Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің тарихы 1940 жылы 2 қазанда жарияланған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «КСРО Мемлекеттік еңбек резервтері туралы» Жарлығынан бастау алады. Сонан бергі 80 жылда бұл жүйе сан алуан қайта құрулар мен өзгерістерден өтті. Осы кезеңде кәсіптік білім беру ұйымдары экономиканың барлық дерлік салаларына сан мыңдаған білікті техникалық және қызмет көрсету мамандарын даярлады. Бүгінгі күні техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының алдында жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға қажетті сапалы, білікті мамандар даярлау, мазмұны жаңартылған білім беру қызметін қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық құжаттар базасын жетілдіру қажеттілігі туындауда.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру мәселелері бойынша техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінің заңнамалық қамтылуын айта келе, Facebook парақшасында Білім заңына енгізілген өзгерістер туралы хабарлама жасады. Министрдің «Енді студенттердің дуальді оқыту жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бұл колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасу мүмкіндігін арттырады» деген түсіндірмесінің негізінде теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін білім берудің дуальді оқыту жүйесін дамыту міндеті жатыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында 2-3 жылда дуальді оқытуға негізделген техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру бүгінгі уақыт талабы екендігі айтылған болатын. АҚШ, Германия, Австрия, Швейцария, Оңтүстік Корея және тағы басқа дамыған мемлекеттерде кеңінен қолданыста жүрген бұл бағдарлама бойынша техникалық мамандықта білім алатын студенттердің дәрістерінің басым бөлігі мамандықтарына сәйкес кәсіпорындар қабырғасында өтетіні белгілі.
Елімізде білім беру жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі – заман талабына сай білімді, білікті және ақпараттық технологияны еркін түрде меңгерген мамандарды дайындау. Қазіргі кезеңде кәсіптік білім беру саласындағы әлеуметтік серіктестік білім беру мекемелерінің жұмыс берушілер, жергілікті атқарушы билік, еңбекпен қамту қызметтері, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ, жастарды кәсіби қалыптастыру, аймақтық еңбек нарығын игеру үдерісіне қатысушы барлық тараптардың мүдделерін ескеріп, жүзеге асыруға бағытталған. Әлеуметтік серіктестік қарым-қатынасқа мемлекет, өндіріс, кәсіптік және техникалық оқу орны қатысады.
Дуальді оқыту жүйесін оқу процесінде қолдану тәжірибесі бірқатар артықшылықтарын көрсетуде. Ол дәстүрлі оқу түрлерінде кездесетін негізгі кемшілікті, теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жояды. Бұл жүйенің механизмінде маманның жеке тұлғасына әсер ету, болашақ маманның психологиясын өзгерту орын алған. Оқушыларда білім алу мен дағдыға ие болуға деген үлкен мотивация, қажеттілік туындайды. Себебі, олар білім сапасының кәсіпорындағы қызметтік міндеттерін орындауына тікелей байланысты екенін сезінеді. Соған сәйкес оқу орны жұмыс берушімен тығыз байланыста болып, болашақ мамандарға қойылатын талаптарды ескеріп отырады. Жұмыс берушілер де өз кезегінде кәсіпорынды мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешеді.
Дуальді оқыту жүйесі бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік береді. Түрлі жүйелердің, білім, ғылым және өндірістің өзара байланысын нығайтады. Бұл тәжірибені оқу үдерісіне енгізу кәсіптік білім беру жүйесіндегі мамандар даярлау сапасын арттырады.
Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Германияда ірі кәсіпорындардың 90%-і әрбір бесінші шағын өндіріс орны студенттерді оқуға қабылдайды. Онда оқудың негізгі шығындарын бизнес (шамамен 23 млрд еуро), мемлекет тек 3 млрд еуро шығынды өтейді. Жұмыс күші нарығының 54%-і дуальді оқыту бағдарламалары түлектері есебінен қалыптасады. Білім алушылардың 68%-і оқу бітіргеннен кейін өз компаниясында жұмысқа қалады.
Италияда кәсіпкерлерге өздері оқытқан студенттердің кем дегенде 50%-ін қызметке алып қалуды міндеттейтін заң қолданыста. Бразилия кәсіпорындарына арналған мұндай міндеттеме 5-15% аралығындағы студенттерді қамтиды. Ұлыбританияда 2020 жылға қарай кәсіпорындарда 3 млн оқушыға орын құру мақсаты қойылған. Мемлекет жұмыс берушілерге бір оқушы үшін 1500 фунт стерлинг мөлшерінде гранттар бөледі, бұған қызметкерлер саны 50-ге дейінгі кәсіпорындар ғана қатысты.
АҚШ-та 16 жасқа толған жастарды техникалық мамандықтарға оқыту бойынша Apprenticeship-2000 бағдарламасы 1995 жылдан бері Солтүстік Каролинада жұмыс істейді. Тегін бағдарлама түлекке жылына 36 мың доллардан кем болмайтын жалақы алуға кепілдік береді. Дуальді оқыту Австрияда, Швейцарияда кең таралған. Нидерландыда ТжКБ-дегі дуальді оқыту кезінде алынған кредиттерді қайта есептеу ЖОО деңгейіне оңай өтуге мүмкіндік береді. Канадада оқушының білім алуына арналған салықтық несие жұмыс берушіге әр оқушыдан жылына 5000 канадалық долларды қайтаруға мүмкіндік береді. Францияда жұмыс берушілер әлеуметтік қамтамасыз ету шеңберінде 1600-ден 2200 еуроға дейінгі мөлшерде әр оқушының салықтық несиесінен өтемақы алуға құқығы бар. Ресейде жұмыс берушінің оқушыға және оны оқытуға жауапты қызметкерге жұмсалатын қаражаттың жарты бөлігі өтеледі. Мемлекет жұмыс берушілердің қатысуын ынталандырып, кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасап, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналаса алуына кепілдік берген жағдайда елде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік туады.
Бұрын колледждердегі оқу бағдарламаларының мазмұны, оларды игерудің нормативтік мерзімдері білім берудің жалпыға міндетті стандарттармен анықталып, кәсіптік білім ұйымы жасаған жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылып келсе, биыл бекітілген заңнамаға сәйкес колледждерге академиялық дербестік беріледі.
Академиялық дербестік білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгертуге, оқу мерзімін өзгертуге мүмкіндік береді, яғни, жалпы орта білімі барларға 2 жылдан кем емес, техникалық және кәсіптік білімі барларға 1 жылдан кем емес деген әр біліктілік бойынша қатаң бекітілген білім алу мерзімінің оқу ұзақтығы нақты білім беру бағдарламасына және қажетті оқу нәтижесіне байланысты болады. Жаңа өзгерістерге сәйкес колледждер жұмыс берушілермен келісе отырып, кәсіптік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеп, оны ҚР БҒМ бағдарламаларының тізіміне қосып, соған байланысты кадрлар дайындайды.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу полигондарында, оқу шаруашылықтарында, жұмыс берушілер жүргізетін өндірістік оқыту процестерінде, сонымен қатар оқудан тыс уақыттарда өндірістік және ауылшаруашылық, халық тұтынатын тауарлар өндіргенмен оларды өзіндік құнына сәйкес бағамен сата алмайтын. Сондай-ақ, қызмет көрсету мамандықтары бойынша ақылы қызмет жасау мүмкіндіктері де шектеулі болды. Ендігі жерде колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, дайындаған бұйымдарын мамандықтардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге бағытталған қаржы көзіне айналдыра алады.
Жоғары оқу орындарына қарасты колледждер коммерциялық емес нысандағы заңды тұлға мәртебесінің болмауы салдарынан бюджет есебінен кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс ала алмайтын. Сондықтан, мемлекеттік тапсырысты да жалпы талаптар негізінде белгілеу қажет. Жаңа түзетулерге сәйкес бұл мәселе оң шешімін тапқанмен мемлекеттік тапсырысты ұйымның маман дайындау мүмкіндіктеріне, ерекшеліктеріне қарай бөлген дұрыс.
Сонымен қатар, колледждер институционалдық аккредиттеуден өткенде мемлекеттік тапсырысты алуға ұмтылған әрбір мамандық бойынша да мамандандырылған аккредиттеуден өтуге міндетті болатын. Бұл бір жағынан аккредиттеу стандарттарының талаптарына сәйкес қосымша жұмыстардың көбеюіне алып келсе, екінші жағынан білім беру ұйымдарынан қыруар қаражат талап етеді. Бұл шығын мемлекеттік тапсырыспен оқитын білім алушыларға берілетін қаражаттың ішінде қарастырылмағандықтан, салмақ ұйымның қаржысына түседі. Осы жағдайдың себебінен көптеген колледждер үшін мемлекеттік тапсырыс қолжетімсіз болып қала беретін. Мемлекеттік тапсырысқа қатысты аккредиттеу талаптарының алынып тасталуы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі оңтайлы өзгерістің басы ғана.
Еңбек нарығының сұранысына сай білімді де білікті және жұмыс орындарында талап етілетін құзыреттерді меңгерген болашақ мамандарды даярлауда білім берудің икемді, бейімделгіш жүйесі ғана заман талабына сай қызметін жалғастыратын болады. Сондықтан мұндай заңнамалық реттеулер мен оң өзгерістердің білім саласында жиі орын алғаны абзал.
Бахытхан ӘБДІКӘРІМОВ,
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<