Адамзат тілінің алғаш пайда болуы, тіл мен ойлаудың өзара генетикалық байланыстары, тілдік негіз элементтер, ең ілкі сөздің пайда болуы, т.б. маңызды теориялық мәселелер Аристотель заманынан бері тіл ғылымы мен тіл философиясының мәңгілік тақырыбы болып келеді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Генетикалық тіл ғылымы – гуманитарлық білімнің заманауи жаңа бағыты: зерттелуі, мәселелері, болашағы» атты тұңғыш ғылыми-теориялық конференция Сыр топырағында өтті. Конференцияда отандық және шетелдік ғалымдар тақырыпты кеңінен талқылады.
Тіл ғылымындағы аса маңызды теориялық тақырыптар кеңестік дәуірде, негізінен, сол дәуірдің саяси көзқарасы тұрғысынан қарастырылып, шектеулі ауқымда зерттелді. Бұл ретте қазақ тіл ғылымында академик Қ.Жұбановтың батыл пікірлерін атап айтуға болады.
Әдетте тілдің пайда болуы туралы бірқатар болжамдар бар екені белгілі. Мәселенің бұл конференцияда көтеріліп отырған басты ерекшелігі – адамзат тілі пайда болуының ілкі негіздерінде ғаламның құрылымдық-семантикалық элементтері мен ғаламдық заңдылықтар тұрғандығы жалпы адамзатқа ортақ ғаламтанымдық ойлау жүйесімен байланыстырыла қарастырылатындығында. Тіліміздегі әр сөздің пайда болуы ұлы ғаламдық жүйенің заңдылықтарымен байланысты екен. Мәселе тек қазақ тілі туралы ғана емес, жалпы адамзат тілі туралы.
– Бұл мәселелер ең ежелгі тарихқа дейінгі сан мыңдаған жылдардағы адамзат тілінің алғашқы пайда болуына ғана қатысты емес, бүгінгі күннің де көкейкесті мәселелерімен тікелей байланысты. Мысалы, қазіргі орта мектептер мен ЖОО-да тіл дыбыстарын (фонетика) оқытудан бастап, лексика, морфология, тарихи грамматика, жалпы тіл білімі, танымдық тіл білімі, тағы басқа пәндерді генетикалық тіл ғылымы тұрғысынан қарастыру заман талабы болып саналады. Бұл мәселелер еліміздің мектептері мен ЖОО-дағы тіл пәндерін оқытуда жаңа оқу бағдарламаларын жасау, оларды оқыту үдерісіне жедел енгізу керек екенін көрсетіп отыр. Оқу бағдарламалары мен оқулықтарды ескірген ғылыми түсініктерден арылту мәселесі алда тұр. Бұл, әрине, жоғары құзыретті орындармен бірлесе отырып атқарылатын істер, – деді осы ғылыми идеяның авторы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Шанжархан Бекмағамбетов.
Конференцияға қатысқан ғалымдар бұл мәселенің тың, жалпы әлемдік деңгейдегі жаңа ғылыми идея екенін айтты.
Сондықтан алдағы уақытта бұл еңбектерді орыс, ағылшын тілдеріне аударып, кең ауқымда насихаттау қажет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<