Елдегі пандемия жағдайына байланысты өзіндік ерекшелігімен есте қалған өткен оқу жылында білім сапасымен жоғары нәтижеге қол жеткізген білім ұялары аз емес. Олардың қатарында Арал қаласындағы Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейі де бар.
Әлемді жайлаған індеттің кесірінен өткен оқу жылының онлайн форматта басталуы мұғалімдерге біршама күш салғаны белгілі. Мұндағы мақсат – еліміздегі төтенше жағдайға байланысты балаларымыздың денсаулығын қорғау болатын.
Бұл ең оңтайлы шешім болғанымен, оның салмағы ең алдымен мұғалімдер мен ата-аналарға түскені анық. Дегенмен, мұғалімдер қауымының шеберліктерін ұштап, қиын сәтте жол таба білуге шыңдады. Жас ұрпаққа білім беру жолында мұғалімдер барлық қиындыққа төтеп беріп, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы өзі қатысқан тамыз кеңесінде Ұлттық бірыңғай тестілеуді балаларға ыңғайлы әрі барынша ашық өткізуге байланысты берген тапсырмасына сай, биыл бірыңғай тестілеу алғаш рет электронды форматта жүргізілді. Бұл формат ашықтықты барынша қамтамасыз етуге, қатысушыларға қолайлы жағдай жасауға көмектесті. Биылғы ерекшелікті ата-аналар мен балаларға жете түсіндіріп, ұйымшылдықпен, жауапкершілікпен жүргізген еңбектің нәтижесінде мектеп түлектерінің 5-еуі «Алтын белгі», ал 6-уы «Үздік аттестатты» иеленіп, үлкен жетістікке қол жеткіздік.
Мұндай нәтижеге жетуде пән мұғалімдерінің еңбегі өлшеусіз. Мектеп-лицей ұжымы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Жаратылыстану» институтымен жасалған ынтымақтастық барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, шығармашыл мұғалімдер мен оқушылардың тәжірибеден өтуіне жағдай жасау, дарынды оқушылардың талантын ұштау мақсатында біріккен байқаулар мен олимпиадалар ұйымдастыру сынды шараларды өткізуді қолға алып, жаратылыстану бағытында жүйелі білім беруде жаңашылдықпен еңбек етуде. Соның нәтижесі – география, биология және физика пәндері бойынша онлайн форматта өткізілген Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда ізденімпаз ұстаздар арнайы сертификатқа ие болды. Сондай-ақ, Қызылорда облысының білім басқармасы мен Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік биология пәнінің мұғалімі-2021» облыстық кәсіби байқауында биология пәнінің мұғалімі Ә.Ділмағамбетова І орынды иеленіп, облыс мұғалімдері арасында топ жарды.
Шәкірттер жетістігі де айтарлықтай. Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры мен дарынды жастарды қолдауға бағытталған «Ел үміті» жобасында 11-сынып оқушысы Жанерке Қалиева «Елбасы медалін» иеленді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен облыстық білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен қашықтан өткізілген республикалық юниорлық олимпиаданың облыстық кезеңінде география пәні бойынша тәжірибелі мұғалім Л.Сәрсееваның шәкірті А.Бақытбекқызы І орынға ие болды. Міне, «балапанды күзде санайды» дегендей, мемлекеттік білім беру грантының конкурсына қатысқан 30 түлегіміздің 24-і қалаған мамандықтары бойынша еліміздегі жоғары оқу орындарының студенті атанып, ұстаздар қауымы мен ата-аналарды қуанышқа бөледі. Ұжымда ауызбірлік пен кәсіпке деген сүйіспеншілік, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен ізденімпаздық тізе қосқан жерде жетістік те ілесе жүрмек.
Жаңа оқу жылын да қуанышты жаңалықтармен бастағалы отырмыз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен шахматтан Қазақстан Республикасының 10 жасқа дейінгі рапид түрінен өткен жекелей чемпионатында мектеп-лицей оқушысы Ақылжан Мейірханұлы ел чемпионы атанды.
Мемлекет басшысының оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсыруы баршамызды бір серпілтті. Білім берудің дәстүрлі форматына оралу – қажетті шара. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар да бұл жаңалықты асыға күткені анық.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар. Жас ұрпақтың тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы білім мен тәрбиеге байланысты. Сондықтан жауапкершілік пен жаңашылдық, ізденіс пен еңбек әрқашан серігіміз болуы керек. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақ ұстаздарына мықты денсаулық, абырой мен нәтижелі еңбек тілеймін. Қуанышты жаңалықтарымыз көп болсын!
Жасұлан АЙТЖАНОВ,
Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицей директоры, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері.
Арал қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<