Шетелдік ғылыми басылымдардағы Абай мұрасы

7905

0

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Абай аманаты» атты мақаласында «… Абайдың ойы мен сөзін күллі әлемдік ауқымда мойындату мәселесін Кеңестер Одағы әлі тарамай тұрып, 1990 жылы халықаралық деңгейде көтерген едік» деп атап көрсетеді. Сонымен қатар, осы мақалада «… Абай тойының алдында оның аруағын одан әрі ұлықтау, өмірбаяндық деректерінің көмескі парақтарын қайта жаңғырту, әдеби, философиялық және музыкалық мұрасын тәуелсіздік тұрғысынан тыңнан пайымдау, әлемдік деңгейде кеңінен таныту бағытында іргелі жұмыстар атқарылды» деген еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасатындығы айтылып, «…шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек» деген болатын. Осы айтылған пікірлерге сәйкес Абай мұраларын зерделеуге арналған өзге тілдердегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына назар аударып көрдік. Ол үшін ғалымдар арасында танымал және мате­риал­дар іздеуге өте ыңғайлы Scopus мәлі­меттердің библиографиялық және реферативті базасындағы жария­ла­нымдарға ізденіс жасалды. Мәселен, «Abay» кілт сөзі арқылы әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша базадан 9, «Abai» кілт сөзі бойынша 7 материал табылса, «Kunanbayev» кілт сөзі негізінде 7 мәлімет көруге болады. Кілт сөздерде «Kunanbayev»-тің кездесуіне байланысты аталған базадан барлығы 19 ғылыми-зерттеу жұмысын көруге болады. Бұл индекстелген көрсеткіштен Абай мұрасына байланысты зерттеулер аз жүргізіліп жатқандығын, шетелдік рецензияланатын ғылыми басылымдардағы жарияланымдардың төмендігін бай­қатады. Сонымен қатар, базада индекстеліп үлгерген зерттеу жұ­мыс­­тарының авторлары арасында шетелдіктер ғалымдар аз, жарияланған жұмыс­­тардың басым бөлігі отандық ғалымдарға тиесілі.

Ең алғаш индекстелген мақала – Қарағанды педагогикалық колледжі қызметкері С.Сырымбетовтың 1960 жылы «Soviet Education» журна­лын­дағы жазбасы. Ол өз зерттеуінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан мен Ресейдің одағы Қазақстанның өндіргіш күштері мен экономикасына ықпал жасап, орыс пен қазақ халқының жақындасуына және достық қарым-қатынас жасауына әсер еткендігі туралы баяндайды. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдары Ресейде революциялық-демократиялық қоғамдық қозғалыстар пайда болды және қалыптасты. Бұл қозғалыстардың көрнекті өкілдеріне Герцен, Белинский, Чернышевский және Добролюбов жатады. Сонымен бірге, білім берудегі прогрессивті ой дамыды, оның өкілдері ұлы орыс педагогы К.Ушинский, Л.Толстой, Н.Пирогов, П.Лесгафт және басқалар болды. Осы мысалдар негізінде автор Абайдың тұлғасына тоқталады.

2017 жылы ағылшын ғалымы Д.Бриджес (D. Bridges) білім беру саласындағы зерттеулердің  эпистемологиясы, этикасы, саясаты мен сапасын қарастырған еңбегінде мәселеге қатысты сыни және рефлексивті талдаулар жүргізеді. Философия мен білім беру саласындағы зерттеулердің өзара байланысы дәйектеліп, бұл зерттеулердің ақиқаты мен нақтылығы туралы пікірталастар қарастырылады. Автор берілген мәселелерді заманауи Египет пен жаңа Зеландияның әлеуметтік міндеттемелері, XVII ғасырдағы Франция, Паскаль және иезуиттер мен янсениттер арасындағы таластар, XVIII ғасырдағы Италия, Джамбаттиста Вико және жаңа ғылым, дәстүрлі Эфиопиядағы «Білім беру сиқыры», Сократ пен Монтеньді негізге алған дереккөздермен қатар, Абай туралы да айтылады. Кітап түйіндемесінде автор ақын туралы былай жазған екен: «заманауи Қазақстандағы ХIХ ғасырдың кеңестік рухтандырушы философы – Абай».

Оңтүстік Кореядағы Ханьян университетінің Азия-Тынық мұ­хиты ғылыми-зерттеу орталығы шыға­ратын «Journal of Eurasian Studies» журналының 2018 жылғы арнайы топтамалық бір нөмірі  Абай Құнанбайұлының мұрасымен таныстырады. Топтаманың кіріспе сөзінде Наоми Каффи (Naomi Caffee) Абайдың қара сөздері қазақ халқының одан арғы жолын белгілеуге талпынысын білдіретіндігін айтады. Ғалымның пікірінше, Абай еңбектері ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлтшылдығы қозғалыстарын шабыттандырды және ұлттық жазба әдеби дәстүрді қалыптастырды. Сонымен қатар, Кеңестік кезеңде қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің адал күш-жігері арқылы Абай қазақ әдебиетінің негізін қалаушы мәртебесіне көтерілді, оның «Абай жолы» эпикалық өмірбаяндық романы қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы әйгілі және ең ықпалды әдебиет туындысы екенін жазады.

Осы арнайы нөмірде жарияланған үш зерттеу жұмысына назар аударсақ. Назарбаев университетінің ғалымы Г.Макгуайр (G. McGuire)  өз зерттеуінде М.Әуезовтің алғашқы ғылыми еңбектерінде Абай қазақ жазба әдебиетінің пайда болуындағы трансформациялық тұлға ретінде көрсеткендігін айтады. М.Әуезов романда  Абайды тек әдеби жаңашыл тұлға ғана емес, сонымен бірге саяси реформист ретінде танытқандығын баяндайды. Автордың пайымдауынша, М.Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақ халқының әдебиеті кеңестік әлемді өз шағымдары мен тілектерін әлеуметтік сын рухымен шабыттандыру арқылы дәлелдеген. Аризона университетінің ғалымы Н.Каффи Абай Құнанбайұлының екіжақты мұрасы бар екендігін айтады: қазіргі қазақ әдебиетінің атасы; сондай-ақ орыс классикасын қазақ тіліне аударған және екі мәдениет арасындағы өмірлік маңызды көпір ретінде әрекет еткен ағартушы. Ал Швецияның Лунд университетінің ғалымы Д.Кудайбергенова болса Абайды қазіргі Қазақстандағы қазақ мәдениетінің тұлғасы ретінде зерттейді.

Түрік ғалымы Х.Касапоглу Ченгелдің «Milli Folklor» журналында жарияланған пікірі бойынша, түрік мәдениеті тарихында «ақыл» мен «мораль» ұғымдарының өзара байланысы туралы көптеген мәліметтер бар. «Құтты білікті» сауатты саясат пен ақылдың мысалы ретінде айқындаған автор осы мәселенің алғашқы дереккөзі саналатынын атап өтеді. Ақыл мен даналыққа негізделген дәстүр «Құтты біліктен» кейін жазылған «Диуани лұғат-ат-түрк», «Атабат-ул-Хақайиқ», «Диуани хикмет» сынды еңбектерде жалғасын тапты. Автордың пайым­дауынша, бұл дәстүрлер Абай Құнанбайұлының қара сөздерінде қайта дүниеге келеді. Абай 38-қара сөзінде былай дейді «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп  білесің». Сондықтан ғалым Абайдың «надандықты» адамның қадірін төмендететін қасиет деп бағалауын «Құтты білікте» қалыптасқан дәстүрлер мен түсініктердің терең жалғасы деп түсіндіреді.

Біз де Абайдың осы қара сөзіне сүйене отырып, ойымызды жалғас­ты­райық: «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз  біліп  болмайды. Білімсіздік хайуандық  болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық,  кедейлік – бәрі осыдан  шығады. Залымдық – адам баласының дұш­паны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан  бөлінеді, бір жыртқыш хайуан  қисабына қосылады».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында демократияның басты жауы ретінде білімсіздік пен популизмді атап көрсетеді. Білімсіздік немесе надандық білімнің кемшілігінен, қараңғылықтан, кемелденбегендіктен, артта қалудан пайда болады. Білімсіздік мәселенің мәнін білмеуден, елемеуден туындап, адамның ұмты­лыстары мен іс-әрекеттерінде  көрініс   табады. Білімсіздік агрессивті әре­кет­­­терде байқалуы әбден мүмкін. Бұл жағдайда білімсіздік адамның өз ба­қыт­сыздықтары үшін жауап­кер­ші­лікті мемлекетке жүктеп, мемлекеттің саяси тұрақтылығына зиян келтіреді, адамзаттың барлық жұмыстарының нәтижелерін жояды. Популизм бұқара халыққа жүгінеді және қоғамға өткір әлеуметтік мәселелерді жылдам әрі оңай шешуге уәде береді. Популистер өздерінің мазмұнсыз сөздерін қарапайым адам­дардың экономикалық және әлеуметтік мүдделеріне баса назар аудара отырып құрайды. Көптеген популистер өздерін белгілі бір аймақтардың, жекелеген әлеуметтік топтардың қорғаушысы ретінде ұсына­тындықтан, көзқарастарға ерекше мән берілуі қажет. Осы себептерге байланысты Мемлекет басшысы қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол берілмейтіндігіне үміт­тенеді.

Ә.Нысанбаев, Г.Құрманғалиева және Н.Сейтахметованың «Вопросы философии» журналында жарияланған зерттеу жұмысында ортағасырлық философ Әбу Насыр әл-Фарабидің, қазақ философы және ағартушы Абай Құнанбайұлының әлеуметтік онтология­сы мәселелері арқылы әлеуметтік-саяси мұрасын қайта құру, әлеуметтік онтологияның қазіргі дискурсындағы өзекті тұжырымдарды салыстырмалы философия контекстіндегі мәселелері қарастырылады. Автор­лар мына мәселелерге ерекше мән берген: исламның әлеуметтік онтологиясындағы құндылық парадигмасы, оның орта ғасырлардағы және қазіргі мәдениеттегі түсіндір­мелері; әл-Фарабидің әлеуметтік онто­логиясындағы әлем және қоғам құрылымы; қоғамдық идеал; Абайдың әлеуметтік онтологиясы және оның құндылық парадигмасы; адамгершілік қоғамдық қатынастардың жалпыға ортақ түрі ретінде.

«Journal of Language and Literature» журналында Ә.Жапарова, Ж.Дәдебаев және А.Жақсылықовтың жарық көрген зерттеу жұмыстарында Абай Құнан­бай­ұлының метафоралық поэтикасы ХІV-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығар­ма­ларындағы Абай поэзиясына дейінгі ескіге қатысты жаңа эстетикалық жүйе ретінде талданады. Бұл зерттеуде авторлар Абай­дың метафоралар поэтикасындағы жаңа­шылдықтың мәнін ашады. Абайдың жаңашыл­дығы ерекше әдеби стратегиямен ойлас­тырылған «Иман» (әдептілік) және «Кемел адам» (мінсіз адам) философиялық жүйесіндегі сим­вол­­дардың, маркерлердің, мета­­фора­лар­дың, поэтикалық бей­нелердің, алле­гориялардың, эв­фе­­мизм­дердің кең көлемін тұжы­рым­даумен және ұлттық менталитет саласындағы әділдіктің, қасиет­тіліктің және әлеуметтік белсен­­діліктің айқындалуымен сипат­­та­латындығын айтады. Абай мета­фо­расының функционалдығы оның барлық шығармашылық жұмыс­тарына енетін терең өнімді ақын тұжы­рымдамасымен анықталуы керек­тігін түсіндірді.

Сонымен қатар, Ә.Жапарованың осы журналда жарияланған тағы бір зерттеуінде Абайды ХІХ ғасырдағы Қазақстанның ең танымал және сүйікті ақыны дей келе, ұлы ақынның еңбектері ағылшын тілінде сөйлейтіндерге белгісіз екендігін айтады. Бұл зерттеуде автор Абай поэзиясының әсемдігін шынымен жеткізе алатын аудармалардың жоқ­тығынан ба, жоқ болса, оны қалай түзетуге болатындығы айқындайды. Сонымен қатар, Абай поэзиясын қазақ тілінен ағылшын тіліне аударудың лингвистикалық, мәдени және тарихи факторлары мысалында дәйектеп, тілдер арқылы поэзияның қозғалысын тану үшін кейбір жеке өлеңдері мұқият зерттеледі.

Р.Садықова, Б.Тұрлыбеков, У.Қан­сейітова және Қ.Төлебаеваның  жұмы­сында қазақ ғылымындағы аударма және М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының шетел тілдеріне аудармаларының табиғаты туралы зерттелген. Эпопеяның орыс және неміс тілдеріне аударудың әдістері бар екендігін айта келе, олардың төмендегідей тиімді және тиімсіз тұстарына ерекше мән береді: тікелей аударма; аналогтылық; сипаттамалық аударма; мәнмәтіндік аударма; аудармада эстетикалық ерекшеліктерді сақтау үшін кейбір фразеологиялық бірліктерді қал­дырып кету. Ал А.Машакова мен М.Хабутдинованың  зерттеу жұмы­сында Абай шығармаларының татар тіліне аударылуы, жарық көрген кітаптардың алғысөздері, татар ғалымдарының халықаралық конференциялардағы сөздері, татар әдебиеттанушыларының монографиялары талданады. Талданған материалдар арасында соңғы бірнеше онжылдықтағы еңбектер бар. М.Түсіп­бекова, М.Ыдырысова және Б.Смағұлованың зерттеу жұмыстарында мұғалімдер әрдайым өз сабақтарын қызықты әрі нәтижелі өткізу үшін жаңа әдістер мен материалдар іздейтіндігін айтады. Олардың пайымдаулары бо­йынша ағылшын тілі сабақтарына арналған материалдардың ең қиын түрлерінің бірі – әдебиеттерді пайдалану. Тілді үйрену үшін төрт дағды қажет: оқығанды түсіну, жазу, тыңдау және ауызша сөйлеу. Осы мақсатта авторлар әдебиеттің, әсіресе Абайдың қара сөздерінің ағылшын тілін оқытудағы өзекті рөлін анықтайды.

Осы тұста Қазақстан Республи­касы­ның Ұлыбритания және Сол­түстік Ирландия Құрама Король­ді­гіндегі Елшілігінің ресми сай­тында жария­ланғандай,  жақында Ұлы­бри­тания астанасында Абай Құнанбайұлы шығармаларының ағылшын тіліндегі жинағының таныстырылымы өткендігін айта кеткіміз келеді. Жинақты бес ғасырлық тарихы бар Кембридж университеті баспасы (Cambridge University Press) мен Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры бірлесе отырып Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында аударып басты. Танымал британ ақыны әрі әдебиетші-ғалым, профессор Шон О’Брайен Абай өлеңдерін аударса, «Қара сөздердің» тәржімасын белгілі шотландық ақын, жазушы, профессор Джон Бернсайд жасады. Жинақ – Ұлттық аударма бюросы іске асырған Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару жобасының бір бөлігі.

З.Әсемжан «Journal of Language and Literature» журналындағы өз зерттеуінде Абайды жаңа қазақ поэзиясының не­гізін қалаушы ретінде атап көрсетеді. Ақын шығармашылығының арқасында қазақ поэзиясында пайда болған терең өзгерістер жаңа ырғақтардың, өлшемдердің, шумақтардың, интонация мен мағыналардың пайда болуымен сипатталып, поэзияның өмірге, тұлғаның ішкі әлеміне бұрынғы рухани және бейнелеу көріністерінде адамдардың интеллектуалды өміріне әсерін дәйектейді. Абай адамды, оның ішкі әлемін қазақ поэзиясына алғаш енгізген, қазақ әдебиетіндегі толыққанды көркем антропология Абайдан басталады. Ақынның поэтикалық жүйесіне терең де сындарлы жаңалықтар тән, поэзиясында метафораның алуан түрлері бар. Ескі қазақ эпикалық поэзиясының канондық дәстүрлі метафораларынан өзгеше қарапайым және қиын дәстүрлі емес метафораларды кездестіруге болады. Мұндай метафораларды талдау осы зерттеудің мәселесін білдіреді.

Осы жылы Литвада жарық көретін «Logos» журналында қазақтардың этика тарихын қарастырған ең­бекте Г.Барлыбаева ұлтымыздың этикалық ойлауы түркітілдес мәде­ниет­тің ежелгі тармақтарынан бастау алып, үнді-иран, қытай және араб мәдениеттерінің бөліктерін қосатындығы жөнінде айтады. Қазақ­тардың өміріне, этикалық ойларына Жібек жолының,  бүкіл Еуразияның идеялары әсер етті деуімізге де болады. Дегенмен, кейін ислам діні таралса да, қазақ ойы өзінің бастапқы белгілерінен басталатын өзіндік ерекшелігі мен элементтерін сақтап қалды. Осы мәселелерді негізге ала отырып, автор зерттеуінде VІІІ ғасырдағы Қорқыт атадан бастап XІX ғасырдағы қазақ ағартушылығындағы Абайға дейінгі этикалық ойлардың эволюциясын қарастырады.

К.Кенжеғалиев, Д.Какабаева, Е.Ну­рымов, Г.Қайникенова және Ш.Сейімқұлованың зерттеу жұмыс­тарында Абай Құнанбайұлы шығар­малары негізінде ХХ ғасырдағы қазақ гуманизмінің қалыптасуы, оның психология мен мәдениеттің дамуына ықпалы анықталады. Мәдени, әлеуметтік және экономикалық айырмашылықтар тұрғысынан Абай мен А. Маслоудың (1954) гума­нистік тұжырымдамаларындағы ұқсас­тық­тар мен айырмашылықтарды анық­тау үшін салыстырмалы талдау жүргізіледі. Авторлар мақсат ретінде ақын шығармаларында туындаған ойларды ғылыми психология әдістері және американдықтардың еңбектері негізінде айқындауды алған. Зерттеу жұмысында американдық психолог А. Маслоудың гуманистік психологиясы Абай Құнанбайұлына ұқсас екендігі айтылады. Олар бір-бірімен және бір-бірінің шығармаларымен таныс емес, бірақ олар ортақ шындықты –  гуманистік тұлға психологиясы туралы айтты. Салыстырмалы әдіс нәтижесінде олардың гуманистік идеяларының ұқсастығы, экономикалық және әлеуметтік жағдайлардан тәуелсіздігі анықталды.

К.Кенжеғалиев, Г.Мұхамед­жа­­­­нова, А.Шаяхметова, Ж.Тас­бола­това, Л.Байманова және Ж.Зұл­қар­наеваның зерттеулерінде Абай­дың психо­логиялық мұрасын зерттеу болашақ психологтардың психо­ло­гиялық құзыреттілігін қа­лып­тастыруға ықпал етіп, Болон процесіне сәйкес білім берудің ұлттық моделін көтеруге мүмкіндік беретіндігі баяндалады. Авторлар көшпелі қазақтардың психологиялық ерекшеліктеріне ғы­лыми психология тұрғысынан түсінік­темелер беруге ұмтылады. Олар ойшылдың қара сөздері көшпенділер психологиясын ғылыми психология тұрғысынан түсіну Қазақстанның психология ғылымын байытады, пси­хологтардың, оқырмандардың пси­хологиялық құзыреттілігін арттырады және Болон процесінің ұлттық деңгейде дамуына ықпал ететіндігін айтады.

Ж.Карипбаев, С.Қасқабасов және А.Кенжеғұлованың Абай Құнан­бай­ұлы поэмасындағы Ескендір бейнесі талданған зерттеуде белгілі шығыс­танушылар В.Бартольд, Э.Бертельс, И.Брагинский еңбектері пайда­ланылғандығы жөнінде айтылады. Салыстырмалы талдау негізінде Ескендір тақырыбында жазылған көптеген шығармалардың көркем бейнелік құрамдастары туралы тұжырымдар жасалған. Абай шығармашылығының жан-жақтылығы мен гуманистік рухы оның осы поэмасы аясында айқындалатындығы туралы баян­далған.

Л.Дауренбекова, С.Иманбердиева, Б.Даутова, Г.Райнбекова және Г.Ток­тиманованың пайымдаулары бойынша, бүгінгі білім мен ғылымның қарқынды дамып келе жатқан жағдайында түркі халықтарының тарихи байланыстары мен бірлігін нығайту, түркі халықтарын толығырақ зерттеу және әлемге таныту маңызды. Ғалымдар Абай тек қазақ халқының емес, жалпы адамзаттың мәселелерін көтергенін айта келе, зерттеу жұмыстарында Абайдың аудармалары түрік тілінде сараланып, түсіндіру жолдарын қарастырады. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының мақсаты ретінде түркі елдеріндегі Абай мұрасының өзгеру дәрежесін анықтауды санайды.

Г.Орынханова, А.Нұрланова, Р.Са­­бырбаева, Л.Аманқұлова және Т.Төлегеновтің зерттеулері Абай шығармаларындағы ұлттық сипаттың метафоралық тұжырымдамасын салыстырмалы-сапалы зерттеу әдістері арқылы зерттеуге бағытталған. Ав­тор­лардың пікірінше, Абайдың барлық терең ойлары әл-Фараби, ибн Араби, әл Ғазали сынды сопылық ойшылдардың шығармаларында ай­тылған ойлармен байланысты болды.

Байқап отырғанымыздай, шетел­дік ғылыми басылымдардағы Абай мұрасын зерттеуге арналған еңбек­терде оның тұлғасы, рухтандырушы ойшылдылығы, орыс пен қазақ мәдениетін жақындастырған ағар­ту­шы­лығы, қара сөздерінің қоғам үшін маңызы, ақынның әлеуметтік онтологиясы мен құндылықтар туралы түсініктері, метафоралық поэ­тикасы, өзге тілдерге аудармаларының ерекшеліктері, этикалық ойлар эволюциясына ықпалы, қазақ гуманизмі шеңберіндегі ғылыми психологиядағы орны, шығармаларының жан-жақ­ты­лығы, М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының рөлі және т.б. мәселер талданады. Әрине, Scopus базасындағы Абай мұрасына байланысты еңбектердің индекстелуі алдағы уақытта да тоқтамайды. Ол үшін ғалымдар өз ізденістерін беделді шетелдік рецензияланатын журналдарға ұсынуы қажет.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор, «Болашақ»

ғылыми-зерттеу

институтының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<