Фото: ашық дереккөз
Мектеп өмірі – үнемі ізденіс пен қызу жұмыс жүріп жататын іргелі орта. Мұңда жас ұрпақтың тәрбиесіне тәлім, болашағына бағыт беріліп, өмірден өз жолын табуы үшін түрлі кәсіпке бейімдеп отырады.
Қызылордадағы №264 мектепке облыс әлеуеті үшін елеулі еңбек еткен қайраткер Т.Есетовтің есімі берілген. Арнайы кабинет жасақталып, оқушыларға танымдық тақталар ілінген. Биыл Тәкей Есетовтің туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, бірнеше іс-шара жоспарда бар. Алғашқысы – Тәкей Есетовке арналған сыныптан тыс сабақ өткізілді. Іс-шараға қоғам қайраткерінің әріптес ізбасарлары, туысқандары, білім саласының ардагерлері және оқушылар қатысып, музейдегі экспонаттармен танысты. Жас ұрпақ тәрбиелеу ісінде осындай ел жақсысының жолын қумаққа бел шеше кірісіп, білім ошағында біршама жаңа бастамаларды қолға алдық.
2020 жылы осы білім мекенінде басшылық қызметті бастай отырып, бұрынғы басшы Ұлбосын Маханова кірпішін қалаған жылыжай жұмысын жандандыруды жалғастырдым. Жылыжай өсіру тәжірибесі мектеп пен жоғары оқу орындары арасындағы дуальді оқыту жүйесіне, яғни, теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясын қалыптастыру мақсатында, сондай-ақ, қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Ол үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жаратылыстану кафедрасының профессоры С.Қосановпен бірлесе зерттеу жұмыстары қолға алынды. Қазір бірнеше оқушы осы бағыт бойынша ғылыми жобалар қорғап жүр.
Мектептің бағытына сай базасын жаңарту үшін бірнеше оқу-танымдық, зертханалық кабинеттер ашылды. «Bioflowers», «Biomasters», «Coworking» кабинеттері және оқушылардың шығармашылығын арттыру мақсатында киностудия, ғылыми-танымдық обсерватория кабинеттері, биология, химия, физика пән кабинеттері де қайта жасақталып, пәнге қажетті жаңа құралдармен жабдықталып, оқушылар игілігі үшін іске қосылды. Көп күттірмей, еңбектің жемісі де көрінді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жас ұрпақтың сапалы білім алуы жолында жасаған жұмысымызға «Үздік білім беру ұйымы» атағы мен 34 миллион теңге қаржылай сыйлықты сол уақыттағы облыс басшысы табыс етті. Бұл – басшы ретіндегі менің ғана емес, бүкіл ұжым болып жұмыла жасаған жұмыстың нәтижесі деп білемін. Аталған қаржыны мектеп фойелерін, акт залын жаңартуға, «Bilim book» тақталары мен сахнаға қоюға, заманауи LED экран алуға жұмсадық. Сонымен қатар жаңа оқу жылында Жапон елімен қызметтік келісім-шарт арқылы «Шөп тамыры» жобасымен мектепке шалғайдан қатынап жүрген білім алушыларымыз үшін 28 миллион теңге тұратын жаңа автобус ұтып алдық.
Мектептің білім сапасын көтеруге қатысты да біршама шаралар атқарылды. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен, «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығымен, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжімен өзара тәжірибе алмасу үшін серіктестік келісім-шарттар жасалды. Осындай тынымсыз ізденістің арқасында мектеп мұғалімдерінің біліктілігі де артып, шәкірттеріміздің ғылыми жоба, олимпиада жетістіктері жоғары деңгейге көтерілді. Тәжірибелі педагогтар мен білім алып жатқан оқушылар кәсіби байқауларға, пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, түрлі өнер, шығармашылық және спорттық сайыстарға қатысып, халықаралық, республика, облыс көлемінде жүлделі орындарды алып жүр. Атап айтсақ, тек 2020-2021 оқу жылы бойынша жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының 9-11 сынып оқушылары үшін ІІ қалалық кезеңінен 11 оқушы жүлдегер болса, 5-6 сыныптар бойынша олимпиаданың қалалық ІІ кезеңінде 14 оқушы орын алды. Осы жылдың облыстық кезеңінен 5 оқушы, республикадан 1 оқушы жеңімпаз атанды. 2022-2023 оқу жылындағы олимпиадада 5,6-сыныптар бойынша 4 оқушы қалалық кезеңге өтсе, олардың 3-уі жүлделі орындармен марапатталды. Ал жоғары сыныптардан 32 оқушы қалалық кезеңде бақ сынамақ.
Оқушыларымыз ғылыми жоба, шығармашылық, спорттық сайыстарда да үздік атанып жүр. Мысалы, биылғы 2022-2023 оқу жылында «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне 14 оқушы қатысып, 10 оқушы жүлдемен оралса, 2 оқушы Алғыс хат,
1 оқушы сертификатпен, 1 оқушы арнайы грамотамен оралды. «Зерде» республикалық зерттеу жобасының қалалық кезеңінен де 14 оқушымыз жақсы нәтиже көрсетті.
Биылғы оқу жылының тағы бір ерекше жобасы – оқушыларымыз алғаш рет Түркия елінде өткен халықаралық пәндік олимпиадаға қатысып, 9 оқушы бақ сынады. Нәтижесінде 11-сынып оқушысы М.Бекжанова орыс тілі пәні бойынша ІІІ орын иеленсе (пән мұғалімі Орал Байсенгерова), Б.Өмірзақ «Мисс олимпиада-2022» атағына ие болды. Анталияда өткен халықаралық байқауға жетекшілік етіп, қолдау көрсеткен директордың бейінді ісі жөніндегі орынбасары Жанар Күзембаеваның мектеп ішінде атқарар қызметі орасан зор. Оқушылар бұл бәйгеден біраз тәжірибе жинақтап, алдағы білім сайыстарына қарқынды дайындықпен қатысуға уәделесті.
Халықаралық дегенде, тағы бір оқушымыздың жетістігі еске түсіп отыр. Ол: 2020 жылы АҚШ елшілігінің жоғары сынып оқушыларына арналған FLEX бағдарламасының бір жылдық оқу грантын ұтып, жеңімпаз атанған 10-сынып оқушысы Назерке Бақытбаева болатын. Жетекшісі – ағылшын пәнінің мұғалімі, шебер-ұстаз А.Амангелдіқызы. Дарынды оқушы Юта штатында 11-сынып оқып, білімін жетілдіріп келді. Осы жылы ол «Елбасы медалі» бағдарламасының 11 мыңнан астам қатысушы тізіміне еніп, 6 айлық жоба нәтижесінде қола медаль иегері атанды. Ал биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша 11-сынып оқушысы Жауқазын Қалдан «Елбасы медалі» қола медаль иегері болды. Сондай-ақ, 11-сынып оқушысы А.Нұртай Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсынан жүлделі ІІ орын иеленсе (пән мұғалімі Н.Ахмедов), физика пәні бойынша «Ғылым әлемін ашамыз» атты ғылыми жобалар конкурсында М.Дүйсенбек ІІ орын алып, жоғары жетістік көрсетті (пән мұғалімі Ә.Сәрсенбай).
Бұл – айтуға тиіс жетістіктеріміздің біршамасы ғана. Осындай өз ісіне адал берілген, ұрпақ игілігі үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген ұстаздарымыздың еңбектері лайықты бағаланып, тиісті дәрежеде алғыс алып, марапатталып келеді. Айталық, мектебіміздің ұлағатты ұстаздары, білікті мамандар Г.Төлендиева, С.Көмекбаева, М.Мұратаева, А.Дүйсенова, С.Дәрібаева, С.Асқарова – Білім және ғылым министрінің, ел Президентінің Құрмет грамоталарын алған тәжірибелі ұстаздар. Осындай үнемі ізденісте жүретін, білім берудің барлық дағдыларын меңгерген құзіретті мұғалімдердің еңбегі нәтижесінде 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі «Үздік білім беру ұйымы» атағын жеңіп алса, мектебімізден 2 ұстаз Ә.Сәрсенбай және Н.Ахмедов «Жыл үздігі – 2022» атағын иеленді. Сонымен қатар, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің жыл қорытындысымен «Үздік серіктестік ұйым» атандық.
«Жақсылықты бөліссең, көбейеді» дейді халық. Бұл мақаланы мақтан үшін емес, елге үлгі болсын, жақсы жетістіктеріміз көп болсын деген ниетте жазып отырмын. Алда атқарылатын міндет көп. Біздің ұжымға, ұстаздарға берілген марапат – иығымызға жүктелген жауапкершілік. Сондықтан сенімге селкеу түсірмей, ұрпақ алдындағы борышымызды адал атқару үшін аянбай қызмет ету басты міндетіміз деп білемін.
Бек ТУМЫРЗАЕВ,
Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<