Қалалардың өсiп, ауылдың iрiленуi – өркениеттi қоғамның жетiстiгi. Алайда, ауылдан бiржола тамыр үзiп қалмау – бүгінгі өзекті мәселенің бірі. Оның үстіне алыптардың көбі осы ауылда дүниеге келгенін ескерсек, болашақта бұл үрдiстiң жiбi үзiлмес үшiн мұнда ұлттық мәдениеттiң ошағы, заманауи бiлiмнiң бастауы сақталуы тиіс.
Бұл ретте мемлекет тарапынан «Дипломмен – ауылға!», «Ауыл жастары», «Жастар кадрлық резервi» секілді бірқатар тиімді бағдарламалар қабылданып, жемісті жүзеге асты. Нәтиже де көңіл көншітерлік. Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы 3-4 жылдың көлемінде ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген жас мамандардың саны едәуір артқан. Әсіресе, жоғарыда аталған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін көрген жастардың қатары қалың. Биыл аталған бағдарлама бойынша 52 маманның баспаналы болуына республикалық бюджеттен 196 950,0 мың теңге және 109 маманның көтерме жәрдемақыға қол жеткізуіне 19265,8 мың теңге қаржы бөлініпті.
Айгүл Құлшаева осы жеңілдікке қол жеткізгендер қатарында. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша білім алған. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін арман қала Астанаға бет алуды да ойлапты. Бірақ, ол туған топырақтан жырақтап кеткен жоқ. Сырда қалып, елге қызмет етуге бел буды. Бала кезінен ұстаз болуды армандаған Айгүл қазір қала іргесіндегі Наурыз елді мекенінде орналасқан №268 мектеп-лицей мұғалімі.
– Мен де өзге замандастарым секілді үлкен қалаға аттанып, мақсатымды жүзеге асыруға асыққан кездерім болды. Дегенмен, жақындарымның жанында қалып, ойдағы армандарымды туған өлкемде іске асыруды шештім. Таңдауыма еш өкінбеймін. Ең бастысы, жастарға берілген осындай мүмкіндікті қалт жібермегеніме қуанамын. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы жастар үшін қашанда ерекше маңызға ие. Осы бағдарлама аясында біржолғы көмек пен тұрғын үйге қол жеткіздім. Сондықтан әрбір жас берілген жеңілдіктерді пайдалана отырып, туған жерінің дамуына атсалысса, оны түлетсе деймін. Оның үстіне биылғы жылдың «Жастар жылы» ретінде белгіленуі де үлкен мәртебе, қуаныш. Бұл жылы біз үшін маңызды деген мәселелер шешімін табатынына, әрбірімізге жігер сыйлайтын жаңашылдықтардың орын алатынына сенімдімін, – дейді кейіпкеріміз.
Айгүл әңгіме барысында мамандығының қыр-сырымен де бөлісті. Әрбір азаматтың қабілетті болуы ұстаз берген білімге байланысты екеніне, ал ұстаздың негізгі құралы оның берген дәрісінде екеніне тоқталды.
– Ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Әрбір оқушының қабілетіне қарай бағдар беріп, жөн сілтейтін, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелейтін мамандық иесі болғанның өзі зор жауапкершілік жүктейді. Оған қоса шәкірттеріңнің озат болуы үшін өтетін сабағың да бірсарынды болмауы тиіс. Оқытудың тың әдіс-тәсілдерін үнемі меңгеріп отыру қажет. Себебі, сенің берген білімің оқушы арқылы көрініп тұрады, – дейді Айгүл.
Талапты жас маманмен тілдескеннен кейін, оның сөйлеу мәнеріне тәнті болып, «Ұстаздың шынайы бет-бейнесі осындай болса керек» деген пікірге тоқталдық. Өйткені, оны көкейіндегісін бүкпесіз жеткізетін дағдысы ерекшелендіріп тұр. Қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, білім берудегі жаңашылдығымен көзге түскен ұстаз абырой биігінде келеді. Оқушыларының жеткен жетістігі бар жоба. Бұл ретте қажетті білімді меңгерген Айгүл секілді жастардың қарасы көбейгені қуантарлық екенін айтпақпыз. Бойына елжандылық дарыған олардың ел ертеңі үшін аянбай еңбек ете берері анық.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<