Шешуші кезең және жазғы міндет

1075

0

Санаулы күндерден соң 2023-2024 оқу жылы да өз мәресіне жетіп,  орта білім берудегі негізгі көрсеткіштер айқындалады. Айталық, жыл барысындағы жұмыстар сараланып, ұстаздың еңбегіне, оқушының біліміне баға беріледі. Бұл ретте барлық білім беру ұйымының алдында мемлекеттік емтихан, ҰБТ сынағы сияқты жауапты кезеңдер күтіп тұр. Дәлірек айтсақ, биыл облыстағы 330 мектепті 181 804 оқушы бітіреді. Оның ішінде 11 – сыныпты 8 240 түлек аяқтап, үлкен өмірге қадам басады.Оқу жылын қорытындылауға байланысты арнайы іс-шаралар қабылданып, басқарма тарапынан ішкі ережелер бекітілді. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов кеңінен баяндап берді.

«Үздік олимпиадалық команда»

– Өткен оқу жылы аймақ үшін айтарлықтай жетістіктерге толы болды. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсына 25 оқушы қатысып, оның ішінде 16 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар, жалпы білім беретін пәндер бойынша президенттік, республикалық, олимпиада және ғылыми жоба конкурсының қорытынды кезеңіне 121 оқушы қатысып, 40 оқушы жүлделі орын  еншіледі. Тағы бір жаңалық, алғаш рет өткізілген ауыл мектептері оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіне 53 оқушы қатысып, 26 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде Қызылорда облысы республика көлемінде «Үздік олимпиадалық команда» атанды, –деді А.Есжанов.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл жетістіктердің барлығы – оқу жылы аясындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Атап айтқанда, жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша «Талдысу», «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтары базасында 960 оқушы дайындық курстарынан өткен. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар арасында биыл алғаш рет «Менің қолымнан бәрі де келеді» атты облыстық олимпиада өткізіліп, білімдері сараланды.

Педагог мәртебесін көтеруде жүйелі жұмыс бар

Аймақтың білім беру саласы бойынша педагог мәртебесін жоғарылату және шығармашыл мұғалімдерді қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі де көңіл қуантады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған жыл сайынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсынан 2022 жылы 4 педагог, 2023 жылы 5 педагог жеңімпаз атанып,  әрқайсысы 3 млн теңге көлемінде грант иеленді. Осылайша өңірдегі «Үздік педагогтердің» саны 32-ге жетіп, республика бойынша үздік үштіктің қатарынан көрінді. Ал өткен жылы 5 «Үздік педагогке»  облыстық бюджет есебінен 1 035 000 теңге көлемінде бір реттік сыйақы берілді.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің қолдауымен 2014 жылдан бастау алған «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсының қорытындысымен биыл Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі жеңімпаз  ретінде танылып, облыстық бюджеттен 34 млн теңге грант табысталды. Жалпы облыстық білім басқармасы тарапынан аймақ педагогтерінің мәртебесін жоғарылату бағытындағы жұмыс үздіксіз жүргізіледі.

589 түлек «Алтын белгіге» үміткер

Биылғы оқу жылын 330 мектептегі 181 804 оқушы аяқтайды, оның ішінде 11-сыныпты бітіруші – 8 240 оқушы. «Алтын белгіге» 589 түлек үміткер. Ал 9-сыныпты бітіруші 16 015 оқушының 2014-і «Үздік аттестатын» қорғайды.

Айта кетейік, мемлекеттік емтихандар 9-сынып бітірушілері үшін 2024 жылдың 29 мамыр-10 маусым аралығында, ал 11-сыныпты бітіруші түлектерге 28 мамыр-11 маусым аралығында өтеді.

– Осы ретте, айта кетуіміз қажет, «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығының талаптарына сәйкес 11-сыныпты бітіруші «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың жазбаша емтихандары, яғни, «Қазақ тілі», «Алгебра және анализ бастамалары» пәнінен тапсырылатын емтихандарын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексеретін болады. Бұл – «Алтын белгіні» тек лайықтылар алады деген сөз. Комиссия жұмысы барысында ашықтық пен әділдік қағидаттары қатаң сақталады, – деді басқарма басшысы.

Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, 27-31 мамыр аралығында 5-8 сыныптарда білім алатын 79845 оқушы бірінші рет «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен емтихан тапсырады.

Министрлік тұжырымдамасы бекітілді

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарындағы мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің тұжырымдамасы бекітілді.

Соған сәйкес барлық орта білім беру ұйымында 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» 1-10 сынып бойынша бірыңғай тәрбие сағаты өткізіледі. Тәрбие сағаты мемлекеттік гимнмен басталып, балалардың жыл бойы білім жетістіктері мен қоғамдық белсенділіктері аталып өтеді. Сонымен қатар, Отанға деген құрметін арттыру мақсатында патриоттық тақырыпта шығармалар мен өлеңдер оқу, еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштері жайлы айтылып, қазақ батырлары, тарихи тұлғалары туралы әңгімелеу ұсынылады. Сондай-ақ «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында 9, 11-сынып түлектері эссе жазады. Сынып сағаттарында негізінен патриотизм, Отанды сүю, достық, татулық, ел тарихына, саяси репрессия мен аштық құрбандарының есімдеріне құрмет таныту сынды ақпараттар айтылатын болады.

«Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбындағы 11-сынып оқушыларының мектеп бітіру салтанатына арналған іс-шара 25 мамыр күні өткізіледі. Іс-шараны өткізу мектептің бірінші басшылығының бұйрығымен және ата-аналар комитетінің келісімімен жүзеге асырылады.

Салтанатты іс-шаралардың құрметті қонағы ретінде ата-аналар мен қамқоршылық кеңес мүшелері, ардагер ұстаздар, тиісті жергілікті жердің еңбек ардагерлерін қатыстыру қарастырылған.

Әрбір білім ұйымында «Бала шақтан – болашаққа», «Мың алғыс саған, ұстазым!», «Жолың болсын, жас түлек!», «МектепLife» тақырыптарындағы түрлі креативті бағдарламалар түрінде іс-шаралар өтеді. Осы ретте түлектердің мектеп формасында болуы міндетті екені айтылды.

– Барлық білім беру ұйымы басшыларына басқарма тарапынан мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен сәнді киім-кешекке жұмсалатын шығындардың орынсыздығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, мерекелік дастарқандарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қалада, қала сыртында экскурсиялар өткізуге жол бермеу жөнінде қатаң түрде тапсырылды, – деді басқарма басшысы.

Мектеп бітірушілердің 89,7 пайызы ҰБТ-ға қатысады

Маңызды іс-шараның бірі – бітірушілерге аттестат тапсыру салтанаты 14 маусым күні «Жолың болсын, жас түлек!» тақырыбында мектептерде өткізіледі.

Ал 6-14 мамыр аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің үшінші кезеңіне өтініштер қабылданды. Маңыздылығы сол, бітірушілер осы тестілеудің қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грант конкурсына қатысады.

ҰБТ осы күннен басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Тестілеу пункттері Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жаңақорған және аудандары орталықтарында орналасқан. ҰБТ-ға мектеп бітірушілердің 89,7 пайызы немесе 7391 оқушы қатысады деп күтілуде.

«Жайлы мектеп» және басқа да жаңа құрылыстар

Мемлекет басшысының бастамасымен үш ауысымды және апатты мектептердің проблемасын түбегейлі шешуге, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жайлы осыған дейін хабардармыз.

Өңірімізде аталған жоба аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Айталық, осы жоба аясында аймақтағы 4 апатты, 3 бейімделген ғимарат және 14 жаңа шағын аудандағы орын тапшылығы мәселелері шешімін табады. Биылғы жылдың 30 тамызына дейін пайдалануға берілетін 6 мектепке баратын оқушылар мен педагогтер саны нақтыланды.

Салада атқарылып жатқан серпінді жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында 988 млн теңгеге 100 орындық мектептің және жергілікті бюджет есебінен құны 926 млн теңгеге Жаңақорған ауданында 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп және «Ақшатау» ауылындағы бастауыш мектептің ғимараты жеке инвесторлардың демеушілігімен салынуда.

Балаларды қосымша біліммен қамту үлесін арттыру мақсатында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд 300 млн теңгеге 350 орындық заманауи «Оқушылар сарайы» мен жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» және 50 орындық «Өнер мектебі» салынуда. Бұл нысандар жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі. Тағы бір көңіл қуантарлық жаңалық, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен құны 4 млрд 800 млн теңгені құрайтын музыкалық колледж ғимаратының іргетасы қаланды. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан құны 11 млрд теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясын» салу жоспарланып отыр.

– Биыл жергілікті бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Бұл орайда білім мазмұнын арттыру мақсатында мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтап, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді, – деді басқарма басшысы.

Балалардың жазғы тынығуына барынша жағдай жасалады 

Жалпы аймақта 1-10 сынып аралығында 173 859 оқушы бар. Олардың 98 пайызын жазғы тынығу және еңбекпен қамту жоспарланып отыр. Бұған байланысты барлық қаржы көздерінен 919,4 млн теңге жұмсалуда. Сондай-ақ жазғы демалысты ұйымдастыруға 2 518 педагог, 38 белсенді студент пен 23 ерікті қатысады.

«Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорының «QN Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасы аясында 1430 бала Түркістан облысы «Біркөлік» елді мекенінде орналасқан «Қуаныш» демалыс орнына барады. Ал мектеп жанынан жабдықталған жазғы тынығу лагерінде 150 мыңнан астам бала демалады. Айта кетейік, мектеп жанындағы жазғы тынығу лагерьлерінде киіз үймен этнолагерьлер, палаткалы лагерьлер ұйымдастырылады.

Қала сыртындағы 8 лагерьде 7 ауысымда 7035 бала демалса, аймақтан тыс жерде орналасқан лагерьлерде 6 ауысымда 5 646 оқушы демалыспен қамтылады. Еңбек жасақтары, туристік серуен, үйірмелер, спорттық-зияткерлік сайыстарға 131 879 оқушы қатыстырылады. Бұл 1-10 сынып оқушыларының 76%-ын құрайды. Оның ішінде жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан, есепте тұратын балалар жазғы демалысты қызықты өткізбек.

Ғазиза ӘБІЛДА

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<