Тарихи білім ордасы дамудың жаңа кезеңінде

754

0

«Тарих – өткеннің куәсі, бүгіннің үлгісі мен өнегесі, болашағымыздың асыл қазынасы» деп бекер айтылмаса керек. Бастауын өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан алатын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне биыл 85 жыл толып отыр. Ұжымымыздың бүгінгі жетістіктері осы жылдары жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ізгілікті де білікті маман даярлау ісінде аянбай тер төккен ұстаздар мен қызметкерлеріміздің ерен еңбегінің нәтижесі екені даусыз.

Бүгінде университет – еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, уақыт талабына сай білікті мамандар даярлайтын оқу орны. Сексен бес жылдық тарихында талай тағдырлы кезеңдердің, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің куәсі болды. Бүгінде халықаралық байланыстары нығайған университет әлемдік білім кеңістігінен өз орнын айқындап, еліміздегі жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық межені сақтап келеді.

Университет өз бастауын еліміздегі алғашқы жоғары оқу орындарының ондығына кіретін Қызылорда педагогикалық институтынан алады. Институт іргетасы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 21 тамыздағы аса құпия қаулысы бойынша Қиыр Шығыстан Қызылордаға корей ұлтымен бірге қоныс аударған Корей педагогикалық институтының негізінде қаланды.

Міне, содан бергі 85 жылда бүгінгі университет қалыптасу мен дамудың өнегелі жолынан өтті. Өңірдің инновациялық өрісіне өлшеусіз үлесі бар білім ордасы еліміздің сұранысына сай кәсіби мамандар даярлаудың жоғары мектебіне айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1941-1945 жылдары Қызылорда педагогикалық институты базасында эвакуацияланған Мәскеудің ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты, Симферополь медицина институты, Киев және Харьков университеттері орналасып, бірге жұмыс істеді. 1952 жылдың наурыз айында Қызылорда педагогикалық институтына Н.В. Гоголь есімі берілсе, 1992 жылы ұлы дала ойшылы Қорқыт ата есімімен қайта аталды.

Бүгінгі университеттің бастауында тұрған тағы бір жоғары оқу орны – 1976 жылы ашылған Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалы. Филиал 1990 жылғы 15 қарашада Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты болып қайта құрылып, оған 1992 жылы атақты күрішші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың есімі берілді. 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті мен Ы.Жақаев атындағы политехникалық институт біріктіріліп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.

Бүгінде университет, шын мәнінде, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-инновациялық дамуының бірегей орталығына айналып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылым мен жоғары білім жүйесін бәсекеге қабілетті дамыту ісіне барынша көңіл бөліп, ерекше назарында ұстап отырғаны баршамызға аян. Жаңа реформалар аясында жоғары оқу орнының басқарушылық, білім беру мен ғылыми қызметінің барлық құрылымдық және мазмұндық құрамын қайта жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды. 2020 жылғы 1 шілдеден бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы ретінде қайта құрылды. Осынау бетбұрыс кезеңінде, 2020 жылдың қаңтар айында Алаштың анасы атанған Сыр өңіріндегі тарихы терең, бірлігі бекем, дәстүрі кенен Қорқыт ата университетін басқару ісі маған сеніп тапсырылды.

Әлемдік бәсекеге төтеп берудің басты шарты – күшті рух пен білім. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында, білім саласында көптеген реформалар жүзеге асып, тың идеяларға дем беріп, жаңаша бетбұрыс жолына түсті. Бүгінде жаңа жүйе өз жемісін беруде. 2020 жылы университет қызметкерлерінің еңбекақысы 25-40%-ға, өткен жылы профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы тағы 60-90%-ға артты. Кейінгі үш жылда университет бюджеті екі есе өсті.

Биылғы оқу жылында университет бағындырған тағы бір жетістік – Азия университеттері арасында жүргізілген ең жоғары рейтинг – Asian University Rankings – 2023 қорытындысы бойынша әлемнің 23 елінен қатысқан 760 университет ішінен үздіктер қатарына кірді.

Жоғары оқу орны ғылыми зерттеулермен белсенді айналысатын, жаңа идеяларды қалыптастыратын бастамашыл, креативті азаматтар үшін тартымды жұмыс орнына айналуда. Кадрларды даярлау 5 институт базасында 115 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Профессор-оқытушылар құрамының 50%-ның ғылыми атақ-дәрежесі бар. Штаттық кестеге «Профессор-зерттеуші» және «Оқытушы-зерттеуші» жаңа лауазымдары енгізіліп, оқытушы моделі нарық талабына сай жаңа құзыреттіліктермен толықтырылды. Оқу үдерісіне облыс кәсіпорындары мен мекемелерінен жетекші практик-мамандар көптеп тартылуда.

Жүйелі жұмыс нәтижесінде бакалавриат, магистратура, докторантураның жалпы контингенті 1,7 есеге, үш жыл бұрынғы 5195 адамнан 2022-2023 оқу жылында 9014 адамға дейін ұлғайды. Мемлекеттік тапсырыс негізінде оқитындар саны да артып, биыл 3159 адамға дейін ұлғайды. Контингент өсуіне 2020 жылы ашылған рекрутинг орталығының жүйелі жұмысы да ықпал етті.

Облыстың білім беру саласын жаңа формациядағы кадрлармен қамтамасыз ету үшін педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер біліктілік санаттары бар кадрлар үлесін арттыруға, киберпедагогика және қашықтықтан оқыту әдіснамасы бойынша оқытуға ықпал етудеміз. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар гранты негізінде 322 студент білім алуда. Соңғы үш жылда өндірісте кафедралардың 94 филиалы ашылып, практика базаларымен 646 шарт жасалды. Бекітілген жаңа кәсіптік стандарттар мен жұмыс берушілердің сұраныстары негізінде даярлаудың барлық деңгейлері бойынша 95 білім беру бағдарламасы жаңартылды. 163 пән бойынша 38 білім беру бағдарламасына дуалды оқыту элементтері енгізілді.

Көп тілде білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу, әлемнің жетекші университеттерімен қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылуда. Өткен оқу жылында үш жаңа білім беру бағдарламасы, Ресей Федерациясының Томск политехникалық университетімен бірлескен магистратура бойынша үш қосдипломды бағдарлама ашылса, Новосібір мемлекеттік университетінің механика-математикалық факультетінің филиалын ашу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Өткен оқу жылында шетелден 22 оқытушы шақыртылып, біздің 16 оқытушымыз еліміздің жоғары оқу орындарында дәріс берді. Шетел жоғары оқу орындарында 25, еліміздің жоғары оқу орындарында 74 студентіміз оқып жатыр. Сондай-ақ, 22 шетелдік студент университетте білім алуда.

Соңғы кезеңде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы екі еседей артты. WoS және Scopus халықаралық деректер қорына кіретін басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны бір жарым есеге өсті. Университет тарихында тұңғыш рет 2021 жылы жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін қолдау үшін арнайы гранттар бөліне бастады. Жастарды ізденіске жігерлендірген жағымды үрдіс жыл сайын жалғасын таба бермек.

Үлкен жетістіктеріміз қатарына жататын Португалиядағы Жаңа Лиссабон университетінің үйлестіруімен Мария Складовская-Кюридің Еуропалық одақтың «Horizont – 2020» бағдарламасы бойынша «Альцгеймер және Паркинсон ауруларының профилактикасына арналған инновациялық суда еритін фитоматериалдар-ингибиторлар» ғылыми жобасы орындалуда.

Сыр өңіріндегі ортағасырлық қалашықтар мен ескерткіштерге жүргізілген археологиялық зерттеулер халықаралық бағдарламалар Қызылорда облыстық бюджетінен бөлінген қаржы негізінде жалғасын табуда. Соның бір дәлелі – Германия зерттеу қоры 2018-2020 және 2022 жылдары қаржыландырған «Ұлы Жібек жолы бойында көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбандалуы: ертеортағасырлық Жанкент қаласы» атты халықаралық жобасы. Биыл жазғы қазба жұмыстарына Тюбинген университетінің археолог ғалымдары, Ресей Жоғары экономика мектебінің магистранттары мен аспиранттары, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің археология мамандығында оқитын ерікті студенттер қатысты.

Философия докторы (PhD) дәрежесін беру бойынша 2019-2021 жылдар аралығында 7 диссертациялық кеңес жұмыс істеп, 18 диссертация қорғалды. Биыл жаңадан педагогика және психология, қазақ тілі мен әдебиеті, құрылыс және құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер ашылды.

Жоспарлы жұмыстар нәтижесінде «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Хабаршысы» журналының «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» бағыты ғылыми еңбектің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласында cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілді.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша 7 ғалымымыз АҚШ, Германия, РФ, Беларусь елдерінің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Халықаралық шарттардың саны соңғы үш жылда 20%-ға артып, 180-ге жетті. Оның ішінде QS университеттерінің әлемдік рейтингінің ТОП-500-ге кіретін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен 8 шарт жасалды. «Қауымдастырылған серіктестердің жаһандық желісі» компаниясының келісімі бойынша 2020 жылдың қазан айында ашылған TOEFL аймақтық тестілеу орталығы ниет білдірушілердің ағылшын тілі деңгейін ресми растауға жақсы мүмкіндік беруде.

АҚШ Елшілігінің гранты негізінде «Қазақстан университеттерінде экология мен қоршаған орта ғылымдары бойынша тіректі оқу бағдарламаларын ілгерілету» жобасын жүзеге асыруға атсалыстық. Жобаның үйлестірушісі – АҚШ-тың Мичиган университеті. Грант иеленуші ретінде университет 2022 жылы маусым айында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, І.Жансүгіров атындағы ЖУ, М.Х.Дулати атындағы ТарУ және АҚШ, Нигерия, Моңғолия ЖОО-ның жас ғалымдарын біріктірген жұмыс алаңына айналды.

Тағы бір ақжолтай жаңалық, Корея Республикасының Білім министрлігі Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілету үшін 2023 жылы халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университет жобасын бастамақ. Қорқыт ата университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің информатика және инжиниринг департаменті бірлесіп, «Жасанды интеллект және информатиканың жаңа мектебін және бизнес-инкубациялық орталықты құру» жобасын әзірледі. Бірнеше жылға арналған жоба еліміздің экономикалық және цифрлық дамуына септігін тигізбек.

Университет қабырғасында студенттерді ғылыми қызметке баулу үшін қажетті жағдайлар жасалған. Соның бір дәлелі – инновациялық идеяларды қолдаудың «Кәсіпкерлік орталығы» арқылы өткен оқу жылында студенттер тарапынан 46 стартап жоба орындалып, 14,3 млн теңге инвестиция тартылды.

Еліміздің жоғары оқу орындары арасында соңғы екі жылда республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсында 19 студент жүлдегер атанды. Биылғы XIV республикалық студенттік пәндік олимпиадаға университеттен 21 білім беру бағдарламасы бойынша командалар қатысып, барлығы да жүлделі орындарды иеленді. Тағы бір маңызды бағыт – мектеп оқушыларын ғылымға баулу. Соңғы үш жылда ғалымдарымыздың жетекшілігімен 125 оқушы халықаралық, республикалық ғылыми жұмыстар конкурсы мен пәндік олимпиадалардың жүлдегері атанды.

Цифрландыру жұмыстарының қарқыны да ерекше. Алдағы мақсат – 2025 жылға дейін онлайн университет деңгейіне шығу. Заманауи цифрлық инфрақұрылым арқасында халықаралық аренада позициямыз нығая түсетіні сөзсіз.

Инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаражат жылдан-жылға артып келеді. Университет тарихында алғаш рет ғылыми кітапхананың Студенттер сарайындағы қызмет көрсету бөлімі модернизациядан өтті. Жаңа үлгідегі кітапхана 16 қыркүйекте іске қосылды. Тұрғын үйге мұқтаж барлық студенттер жатақханамен қамтылған. Олар үшін оқу ақысы, қоғамдық көлікте жол жүру, тамақтану жеңілдіктері бар.

Бедел биігіндегі білім ордасы құрылғалы бері қоғам мүддесі үшін 70 мыңдай кәсіби маман даярланса, соңғы 5 жылдың өзінде 7036 бакалавр, 1034 магистр түлеп ұшты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі жоғары оқу орындарының алдына жаңа міндеттер қойды. Бұл қатарда өңірлік жоғары оқу орнын өңірдегі инновациялық, ғылыми-технологиялық, кадрлық және өндірістік белсенділіктің орталығына айналдыру ұжымның ең басты мақсаты болып қала бермек.

Өзінің 85 жылдық белесіне университет мамандар даярлауда өзіндік дәстүрі бар, ұрпақтар сабақтастығын берік ұстанған іргелі оқу ордасы ретінде жетіп отыр. Бұл университеттің ғана емес, сонымен қатар Сыр өңірінің жоғары білім беру жүйесінің биік көрсеткіші деп білеміз.

Мерейтойлық жыл маңызды оқиғаларға толы. Түрлі бағыттағы форумдар, кездесулер, ғылыми конференциялар, тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті оқытушы-профессорларын, студенттері мен барша түлектерін бүгінгі 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Ұжымның шығармашылық табыстары, батыл бастамалары мен кәсіби жетістіктері Жаңа Қазақстан құруға өз үлесін қоса отырып, ынтымақты бірлігіміздің арқасында жаңа белестерді бағындыратынымызға сенім білдіремін.

Бейбіткүл КӘРіМОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<