы» және басқа қаптаған медаль, алғыс хат сияқты марапаттар да  бар. «Ұлт ұстазы» деп Ахмет Байтұрсыновты айтушы едік, қазір ақшаңыз жетіп тұрса, сіз де осы атаққа ие бола аласыз.

Жалпы алғыс хат, төсбелгі, сертификаттар мен медальдар мұғалімдердің категория алуына әсерін тигізеді. Қаптаған мұндай орталықтардың атынан шатасасың. Берген сертификаттары мен орталықтың атаулары да әжептәуір, кейбірінің атынан ат үркитіндей.

Өкінішке қарай, саудадағы сертификат оқушыларды да айналып өтпеді. Қазір оқушылар арасындағы байқаулардың бірсыпырасы ақылы. Қандай да бір сайысқа қатысқыңыз келсе, бұрынғыдай жол жүріп шаршамайсыз. Себебі, олардың көпшілігі электронды түрде жүргізіліп келеді. Алдымен ақысын төлеп, қатысатын оқушы жайлы және байқауға қатысты мәліметтерді дайындап, пошта арқылы жіберсе, жетіп жатыр. Нәтижесінде жүлделі орын алмаған жағдайдың өзінде, әйтеуір бір номинациямен марапатталады. Ал жүлделі орындардың бірі қажет болса, қосымша ақы төлетеді. Бұл ретте, бір тапсырыс көлемінде бірден  5 немесе одан көп оқушы дайындаған пән мұғалімдері де алғыс хатсыз қалмайды. Байқау ақылы болғандықтан, ынтаңыз зор болса да, қалтаңыз көтермесе қатыса алмайсыз.  Ең ұнамсыз тұсы – ақша жүрген жерде орындар да саудаға түсетіні анық. Бір таңғаларлығы, бүгінгі күні мұндай  жарыстарға деген оқушылардың ынтасы басым. Бірақ айналып келгенде, барлық салмақ ата-анаға келіп түседі. Қарызданып-қауғаланса да, баласының жұрттан қалмай қатысқанын жақсы көріп, соңғы тиынына дейін беретіні – бәріне шындық. Баласының қалауын орындағанды қай ата-ана жек көрсін?!

Бұл жайында бұрын да айтылған…

Иә, бұрын министр болып тұрған кезінде Асхат Аймағамбетов білім саласындағы жалған әрі ақылы олимпиадалар мен конкурстардың марапаттарына шектеу қою керектігін министрліктің аппарат отырысында баса айтқан болатын.

− Осы мәселе бойынша түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Сатып алатын марапат – марапат емес. Біз әрине, кейбір жағдайда әртүрлі қоғамдық марапаттар болатынын түсінеміз. Бірақ олар ақылы болмауы керек. Егер қоғамдық марапат ақылы болса, оның еш қасиеті, құндылығы жоқ. Кейбір әріптестеріміз түсінбей, осындай әрекеттерге барып жатқандар бар. Өйткені, бұл мәселені көтермесек болмайды. Мектептерде әртүрлі ақылы конкурстар мен олимпиадалар болмауы керек. Ол түсінікті шығар. Біз тегін конкурстардың санын көбейтеміз, − деген еді А. Аймағамбетов. Содан бері бірнеше жыл өтті. Байқаулар әлі де жалғасуда, дизайны да, аты да ресми бекітілген марапаттарға әбден жақындатылған әртүрлі ақылы сертификаттардың саны артпаса азаймады.

Десе де жуырда Оқу-ағарту министрлігі ресми аккаунтында мұғалімдерді марапаттауға қатысты маңызды мәлімдеме жариялады. Министрлік білім беру саласының педагогтері мен қызметкерлерін көтермелеу жүйесіне «Оқу-ағарту министрінің Алғысы», «Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үздігі», «Орта білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім берудің үздігі», «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі»,  «Оқу-ағарту министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері»  құрметті дипломдары, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері»  төсбелгілері мен «Мейірім – әлемге махаббат», «Еңбек ардагері» медальдары кіретінін айтты.

− Көтермелеуге кандидаттардың құжаттары салалық көтермелеу жүйесінің 6-қосымшасына, жұмыс көрсеткіштеріне сәйкес қаралады: жұмыс тәжірибесі, біліктілігі, педагог пен оның оқушыларының жетістіктері және т.б. марапаттау балдарды есептеу негізінде жүзеге асырылады. Материалдарды қарау нәтижелері бойынша министрлік комиссиясы ашық дауыс беру арқылы шешім қабылдайды. Әрбір көтермелеудің сәйкестендіру нөмірі болады. ҚР Оқу-ағарту министрінің мөрімен және қолымен бекітіледі. Осылайша, көтермелеудің өзге түрлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларына жатпайды, − делінген хабарламада.

Бұл дегеніңіз, өзге марапаттардың ендігі жерде салмағы жоқ екенін көрсетеді.

Марапат мұғалімді табуы керек

 Қазіргі күні елімізде ақылы байқауларды ұйымдастырып жүрген орталықтардың бірі − «MediaBilim» және республикалық «Өрлеу» педагогикалық шеберлікті дамыту орталығы. Бұл орталықтармен байланысқа шығып, сұрастырып көрдік. Сертификат жөнінде ақпарат берсе де, төсбелгінің тек 15000 теңгеден басталатынын ғана айтты. Орталықтардың өткізуімен болатын әдеби-шығармашылық байқаулар әрбір атаулы күндерге қарсы өткізіледі. Мәселен, «Үш бәйтерек», «Мұқағали – мұзбалақ ақын», «Абай оқулары» сияқты тақырыптары жер жарады. Қатысушылар міндетті түрде диплом алады. Ал жетекшілері 5 қатысушыдан жоғары қатыстыратын болса, «Үздік педагог», «Үздік тәрбиеші», «М.Жұмабаев – 130 жыл» төсбелгісімен марапатталады. Егер де қатысушының видеосы әлеуметтік желіде көп қаралым жинайтын болса, «Жас дарын» атағын алады. Сондай-ақ жоғарыда аталған орталықтың әлеуметтік желісіне 10 адам тіркетсеңіз, «Құрмет грамотасын» иеленіп шыға келесіз.

Бір қызығы, күмәнді ақылы конкурстарға қатысу нәтижесінде алынған наградалар мен дипломдар педагогтерді аттестаттаудан өткізу кезінде ескерілмейтіні осы уақытқа дейін де айтылды. Тіпті 2019 жылдан бастап мұндай құжаттар автоматты түрде жетістіктер қатарынан алынып қалды. Себебі, лицензиясы бар ұйымдар берсе де, ол қағаздың заңды күші жоқ. Соның өзінде ұстаздардың ақылы дүниеге қызығушылығы жоғары.

− ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мұғалімдерді аттестациядан өткізу ережелері дайындалып жатыр. Әлі толық бекітілмеді. Дегенмен мұғалім марапаттың артынан жүгірмеуі керек, керісінше марапат мұғалімді іздеуі тиіс. Бізде өкінішке қарай көрсеткішке жетсін-жетпесін ондай дүниелер портфолиомызда толып тұрады. Ендігі жерде үздік нәтиже көрсеткен ұстаздарға ғана баға беретін боламыз. Ал жеке байқауларды жеке кәсіпкерлер ұйымдастырады. Оларға заңмен ешқандай тыйым салынбаған. Әрине, ол ата-ананың қалтасына ауыр тиюі мүмкін. Бірақ екінші жағын да ұмытпауымыз керек. Өйткені мұндай конкурстар баланың ашылуына, дамуына себеп болады. Қазіргі күні білім беру ұйымдарына түсіндірме жұмыстарын жасап жатырмыз. Жылтыр дүниеден мейлінше аулақ болуға, жалған атаққа әуес болмауға… Қайдан не алсаңыз да, ол жоғары көрсеткіш болмайды. Мұғалімнің басты көрсеткіші – шәкіртінің жетістігі, − деді облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Осы ретте әңгімемізге тұздық ретінде мектеп директоры және мұғаліммен сөйлескен болатынбыз. Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицей директоры Зейнұр Жаманқұлов заңда көрсетілген байқауларға қатысқаннан абзалы жоқ екенін тілге тиек етті.

– Білім орталықтарынан қатынас қағазы келеді. Барлығына бірдей қатысуға міндетті емес. Біздің тараптан ешқандай мәжбүрлік жоқ. Мұғалімдердің де, оқушылардың да өз еркі. Жеке басым ақылы түрде болатын байқауларға қарсымын. Себебі, мұндай білім бәйгесінің қорытындысы бойынша бірнеше бірінші және  екінші орындардың берілгенін көргенмін. Бұл дұрыс емес, бірі өзі еңбектеніп алса, енді бір оқушы ата-ана көмегімен жетеді.

Соған сәйкес өзіме келген қоғамдық қорларды көбіне саралаймын. Қазіргі уақытта өзіңіз айтқандай, сертификат пен медальға бай орталық көп. Олардан алғанды өзіңіз бен сатқан адам ғана біледі. Егер өзгелер сенің еңбегіңнің еленгенін көрмесе, ұжымыңыз куә болмаса, оның қажеті қанша? Одан ұстаздың мәртебесі көтерілмейді. Ондай дүниеге маңдай теріңмен, қажырлы еңбегіңмен жету керек. Сондай-ақ ҚР  «Білім туралы» Заңының №514 бұйрығында көрсетілген тізім бойынша байқауларға қатысқан дұрыс, − дейді ол.

Ал қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (Аты-жөні және қай мектепте жұмыс істейтіні өз сұрауы бойынша жазылмады):

– Түрлі бағыттағы байқау өте көп. Өздері қолдан медаль мен төсбелгі жасайды. Бұл да − табыс табудың бір көзі. Десе де кейбір ақылы байқаулар бар, білім бөлімімен арнайы меморандумға отырады. Одан алынған сертификаттар мұғалім категориясына  пайдалы. Заңды толық білмейтіндіктен болар, көбіне ұстаздар төсбелгі дегенге қызығып қатысады. Айналып келгенде, ол байқаулардың еш  салмағы болмайды, − деді.

Түйін сөз. Иә, түрлі сертификат пен медаль бергіш мекемелер өздерінің алған қаржысын жарнапұлға жатқызады, яғни, мекеменің өзін-өзі қаржыландыруы деп түсіндіреді. Дегенмен, бұл көңілге қонымсыз. Өйткені қашықтан оқыту бойынша ұйымдастырылатын байқаулар 1000 теңгеден басталса, шығармашылық бағыттағы сайыстарға 1000-5000 теңге көлемінде ақы төлейсіз. Ал біліктілігін арттыруға қатысып, тиісті білімді игерген  ұстаздар сертификатты 10000 теңгеге алады. Төсбелгі алғың келсе, 15000-70000 теңгедей қаржың болуы керек екен.

Білім мен біліктілікті пұлдау арқылы өсіп келе жатқан жастардың санасына «білімді сатып алуға болады» деген қасаң пікір қалыптастыратынымыз сөзсіз. Бізді алаңдататын да осы мәселе. Сондықтан қу құлқынның қамы үшін бір күндік өмірді ойлайтын мұндай мекемелерге тоқтам жасайтын уақыт келген секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<