Тарих – өткен күндердің айнасы. Өңірде талай түлекті қанаттандырған И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжіне биыл – 90 жыл. Осы жылдар ішінде оқу орнын тәмамдаған азаматтар бүгінде биіктерді еңсерді. Білім ошағы өңірдегі маман тапшылығын жоюда өз маңызын жоғалтқан жоқ. Тарих сахнасындағы тоқсан жыл кәсіптік мектептің өміршеңдігін дәлелдеді.
Білім ошағында бүгінде екі мыңға тарта студент білім алса, оларды екі жүз оқытушы мамандыққа баулуда. Колледж директоры Ибадулла Құттықожаев аға буын салған ізбен жастарды жарқын болашаққа бастап келеді.
«Өткен күнде белгі бар» дейді халық даналығы. Тарих беттерін парақтар болсақ, білім ошағы 1930 жылы агро-индустриалды техникум болып құрылды. Араға бір жыл салып, Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумы болып өзгерді. Ал 1959 жылы Қазалы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумымен біріктіріліп, Қазалы ауылшаруашылық техникумы болып аталды. 1971 жылы Комсомол совхозына көшірілген техникум совхозбен қосылды. Алты жылдан соң Қызылорда совхоз техникумы болып қайта құрылды. Одақ бойынша материалдық базасы нық оқу орындарының қатарында саналатын бұл жерден Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, техника ғылымдарының докторы Серікбай Қошқаров, Сырдария ауданын басқарған белгілі кәсіпкер Әріп Хожбанов, белгілі композитор Рамазан Тайманов қанаттанды.
Бүгінде білім ошағы темірден түйін түйген ұсталарды да, техниканың құлағында ойнайтын механизаторларды да, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандарын даярлау үстінде. Тарихы тереңге тартқан оқу орнында біздің де қолтаңбамыз қалғанына қуаныштымыз. Ең мықты профессорлардың, өмір мектебінің дәрісін алған біз кейін осы оқу ордасының гүлденуіне еңбек еттік.
Әр қабырға… Әр бұрыш… Тіпті әр кабинет өткен күннің тәтті естеліктерін ойға оралтады. Бүгінде тоқсан жылдың торабында тұрған қызмет орнымның әлі де талай саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарарына сенімім мол.
Оқу ошағы жыл санап жаңа кейіпке ене бастады. Соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Айталық былтыр жатақхана ғимараты толық жөндеуден өтті. Ал биыл оқу ғимаратының сыртқы қасбеті толық жаңартылды. Бұл – колледж ұжымының жаңа заман көшіне ілесіп, студенттерге жақсы жағдай жасап жатқанының айғағы. Аға буын қай кезде де құрметсіз қалған емес. Мерейтой қарсаңында ардагерлер ұлықталды. Ұстаздар мен бүгінгі жас толқын арасында жүздесулер өткізіліп тұрады. Ұрпақтар сабақтастығы жүйелі жүзеге асып келеді.
Кеңшілік ТҰРСЫНБАЕВА,
ардагер-ұстаз
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<