Ұстаздық ету – мамандықтың төресі. Болашақтың егесі, қоғамның қозғаушы күші болып табылатын жастарға ілім үйретуде осы ұстаз атаулының орны ерекше. Колледжімізде өз ісінің маманы, қаншама жастың бағын ашып, болашағына жол салған ұстаздар, оқытушылар қатары жетерлік. Соның бірі – Әлия Әлиакбарқызы. Жоғары санатты, біліктілігі жоғары апайымыз бүгінде колледждің кәсіптік тәжірибе, оқу-әдістемелік бірлестік әдіскері.
Дарынды жастың өресін танып, талантын ашуда қатесіз жол таңдап, дұрыс бағыт көрсету де оңай жұмыс емес екенін ұғынатын Әлия апай, өзімен қатарлас жүрген әріптестерін де үйретуден жалыққан емес.
А.Нұрпейісова еңбегінің арқасында облыс әкімінің Құрмет грамотасы, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының арасында «Оқытудың үш өлшемді әдістемелік жүйесі» педагогикалық технологиясының шебері-2014» облыстық байқауының II орын жүлдегері атанған.
Бұдан өзге де бірнеше біліктілікті арттыру бағытында үздік саналып, басқа да жетістіктерге қол жеткізген маман. Осындай маман иесіне қашанда біздер және тәлім алушы жастар тарапынан құрмет көрсетіліп келеді.
Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.
Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолында бағытынан таймасы анық.
Олай болса, біз де Әлия Әлиакбарқызына зор құрмет көрсете отырып, еңбегіне табыс тілейміз.
Н.БАСҚОЖАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<