Тәуелсіздік жылдарындағы білім мен ғылымның жетістігі

33505

0

Тәуелсіздіктің 30 жылында  елімізді дүниежүзі танып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы әлем таныған тәуелсіз мемлекетке айналды. Тәуелсіздік – біздің мәңгілік рухани құндылығымыз, халқымыздың бағы мен бақыты.

Білім мен ғылым кез келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші. Сондықтан да Тәуелсіз Ел атанған алғашқы күннен бастап білім, ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту мақсатын қойды. Бүгінде осы талап биігінен көрініп, елімізде білім, ғылым салалары айрықша даму жолына түсті.

Тәуелсіздіктің 30 жылында білім беруді басқару мен қаржыландырудың құ­қықтық-заңнамалық негізі, әлемдік білім кеңістігіне интеграцияланған қазақ­стандық білім беру жүйесі қалыптасты. Саланың 30 жылдық тарихына көз жіберер болсақ, оны бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Егер 1991-1994 ж.ж. – білім беру саласының заң­намалық және нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру кезеңі десек, 1995-1998 ж.ж. – білім беру жүйесін және оның мазмұнын жаңартуға күш салынды. Ал 1999 – 2004 ж.ж. – білім беруді басқару мен қаржыландыру, білім беру ұйымдарына академиялық еркіндік беру мәселелеріне көңіл бөлінді, 2005-2010 ж.ж. – білім беру жүйесі нарықтық экономикаға бейімделді. 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін – жаңа кезең, инновациялық дамуға бейімделген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың ұлттық моделі қалыптасты.

Білім беру саласында жүргізілген нәтижелі реформаларға сәйкес, бірқатар өзгерістерге қол жеткіздік. Білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді; жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді; үш тілде оқыту жүйесі енгізілді; шет ел азаматтарына Қазақстан Республикасында білім алуға рұқсат берілді; кредиттік жүйе мен білім беру гранты бөлінді; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен академиялық еркіндік беру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік берілді.

Қазақстандық білім беру жүйесінің құрылымы ЮНЕСКО ұсынған Халық­аралық стандарттық білім беру бағ­дарламасының классификация өлшем­деріне сәйкес келтірілген. Қазақстан Республикасы Білім туралы заңының 8-ші бабына сәйкес, білім алу жүйесі жеті сатыдан тұрады:

мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Жоғары білім саласын халықаралық дәрежеге көтеру Қазақ­станның  халықаралық аренада бәсе­кеге қабілетті мемлекет болуына тікелей ықпал етеді. Оны жүзеге асыру үшін 2012 жылдан бастап Қазақстанда көптілді білім беру жүйесі енгізілуде. 2012-2013 оқу жылында Қазақстанның 35 мектебінде көптілді оқыту жүйесін енгізді, сонымен қатар, 1 сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету жобасы қолға алынды.

Республика орта мектептерінде үш тілде сабақ берудің жаңа стандарттары сынақтан өткізілді.

Қазақстанның Болон процесіне жедел кіруі нәтижесінде еліміз үш деңгейлі модельге енді: бакалавриат-магистратура- PhD докторантура.

Жалпы, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғырту арқылы, елімізде халық­­аралық озық тәжірибеге негіз­дел­ген білім беру бағдарламаларын ен­­гізуге мүмкіндік алдық. Қазіргі уақыт­та білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісіне көшуде. Сондық­тан білім беру жүйесі әлеуметтік саясат­тың басты бағыттарының біріне айналу­да, қазіргі уақытта мемлекеттің эко­но­микалық жетістіктері білім беру жүйесімен, азаматтардың білімділігімен, ма­ман­дардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады.

XXI ғасыр – ақыл-ой, білім-ғылым, инновация мен креативтілік не­гізінде үнемі өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. Жылдам өзгеріп отыратын өзгермелі кеңістікте сапалы білім арқылы осы қасиеттерді азаматтар бойына сіңіру адам капиталын дамытудың бірден-бір жолы. Сапалы білім ғана өркендеген мемлекеттің, қуатты экономикалық және бақуатты қоғамның кепілі бола алады.

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Осы кезең аралығында жеткен жетістіктер орасан зор. Алғаш рет кемел келешекті іске асыратын кадр даярлау мақсатында «Болашақ» халықаралық бағдарламасы, заман талабына жауап бере алатын «Назарбаев Университеті» құрылды. Қазіргі уақытта тәуелсіздік рухында тәрбиеленген, білімді, өзгерістерге икемді ұрпақ қалыптасып, еліміздің одан әрі өркендеуіне үлес қосуда. Еліміздің мектептегі білім беру жүйесі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп шығаруға әлеуетті екенін дәлелдеді.  

Оған еліміздің мектеп оқушы­ларының математика және жаратылыстану пәндері бойынша рейтингте алғашқы 10 елдің қатарына кіруін мысал ретінде айтуға болады.

Осыдан аз ғана күн бұрын облыс әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Түркияда өткен олимпиада жүлдегері №9 Білім-инновация лицейінің 10-сынып оқушысы Ерасыл Сапарбековті қабылдады. Озат оқушы әлемнің 46 мемлекетінен талантты жастар қатысқан география пәнінен олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Ол үш кезеңнен тұратын күрделі сынақты ағылшын тілінде тапсырған. Кездесуде облыс басшысы Ерасыл Сапарбековке аймақ абыройын асырып, білім сайысында алға шыққаны үшін арнайы естелік сыйлық пен алғыс хат табыс етті.

Еліміздің білім беру жүйесінің өркендеу көшінде Сыр өңірі де қалыс қалмады. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік: 1991 жылы, яғни Тәуелсіздік алған жылдары облыс бойынша 223   балабақша  жұмыс жасап,  онда 14543  бала  тәрбиеленген  болатын.  Ал Тәуелсіздік  алғанымызға  30 жыл толу  қарсаңында  облыс бойынша  670 мектепке дейінгі ұйымда 58 мыңнан аса бала  тәрбиеленуде.  30 жыл ішінде  447  мектепке  дейінгі ұйым ашылып, ондағы балалар  саны  43618-ге өсті. Елбасының  бастамасымен «Балапан» бағдарламасы қабылданып, 2020 жылға межеленген жоспар 2015 жылы орындалып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар балабақшамен 100 процент қамтылды. Жекеменшік  балабақшалардың үлесі жыл сайын артып, бүгінгі күні 424-ке жетіп, 72,3 процентін құрап отыр.  Жалпы Тәуелсіздік алғаннан бері осы күнге дейін 424 жеке балабақша ашылған.

Тәуелсіздік алған жылдан бастап осы кезеңге дейін облыста 164 мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Оның ішінде 24 жаңа мектеп желісі ашылған.  Нәтижесінде апатты және үш ауысымда оқитын  мектептердің мәселесі шешілген.

Мектептердің материалдық-техника­лық базасы нығайып келеді. Облыстағы мек­тептердің 65 проценті жаңа физика, хи­мия, биология кабинеттерімен жаб­дық­­талған. 124 мектепте робототехника ка­би­­неттері жұмыс жасайды. Барлық мек­­­теп­­тердің компьютерлік паркі толық жаңар­­­тылған және интернет желісіне қосылған.

2015 жылы Байқоңыр қаласында 6 мектеп және 1 балабақша үкіметаралық келісім негізінде Қазақстан Респуб­лика­сының стандарты бойынша білім беру үдерісіне көшті.

2015 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында өзара әріптестік жөнінде меморандум жасалды. Осы меморандум аясында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі таратылатын 46 инновациялық мектеп ашылды. Ерекше білім алуды қажет ететін балалар үшін инклюзивтік білім алуға жағдай жасаған мектептердің үлесі 2013 жылы 13% болса, 2019 жылы Жол картасы қабылданып, қазіргі таңда 91%-ке дейін жеткізілді.

2015 жылы Қызылорда облысы балалар үйі жоқ аймаққа айналды. Облыста 80 орындық отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы жұмыс жасауда. Республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысы бойынша 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін облыстың  19 педагогіне «Үздік педагог» атағы берілді. Жергілікті бюджет есебінен соңғы 8 жыл ішінде «Үздік орта білім беретін ұйым» гранттық жобасы жүзеге асырылуда. 2021 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен 34 млн теңге (осы кезеңге дейін грант көлемі 17 млн теңгені құрап келді) бөлінеді.

2017 жылдан бастап колледждерде 7 арнайы пән мен «Информатика» пәнін ағылшын тілінде оқыту жобасы басталды. 2019-2020 оқу жылынан бастап «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Республикалық физика-математика мектебі», «Білім-инновация лицейі», елорда лицейлерінің жетекші педагогтарынан қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика пәндері бойынша тереңдетіп оқыту жұмыстары жүргізілуде.                                                                                   

2021 жылы Республикалық «Ұлттық мек­теп лигасы» аясында жарыс түрлері бо­йын­ша облыс құрамасы І орын иеленді.

Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері кәсіптік білім беру саласы бойынша қабылданған білім туралы заңның, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіптік білім беру саласына модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 2017 жыл­дан бастап жастардың жұмысшы кәсіп­терін тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіп­тік-техникалық білім», «Еңбек», «Жас маман» бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Президенттің «Бес әлеуметтік бағдарламасы» аясында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Техникалық және кәсіптік білім беру саласына дуальды оқыту, модуль­дік білім беру бағдарламалары енгізіліп, бірінші жұмысшы білікті­ліктерін қатар алып шығу, академиялық дербестік беру шаралары қабылдануда.

Тәуелсіздік алғаннан бері техникалық және кәсіптік арнаулы білім беру ұйым­дары колледж статусын иеленіп, қазіргі таңда «бакалавр» дәрежесін дайындайтын 10 жоғары колледж жұмыс жасауда.

Соңғы 10 жылда Президенттік, ха­лық­аралық және республикалық пән­дік олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурсынан  491 оқушы жүлделі орындарды иеленді.

Ауыл мектептерінде білім алатын дарынды балаларды анықтау және қолдау мақсатында 2019 жылдан бастап «Ел үміті» жобасы аясында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиада және «Елбасы медалі» бағдарламасы  іске асырылуда. «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына 2 жылда 27502 оқушы қатысып, 174 оқушы жеңімпаз атанып, 50 оқушы мамандандырылған білім беру мекемелеріне қабылданды.

Өңірде талантты және дарынды жас­тарды қолдау мақсатында «Сыр дарыны білімділер академиясы» 2018 жылдан бастап жұмыс жасайды. Дарынды балалар академияда әр оқу тоқсаны арасындағы демалыс уақытында білімдерін одан әрі шыңдап, пәндер бойынша озат ұстаздардан 2 тілде дайындық жұмыстарына қатысады.

Кез келген елдің әлемдік бәсекедегі қабілеттілігі  өркендеп дамыған ғылымы­мен өлшенеді. Жаңа өнімдер, сапалы қызметтер, технологиялық үдерістер – барлығы ғылыми жаңалықтардың нәтижесінде жүзеге асады. Білім мен ғылымсыз әлемді мойындату, бәсекеде көріну, сондай-ақ елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту мүмкін емес. Қазіргі уақытта елімізде Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін 7 есе көбейтіп, ІЖӨ-нің 1 процентіне жеткізу басты меже етіп қойылып отыр. Сонымен қатар бағдарламада отандық ғылымды дамытудың негізгі бағыттары мен міндеттері анықталып, соған сәйкес жұмыс жүргізілуде.

Білім және ғылым жүйесінің кадр­лық әлеуетін дамыту. Бұл тұста ғылым­ның зияткерлік әлеуетін нығайту бас­ты мәселенің бірінен саналады. Жас ғалым­дарды қолдау мақсатында кон­курстар өткізу арқылы гранттар таға­йындау, PhD мен тағылымдамаларға ар­нал­ған гранттар санын көбейту, жас ғалым­дарға арнайы ғылыми гранттар бөлу, қазақстандық жобаларды іске асыруда шетелдік ғалым­дарды тарту арқылы нәтижелі ғылыми жаңалықтар ашу көзделуде.

Бағдарламада «Ғылымды цифрлан­дыруды дамыту мақсатында Қазақстан ғылымының бірыңғай ақпараттық жүйе­сі құрылатын болады. Жүйенің мүм­кін­діктері ғалымдардың өзекті дербес бейіндерін құруға және қолдауға, әрбір ғалымның мемлекеттік көздерден қар­жыландырылатын зерттеулерге қатысу тарихын қалыптастыруға, оңтайлы ғылыми әріптестікті ұсынуға, қаржыландыруға өтінімдер мен ғылыми-зерттеулер туралы есептерді жіберуге, сараптамадан өту мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік береді» деген міндет  көрсетілген.

Білім мен ғылымды қаржыландыру көлемін арттыруға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім мен ғылымға арналған жалпы шығыстарды ЖІӨ-нің 5%-не дейін ұлғайтуды қарастыруды тапсырды.

Ғылыми-зерттеу қызметін жаңғырту. Бұл қызметті жаңғыртудың бірден-бір жо­лы – ғылымды интернационалдандыру.

Мемлекетіміз ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қол­дау үшін жетекші шетелдік ғылыми орталықтар мен университеттерде жұмыс істейтін отандастарды тарту үшін арнайы бағдарламалар әзірлеуді негізгі мақсат етіп отыр.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында отандық ғылымның дамуына барлық деңгейдегі білім беру мазмұнын жаңғыртудың әсері зор екендігі де айтылған.

Ғұлама ғалым әл Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін кезең.

Қызылорда облысында қабылданған индустриалды-инновациялық даму бағ­дар­ламасы туралы айтатын болсақ, өңірімізде жергілікті ғалымдардан жасақ­талған сарапшылар тобын құру арқылы аймақтың әлеуметтік-эконо­микалық дамуы­ның тиімді бағыттарын айқындауға қол жеткізуге болады.

Аймақтық университеттердің ғылы­ми-инновациялық қызметтерінің бас­ты мақсаты – аймақтың  әлеуметтік-эконо­микалық дамуы үшін қажет мамандар мен ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау, оларды зерттеушілік және инновациялық қызметке ынталандыру, өңірдің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қызмет көрсету.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдары 2020-2021, 2020-2022, 2021-2023 жылдарға арнал­ған гранттық қаржыландыру конкурс­тарының нәтижесі бойынша отандық ғылым мен өңір экономикасы салалары дамуының басым бағыттары бойынша 11 жобамен жұмыс жүргізуде. Университет бойынша 2025 жылға дейін 13 жобаны  коммерцияландыру жоспарлануда.

Атап айтқанда, DFG Неміс гуманитарлық зерттеу қоры және Тюбинген университетімен бірлескен жалпы құны 28,38 млн теңге құрайтын «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбанизациялануы: Ерте орта ғасырлардағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты үш жылдық жобаны орындау барысында алынған бірқатар құнды  нәтижелер ғылыми айналымға түсті. Еуроодақтың гранттық «Көкжиек-2020» зерттеулер және инновациялар бағдарламасы  аясында университет ғалымдарының «Инновациялық суда ерігіш фитоматериалдар – Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін ингибиторлар» (2021-2024 жж., жалпы құны 64,4 млн теңге) атты жобасы жеңімпаз атанды.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2018-2020 жж. арналған гранттық қаржыландыруы негізінде орындалып жатқан 9 жобаның қорытынды есептері тапсырылды.  Соңғы 3 жылда Web of Science, Scopus базасына енетін халықаралық рецензияланатын журналдарда университет ғалымдарының 226 мақаласы жарияланды. Осы кезеңде 60 патент алынды. Монографиялар саны – 79, оқулықтар мен оқу құралдарының саны 148.

Қызылорда «Болашақ» университеті негізі қаланған жылдардан бастап оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы үздіксіз ғылыммен айналысып келеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендияларға тұрақты түрде қатысып отырады.

Университетте «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты 2014 жылдан бас­тап жұмыс жасайды. 2020 жылдан бастап «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институтының құрамында кафедралар жанынан құралған 1 лаборатория және 4 ғылыми орталық бар: Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулер орталығы; Агробиотехнологиялық ғылыми-зерттеу лабораториясы; Агро­биотехнологиялық ғылыми-зерттеу лабора­­ториясы 2021 жылдан бастап жаңа­дан құрылған «Арал-Сырдария» бассейнінің экологиясы және биоресурстары ғылыми-зерттеу институтына қосылды. Аталған институттың Арал қаласында филиалы жұмыс жүргізуде.

Агробиотехнологиялық ғылыми-зерттеу лабораториясы 2020 жылға арналған жоспарға және атқаратын міндет­терге сәйкес, Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-мен (Қарауылтөбе стационарлық учаскесінде) келісім­шартқа сәйкес қауын сорттары бойынша егістік және зертханалық зерттеулерге, сондай-ақ университет кампусы төңірегінде орналасқан 8 блокты жылыжайда ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізеді. Университет ұстаз­дарының биология және экология мамандығының студенттеріне арналған Білім және ғылым министрлігінің Қазақ Ұлт­тық аграрлық университеті жа­нын­­дағы Республикалық ОӘБ бекіткен екі бөлімнен тұратын 3 оқулығы жарыққа шықты.

«Ақмешіт» гуманитарлық-техни­калық  институты бойынша  ғылыми-зерт­теу жұмыстарымен про­фессор-оқытушылар құрамы және білім алушылар айналысады. Олардың негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары:

  • Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласындағы иннова­циялық процестер;
  • Экологиялық аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының мониторингі;
  • Компьютерлік жүйелерді жасау технологиясы мен әдістемесі;
  • Көлік-логистикалық  кластерінің қалыптасуы мен дамуы;

Институттың ғалымдарымен төмен­дегі тақырыптыр бойынша жұмыстар жасалған:

  • 2019 жылы – «Бақдәулет» шаруа қожалығымен жасалған келісім-шарт бойынша «Аққұм» ауылының әлеуметтік экономикалық жағдайы және даму перспективалары» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысы;
  • 2020 жылы – «Бақдәулет» шаруа қожалығымен жасалған келісім-шарт бойынша «Күріш сорттарының ауруы­на күріштің төзімділігін арттыру» та­қырыбында ғылыми-зерттеу жұмысы;
  • 2020 жылдың ақпан айында инс­титут ғалымдары «Қызылорда облысы жағдайында мүйізді ірі қара мен қойға арналған көп компонентті, толық рационды қоспа азық дайындау технологиясын өндіріске енгізу» және «Күріш ауыспалы егісіндегі ауылшаруашылық айналымнан шыққан жерлерді қайта пайдалану үшін фосфогипс қолдану технологиясын енгізу» тақырыптары бойынша жобалар әзірлеп, Қызылорда облысының №019 бюджеттік бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысты.

2020 жылдың маусым айында институт ғалымдары «Повышение эффективности геномной селекции овец казахской курдючной и эдильбаевской пород с использованием полногеномного анализа SNP» тақырыбы бойынша жоба әзірлеп, Ғылым комитеттінің «2020-2022 арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар конкурсына» ұсынды.

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылда алған асулары мен бағындырған белестерін білім мен ғылым салалары бойынша саралағанда білім беру мен ғылымды дамытуда халықаралық білім мен ғылым кеңістігінде өзінің лайықты орнын алғанына аса мән беріп, дамығанына көз жеткізіп отырмыз.

Осы уақыт аралығында әлемдік білім кеңістігіне интеграциялану арқылы білім беру жүйесінде қазақстандық модель қалыптасты.

Қазақстанда тұңғыш рет «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданды. Бұл өз кезегінде мектеп мұғалімдерінің материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне, моральдық тұрғыдан қор­ғалуына оң әсер етті.

Мектеп оқушылары мен жоғары оқу орны студенттері арасында өткен халықаралық пәндік олимпиадаларда талай рет Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы желбіреді. Еліміздің осындай мәртебелі жеңістері арасында Сыр жастарының болуы – біз үшін мақтаныш.

Қазақстандық ғалымдар әлемдік ғылыми ортада танылып, Тәуелсіз Қазақ Елінің атынан қаншама ғылыми жаңалықтар ашылды.

Түркі халықтары өркениетінде өзіндік орны бар Сыр өңірінің рухани-мәдени құндылықтарын зерттеуге әлем ғалымдары атсалыса бастады. Осындай ғылыми-зерттеу жұмыстарының ұйытқысы, әрине, біздің жерлестеріміз.

Еліміздің білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейге көтерілуі, білім саласындағы жеткен жетістіктеріміз бен қазақ ғылымындағы тың жаңалықтар – ұстаздарымыз бен ғалымдарымыздың, білім, ғылым саласы менеджерлерінің нәтижелі еңбегі. Оған Сыр өңірі  ұстаз-ғалымдарының да қосқан үлесі зор деп білеміз.

Қылышбай Бисенов,

ҚР ҰҒА академигі,

техника ғылымдарының докторы,

профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<