Сырбойылық өнертапқыштар халықаралық додада топ жарды

368

0

Түркия елінде өткен «World Robot Olympiad-2024» халықаралық олимпиадасы өз мәресіне жетті. Әлемнің 90 елінен 3500 жас өнертапқыш қатысқан додада Сыр елінің намысын қорғаған Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ернұр Сәду мен Алдияр Аппаз «Future Engineers» санатында 2-орынды еншілесе,  Дінмұхаммед Әбдиев пен Максим Усольцев «Robomission Senior» категориясында үздік ондыққа табан тіреп, ұпай сандары бойынша 7-орынға тұрақтады.

World Robot Olympiad – робототехника бойынша әлемдегі ең беделді чемпионаттардың бірі. Айта кету керек, еліміздің атынан беделді байқауға 13 команда қатысты. Олардың арасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларымен қатар жалпы білім беретін мектептердің оқушылары да болды.

– 2024 жылғы WRO чемпионатының тақырыбы – «Жер-Ана қамқоршылары». RoboMission санатында командалар ойын алаңында тапсырмаларды орындауға арналған автономды роботтар жасады. RoboSports санатында қатысушылар спорттық жарыстарға арналған роботтарды құрастырды. Future Engineers санатында оқушылар берілген маршрут бойынша қозғалатын роботтандырылған көлік құралдарын жобалады. Ал Future Innovators санатында командалар табиғатпен үйлесімді өмір сүруді, апаттардан қорғануды және қатал климаттық жағдайларға бейімделуді қамтамасыз ететін инновациялық шешімдер мен жобаларды ұсынды, – деді олимпиада жеңімпазы Ернұр Сәду.

Негізі «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ – 2014 жылдан бастап Қазақстандағы World Robot Olympiad олимпиадасының ресми ұйымдастырушысы. Аталған ұйым 10 жылдан бері елімізде робототехника саласының дамуына және отандық командалардың халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне елеулі үлес қосты.

– Біз бұл сайысқа 7 айға жуық уақыт дайындалдық тіпті жазғы демалысымызды робототехникаға арнадық. Біздің жеңіске жетуімізге ұстаздарымыздың қосқан үлесі зор. Олар бізге ақыл-кеңестерімен бөлісіп, жеңіс жолына бағыттап отырды. Сонымен қатар, біздің мектеп түлектерінің де көрсеткен көмегі көпп. Олар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, жетістікке жетуге көмектесті, – деді олимпиада жеңімпазы Алдияр Аппаз.

Жалпы,  сырбойылық өнертапқыштар жасаған роботтың ерекшелігі – өзін толықтай басқара алуында. WRO сайысының «Future Engineers» санаты 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде робот 3 айналым жасау қажет. Соған сәйкес жолдың жалпақтығы кішірейеді. Ал екінші кезеңде робот қызыл және жасыл кедергілерден өтіп, соңында белгіленген тұраққа тоқтауы керек.

– Алдағы уақытта тек «Lego» жиынтығымен шектеліп қалмай, «Arduino», «Raspberry Pi» сынды құрылғыларды пайдалану арқылы басқа да жобалар дайындап, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда бақ сынауды жоспарлап отырмыз. Әрине, оның барлығы еңбек пен мықты дайындықты талап етеді, – деді Ернұр Сәду.

Робототехника – өте маңызды сала. Негізі бұл өркениетті дамыту, күрделі мәселелерді шешуде аса қажет. Сондай-ақ, елімізде бұл бағытта жұмыс жасап жүрген бірнеше ұйым бар. Ал «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ жас өнертапқыштарымен көш бастап тұр.

– Менің ойымша, мұндай олимпиадалар жас роботехниктерге мамандық таңдауда айтарлықтай көмегін тигізеді. Болашақта мен Қазақстандағы көптеген кәсіпорынға автоматтандыру жүйесін енгізгім келеді. Сондай-ақ, мен секілді робототехникамен айналысқысы келетін жастармен жұмыс істеп, тәжірибе бөлісемін, – деді Алдияр Аппаз.

Жал сайын дәстүрлі түрде өтетін «World Robot Olympiad» олимпиадасы келесі жылы Сингапур мемлекетінде өтеді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<