Соңғы қоңырау қайтадан 25 мамырға ауыстырыла ма? – Министрлік жауабы

1164

0

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова орталық коммуникациялар қызметінде мұғалімдерді аттестаттау тәртібі өзгеретінін айтты деп хабарлады turkystan.kz .

«Келесі оқу жылында соңғы қоңырау салтанатын 25 мамырға қайтару жоспарланып отыр ма?» деп сұрады журналист спикерден.

«Оқу жылын өткізуге қатысты мәселелер шешілген. 31 мамырда оқу жылы аяқталады. Бұл шешім нақты қабылданған», – деді Шолпан Каринова.

Сондай-ақ журналистер педагогтер аттестациясы 100 сұрақтан тұруы мүмкін деген мәліметтің қаншалықты рас екенін сұрады.

Вице-министр Шолпан Каринованың айтуынша, әзірге қандай да бір нақты шешім қабылданбаған.

«Мұғалімдерді аттестаттаудың ережелері қазір де қолданыста. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді аттестаттау мен оқушыларды бағалау мәселесіне қатысты тиісті тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты аттестаттау ережесіне өзгеріс енгізу мәселесі бойынша біздің министрлік ішінде жұмыс тобы құрылды. Қазіргі таңда жұмыс тобы еңбектеніп жатыр. Ұлттық тестілеу тапсыру және мұғалімдердің портфолиосына қатысты проблемалар бар, қазір жұмыс тобы талқылап жатыр. Соның қорытындысын кейін ресми хабарлаймыз», – деді вице-министр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<