Сыр бойындағы ағартушылық дәстүр

2085

0

Тарихы көне, ежелгі дәуірлер қойнауларынан әрі өтіп, біздің дәуірімізден бұрынғы ғасырларға жол тартатын өлкеміздегі оқу, білім беру ісі де ежелден басталғаны анық. Өйткені, адамзат баласының өмір сүруі үйрену мен үйретудің бірлігінен тұрады емес пе?! Ал үйрету мен үйрену деп отырғанымыз, сайып келгенде оқу, білім беру ісі деген сөз.

Сыр бойындағы білім беру, оқу ісі тарихын, тіпті бұл аймақ қана емес, бүкіл қазақ даласындағы оқу ісін біреулер Кеңес дәуірінен бастайды. Біреулер алғашқы мектеп деп орысша мектептердің өмірге келуін айтады. Біздің ойымызша, бұл дұрыс емес. Өйткені, адамзат баласының білмекке, үйренбекке құштарлығы оянған сәттен бастап оқу, білім беру ісі басталды. Ендеше, біздің аймақтағы білім беру, оқу ісінің тарихы да көне замандардан бастау алады. Ал, біздің қазіргі кезде «пәленше алғашқы мұғалім еді» деп атауымыз да шартты түрде ғана, мұны кеңестік көзқарас деген де жөн шығар. Себебі біз қазақ ұстаздарының атасы санап жүрген Ы.Алтынсариннің өзі кезінде біреуден білім алды, оның да ұстазы болғаны анық қой. Оқу, білім беру ісін Ы.Алтынсариннен бастасақ, онда оған дейін қазақ тарихында оқу, білім беру ісі жоқ болып шықпай ма? Дұрысында біз Ы.Алтынсаринды орысша оқытуды бастаған алғашқы ұстаз деп атағанымыз жөн болса керек.

Тарих бұл өлкеде орта ғасырларда үлкен өркениет болғанын әлдеқашан дә­лелдеген. Ал сол өркениеттің оқусыз, білім берусіз болмайтыны – тағы да ақиқат. Аймақтағы оқу мен білім беру ісі туралы сөз қозғағанда кешегі Кеңес заманындағы «Қазан төңкерісіне дейін қазақтар 2 процент ғана сауатты болды» деген тұжырым ойға оралары анық. Ал, бұл жалған, қазақ ұлтын кемсітуді мақсат еткен қитұрқы пікір еді. Кеңес дәуіріндегі газет-журналдар осы деректі жарыса жазып, сол тұстағы мектептер санымен салыстыра, кеңестік өсуді мақтана көрсеткен тұстар өте көп. Біз мұның ақиқат ауылынан алыс екеніне деректер келтіре өтелік.

Тоғыз жолдың торабына орналасқан бұл аймақ орта ғасырларда күрделі миграциялық үдерістер мен шиеленіскен саяси оқиғалардың орталығына айнал­ғаны тарихтан белгілі. Біздің өлкедегі сол тұстағы қалалар осы оқиғалардың бел ортасында болды. Олар Оғыздардың Сырдария жағасындағы ең басты қа­лалары – Янгикент (Жанкент), Жент, Өзгент, Баршынкент, Сүткент, Сауран, Отырар, Асанас және тағы бас­қалар. Бұлардан да басқа көптеген кесене, мұнара, мазар және т.б. әлі де зерттеулерді қажет етеді. Біз бұл тұста сол ескерткіштердің барлығын санамалаудан аулақпыз. Біздің мақсат – сол қалалар, сол ескерткіштер арқылы Сыр бойында өркениет, білім беру, оқу ісі ықылым замандарда-ақ жүзеге асқанына назар аударту. Бұған сол қалалар мен қалашықтардың, мазарлар мен мұнара, күмбездердің сәулет өнерінің талаптарына сай жасалуы, түрлі суландыру жүйелері, ою-өрнек, нақыштар сол ғасырдағы бабаларымыздың геометрия, математика, аграномия, гидротехния, бояу­лар технологиясы, сурет, металлургия, музыка және т.с.с. салаларды толық меңгергенін көрсетеді. Бұл – айтса-айтпаса да оқу-білімсіз болмайтыны ақиқат. Ал, ол тұстағы оқу ісі туралы зерттеу жүргізу келер күндердің кезек күттірмес міндеті екені анық.

Біздің бұлай деуіміз негізсіз де емес. Орта ғасырларда қазақ даласынан көптеген оқымысты ғалымдардың шығуы да біздің осылай тұжырым жасауымызға әкеп отыр. ХХ ғасырдың соңына дейін біздер ортағасырлық ойшылдардан тек бес-алты ғана есімді – Әбу Насыр әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иассауи, Махмұт Қашғари, Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыриларды ғана қазақ тарихына байланысты айтып, одан да басқа көптеген есім тасада қалып келді. Бұл, «қазақ халқы көшпелі болды, оның жазуы-сызуы болмады, оқу, білім беру ісі болған жоқ, кеңес өкіметіне дейін сауатсыз болды» деген сыңаржақ пікірдің салқыны екені де анық. Ал, кейінгі зерттеулер мұның жалған екенін, қазақ даласында ықылым заманнан бері білім беру, оқу ісі болғанын көрсетуде. Мұның бір дәлелі – қазақ даласынан көптеген оқымысты-ғалымдардың шығуы.

Басқасын айтпағанның өзінде, қа­зіргі Қызылорда облысымен шекте­сіп жатқан, қасиетті Сыр бойында қатар отырған Оңтүстік Қазақстан айма­ғындағы Отырардан көптеген оқымысты ғалымдардың шығуы да көп сырды аңғартады.  Сол сияқты орта ғасырда Сыр өңірінен Гийас ад Дин әл Женди сияқты оқымысты, ақын Йағкуб әл Женди сияқты ғұлама ғалым, Мухаммад әл Женди сияқты оқымысты, Хусам ад Дин әл Баршынлығи сияқты әдебиетші, ақын, ойшыл ғалым, Молла Ахмет әл Женди сияқты ғұлама, Сирадж ад Дин Баршынкенти сынды ғалым, Хусам ад Дин әл Хусейн ас Сығанақи сынды ақын, ғалым, Шайқы баба Сығанақи сияқты ойшыл ғалым, ұстаз бен және т.б. ғалымдар мен ойшылдардың шығуы – бұл  аймақта тек оқу, білім беру ісі болып қана қоймай, қазақ елінің басқа өңірлеріне таралуына ықпал жасаған деп болжам жасауымызға негіз болады. Кейінгі деректер мәселенің шындығында көз жеткізе түседі. Сол кезеңдерде, яғни, біз сөз арқауы қылып отырған орта ғасырларда тек қана Арал теңізі маңынан Әбд әл Ғафур әл Кердери, Мухаммад әл Кердери, Хафиз ад Дин Мухаммад әл Кердери сияқты ғалымдардың шығуы да біздің әлгі пікірімізді тиянақтай түседі. Шайқы баба Сығанақи жөнінде белгілі шығыстанушы ғалым, профессор Ә.Дербісалиевтің «… бар уақытын ғылым мен білімге, дәріс беру мен шәкірт тәрбиесіне арнаған кемеңгер де тақуа кісі болған» деуі де жоғарыда аталған ғалымдар мен ойшылдардың қай-қайсысы да ізіне шәкірт ерткен деп пайым жасауымызға негіз болады.

Одан бергі тұста білім беру ісінде орны бар ұстаздар –  Сайд Ахмат Жалаладдин Қосани (1461-1542 ж.ж.),   Мақтұм Сейіт Баба (1590-1663 ж.ж.), Қожжан қожа (1595-1676 ж.ж.), Мәдіқожа (Махди), Мүсірәлі сопы Әзиз – Әжіқожа Жәдікұлы (XVII ғ. екінші жартысы – XVIII ғ. басы), Сейтбембет әулие (XVIII ғ. аяғы – XIX ғ. ортасы), Марал ишан Құрманұлы (1780-1841 ж.ж.), Құлболды ишан (шамамен 1785-1860 ж.ж.), Оразай ишан Бұғыбайұлы (1809 – ө.ж.б.), Сайфназар ахун (1811-1873 ж.ж.), Қалқай ишан – Қал-Мұхамед Маралұлы (1815-1870 ж.ж.), Мырзабай ахун Азаматұлы 1833 жылы Сырдарияның орта ағысы тұсында өмірге келіп, 1900 жылдар шамасында өмірден озған), Ораз-Мұхамеджан ахун Бекетайұлы (1836-1894 ж.ж.), Алтайбек ахун (1841-1913 ж.ж.), Бәймен ахун (1846-1916 ж.ж.),  Тапал ахун – Нұрмұхаммед Қадырұлы (1848-1921 ж.ж.),  Бабай ишан Жүнісұлы (1857-1937 ж.ж.), Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916 ж.ж.), Жармұхамед ишан Оразайұлы (1858-1919 ж.ж.), Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1927 ж.ж.). Садық ахун Қодарұлы (1860-1937 ж.ж.), Мақсұт ишан (1873-1938 жж.), Ақмырза ишан Төсұлы (1882-1930 жж.) және т.б. есімдерін құрметпен атаймыз. Сол кезеңдегі діни ағартушы-қайраткер бабаларымыздың дәстүрлері үздіксіз жалғасып келді. Осы қатардағы Мүкім ата, Тобағабыл, Мамырбай, Алдажар, Әмит, Қауыс, Ыскақ, Көшім, Керей ишандардың, Қазалыдағы Қуандық әулиенің халық ортасында жасаған иман­дылық, адамгершілік, тәлім-тәр­бие­лік қызметтері ұрпаққа өнеге. Кезінде ағартушылық рөлі жоғары болған Қожабай, Ерімбет, Ешмағанбет және т.б. ахундар мешіттерінің іздері әлі жоғалған жоқ. Оқымысты молдалар – Ибрайым, Мамырайым, Есназар, Қосназар, Солтанай, Мақұл шайхтар, Исмаил, Ысқақ, Ремет, Пірше, Шоқбар Ізтілеуұлы, Есмахан Қауғаұлы, Қундақбай, Сыдық, Әшіман, Асан, Омар, Әбділмүтәллап, Ибадулла, Жұмаділла, Сейдахмет, Оспан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Үсейін, Бұрхан, Мәді, Махмұд, Инаят, Жүсіп, Тайман, Аманөткелдік Ахмет, қазалылық Қуандық әулие (Қалпе ата), теректібастық Кемалбай ахун, құмсайлық (қазіргі Сексеуіл стансасы) Баймахан ахун, аралдық Қалдыбайұлы Әлмұхаммед (Қарамолда) және т.б. қасиетті тұлғаларымыздың ұлағаты ел жа­дында. Сондай-ақ алты Алашқа аты мәлім осы өңірден шыққан жыраулар мен шайырлардың да, кейін Кеңес өкіметі жылдарында ел басқарған, оқу ісіне араласқан азаматтардың көпшілігі де алғаш сауаттарын осы діни ағартушы-лардан, молда, ишан, ахундардан ашқаны көпшілікке мәлім екені анық.

Арал маңы мен Сыр бойында ағар­тушылық бағыт ұстанған ахун, молда, ишандар тек сауат ашу жұмысын ғана жүргізген жоқ, олар ел бірлігін, ағайын ауызбірлігін, татулықты сақтауға, ұлттық салт-дәстүрді сақтап, дамытуға да үлес қосты. Олар мешіт салып, имандылыққа тәрбиелеу ісіне, мектеп ашып, білім бе­ру ісіне, медицина, астраномия, фармацев­тика, тарих және т.б. салалар бойын­ша ізденіс жасап, ел ішінде ауру-сырқау­ларды, жын иектегендерді емдеген, ел шежірісі мен аңыздарды, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, елді кәсіпке баулыған.

Енді манағы кеңестік дерекке келсек, төңкеріс алдында ислами мектеп, медреселерді, семинариялар мен басқа да оқу орындарын айтпағанның өзінде 1910 жылы Қазақстанда 157 орыс-қазақ мектебі болса, 1916 жылы мектептерді айтпағанның өзінде, тек училищелердің санының өзі алты жүзге жеткен. 1914-1915  жылдары Қазақстанда екі мың алты жалпы білім беру мектебі болған, оларда 105100 оқушы оқыған. Бұған қоса, Қазақстанда жеке мектептер де болған. Міне, соңғы деректер «Кеңес билігіне дейін қазақтар сауатсыз болды» деген пікірдің жалған екенін көрсетеді.

Сол тұстағы оқу, білім беру ісін негізгі екі бағытта қарастырамыз. Олар­дың біріншісі – мұсылманша оқу, яғни, таза діни оқу болса, екіншісі – жәдитше не орысша оқу бағыты.  Мұсылманша, яғни,  таза діни оқу осы кезеңге дейінгі дәуірден бері жалғасып келе жатқан жүйе болатын. Бұл оқу да, жәдитше оқу да Кеңес өкіметінің қысымына қарамастан әр тұста көбіне жасырын жағдайда 1930 жылдарға дейін жалғасты. Одан кейін Кеңес билігі дінге қарсы күресті күшейтіп, діни мектептердің, ме­шіт­тердің де, ахун, ишандардың да 1937 жылы көзін құртып тынды. Кейбір діни ағар­тушылар уақыт толқынына іле­се кеңестік мектеп мұғалімі қызметіне кірісті.

ХХ ғасыр басында да Сыр бойын­да діни бағыттағы білім беру ісі жал­ғасып, ел сауатын ашу, білімдендіру ісіне үлкен үлес қосты. Кей кезде екі ба­ғыттың тұтасып кеткені де байқалады. Қарамолда-Мұхамеджан (1888-1937 ж.ж.), Айтмұхамед (Айтбай) (1887 жылы дү­­ние­ге келген), Сүлеймен ишан Есейұлы (1888-1969 ж.ж.), Алдашбай ахун Ерназарұлы (1858-1936 ж.ж.), Ізтілеуов Тұрмағамбет (9.7.1882 – 15.5.1939.), Алшынбаев (Мұхамедрахым) Рахым (1893-1980 ж.ж.), Найзабаев Әбду (1891-1931 ж.ж), Басапа ишан Алдабергенұлы шамамен (1894 жылы (кей деректерде 1892 жылы, яғни Ұлу жылы деп те көрсетіледі.) – 1946 ж.), Әбдісадық (1848-1888),  Шаймағанбет ахун (1870 ж. – ө.ж.б.), Махмұт ишан Нығаметұлы (1894-1982 ж) және т.б. тағылымы әлі де ел есінде.

Перовск қаласында орысша оқыта­тын алғашқы мектептер 1860-1863 жыл­дары  ұйымдастырылған. 1863 жылы Қыр­ғыз (қазақ) училищесі, 1879 жылы қыз балалар, 1906 жылы ер балалар училищелері ашылды. Олар небәрі 150 шәкіртті қабылдады.  1901 жылы Перовск (Ақмешіт) қаласында орыс-туземдік училищесі ашылды. Ал 1911 жылы онда оқитын оқушылардың саны 82-ге жетті. Оның 63-і қазақ балалары еді. Қазалы, Аралда да шіркеу-приход мектептерінің ашылуы жоғарыда аталған мерзіммен тұспа-тұс, 1860-63 жылдар аралығын қамтиды.

Сыр бойында оқу, білім беру ісі үздіксіз жүрген. 1918 жылдың өзінде Перовск және Қазалы уездерінде ха­лыққа білім беру бөлімдері құрылып, қызмет атқара бастады. Мәліметтерге сүйенсек, 1918 жылдың қазан айында Қазалы уездік халыққа білім беру бөлімі құрылған. Оның төрағасы А.П.Акирский болды. Қазалы уездік халыққа білім бе­ру кеңесінің алғашқы мүшелері. А.П.Анкир­ский, Г.П.Олышевская, Қ.Ун­ге­баев, О.О.Инвицкий, А.Ақшолақов, А.В.Ковалев, С.И.Тудаков болған. Ау­дан­ның білім беру саласын одан кейінгі жылдары Е.Құдасов, С.Толыбеков (кейін­нен академик болатын Серғали Толыбеков), С.Нұрманов, Р.Бөлебаев, Ш.Әлімбетов, Ә.Ұлманов және т.б басқарады. Ал, бұл іс одақтың өзге аймақтарында басқа сипатта болды. Қазан төңкерісінен екі жыл кейін, 1919 жылдың 26 желтоқсанында В.И.Ленин қол қойған «Сауатсыздықты жою туралы» декрет шықты. 1920 жылы мамыр айында Қаз АССР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АССР-ның біртұтас жүйедегі еңбек мектебінің уставын» қа­былдады. Сырдың топырағында туып өскен білімдар педагог Е.Букин­нің де ағартушылық қызметі қызылорда­лық­тарға жақсы мәлім. Оның 1920 жылы орысша-қазақша және қазақша-орысша  сөздігі жарық көрді. Бұл Қазақстандағы алғашқы ғылыми сөздік еді…» деп көрсетеді «Сыр елі» энциклопедиясы.

Өткен ғасырда мектеп жанынан интернаттар, мектеп-интернаттар ашылуына қатысты деректерде де ауытқушылық бар. Мәселен, Аламесектегі екі жылдық орыс-қазақ туземдік мектебі 1920 жылы мектеп-интернатқа айналған. Ал, кей еңбектерде интернаттардың ашылуын 1925 жылдарға дейін шегереді.

Облыс көлемінде мектептер санының өсуі 1930 жылдардан кейін ерекше қарқынға ие болады. Жалпы, кей деректер Сыр бойына Қазақстан астанасы көшіп келмей тұрып-ақ бұл аймақтың еліміздің оқу ісінде маңызға ие болғанын көрсетеді. Мәселен, 1924 жылы мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерінің бүкілқазақстандық тұңғыш конференциясы Қызылорда қаласында өткізіледі. Сол сияқты балалар мекемелері ісіне қатысты бұл аймақта мол тәжірибе жинақталады. Жоғарыда аталған республикалық конфе­ренцияның да, одан кейін де көптеген шаралардың Сыр бойында өтуі біздің аймағымыздың 1920-1950 жылдары осы бір аса маңызды істе жетекші орында болғанын көрсетеді. Иә, балалар меке­мелерінің материалдық базасын жақ­сарту, балаларды мектепке даярлау мен балалар үйін ұйымдастыруда тек Сыр бойында ғана емес, бүкіл Қазақстанда қызылордалық К.Ш.Травинаның еңбегі зор болғаны елге белгілі.

Сауатсыздықты жою мектептері туралы деректерде де шындықтан ауытқу бар.  Мәселен, «…1938 жылы ауданда 18 ауылдық кеңесте 27 мыңдай халық тұрды. Осылардың ішінде 5183 адам сауатсыз, 3302 адам шала сауатты, барлығы 8485 адам сауатсыз еді. Сауатсыздар үшін 127, шала сауаттылар үшін 85 барлығы 212 мектеп ашылып, бұларға 4031 сауатсыз, 2 240 шала сауатты барлығы 6271 адам оқуға тартылды. Ауданда 1938 жылы 60 бастауыш комсомол ұйымы болды…» деп жазылған «Сырдария (Тереңөзек)» атты кітапта. Деректердің қайдан алынғаны көрсетілмеген, ал мұны біз сауат ашу ісінің әуелі араб әліпбиі негізіндегі қазақ жазуы бойынша, сосын 1928 жылдан бастап латын әліпбиі негізінде, 1940 жылдан бастап орыс графикасына негізделген әліпбиде, яғни, үш рет жүргеніндегі мектептер санын қосып жіберген деген ойдамыз. Дәл осы тұс туралы «Тереңөзек» атты кітапта: «…Ауданда 1938 жылы 3 бастауыш, бір орта мектептердің құрылысы басталып, 1939 жылы бітіру жоспарланған. Сауатсыздық пен шала сауаттылықты жою мақсатында 26 мектеп ұйымдастырылып, онда 2734 адам оқыды. Ауданда 30 бала тәрбиелейтін балабақша және 75 баланы қамтитын маусымдық екі балалар алаңы болды. Аудандағы 41 мектепте 5272 оқушы білім алды…» деп көрсетілген. Бұл – шындыққа  жанасымды, 26 мектеп пен 212 мектептің арасы жер мен көктей ғой.

Деректерге көз жүгіртсек, 1938 жылы жаңа құрылған облыс көлемінде 230 бас­тауыш, 48 орталау және 11 орта мектеп болды. Бұл мектептерде 1370 мұғалім сабақ берді. Сондай-ақ, облыста 13 интернат, 6 балалар үйі, 9 балабақша болса, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан Қызылорда педагогикалық институты, Қызылорда және Қазалы педагогикалық училищелері, сауда, темір жол, ауыл шаруашылығы, малдәрігерлік техникумдары мен фельдшерлік мектеп жұмыс істеді. Жетіжылдық мектеп­ке ұстаз кадрлар даярлау міндетін екі­жылдық педагогикалық курстар атқарды. 1938 жылы бұл курстарда 756 адам оқыды. Осы курсты бітірушілердің есе­бінен Сыр бойындағы мектептер педагог кадрлармен  біршама қамтамасыз етілді.

Міне, аймағымыздағы білім беру ісі тарихының кей беттерін ұсына отырып, адам тіршілігіндегі аса маңызды іс – ұрпақ тәрбиесі, білім беру ісі ел егемендігі жылдарында қарыштап дамуда, ұстаздар мәртебесі көтерілуде, бұл аймағымызда да айқын аңғарылады деп тұжырым жасамақпыз. Сыр бойы ұстаздары көне заманнан бастау алған қасиетті істеріне адалдық танытып, биіктерден көрінуде.

Алдажар ӘБІЛОВ,

 филология ғылымдарының

кандидаты,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<