Төрт ұрпақтың ұстаздық жолы

2060

0

Сырдария ауданына қарасты «Шіркейлі» ауылында Айдар Ибрагимұлы Абдулпаттаевтан басталған ұстаздық жолды бүгінде төртінші ұрпақ жалғастырып келеді. Айдар Ибрагимұлы жастайынан зерек, білімге құштар болыпты. Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде діни сауатын ашып, төрт жылда қари атанып елге оралған.  Қари атағы Құранды жатқа білетін адамға беріледі. Дүниеден ерте кеткен әкесінің ұстаған мешітінде бала оқытуға енді кіріскенде діни сауаты бар адамдардың басына бұлт үйірілген уақыт келді.

Заманның беталысын байқаған алғыр жігіт Қызылордадағы педкурста, кейін педучилищеде оқып, білімін жетілдіреді. Сөйтіп «Жаңадария» мектебінің негізін қалаған алғашқылардың қатарында бастауыш сынып мұғалімі болып барады. Одан кейінгі еңбек жолы Тереңөзектегі Калинин атындағы, қазіргі №35 мектепте жалғасқан. Үздік ұстаз ретінде сыйақы алғаны, Мәскеудегі бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барғаны туралы құжаттар әлі күнге дейін бар.

Ел басына күн туып соғыс басталған соң, 1942 жылы майданға аттанған. Шәкірттерінің бірі Қожабек Қоянбаевтың ертеректе аудандық газетте жарияланған мына өлеңінен де ол кісі туралы білуге болады.

– Біздің асыл Айдар ағай армияға алынды,

Екіталай еш кезде ер бекінбей тұрған ба?

Қапаланып, ренжідік, жақсы ағадан айырылып,

Балапандай жараландық, қанатынан қайырылып.

Аман-есен оралыңыз, дедік-тағы қалдық біз

Қатар орап санамызды екі сезім – қайғы-үміт

Сұм дүние-ай, алдымызда, ғылым шайқап күлімдеп,

Бірімізді қарағым деп, бірімізді күнім деп,.. – деген өлеңде сол жылдардың бейнесі бедерленген.

Майдангер ұстаздың немересі Бағдаттың қолында сарғайған  хаттар да сақталыпты. Біреуі өлеңмен жазылған. Оны жары, тоқсан жасаған Үмбіш әже айтып отырады екен. 

– Жүрмісің, сау-саламат қамқор анам,

Хат жазды соғыстан Айдар балаң,

Соғысып жарадар боп шықтым тірі,

Көрсеттің жанабыңды Алла тағалам!

Сағынбай жеткіншектер ойнап жүр ме?

Нағима, Сайфулла мен Сапи балаң,

Сағынып қарақтарым қалды ма деп,

Болып жүр осы күні көңілім алаң, – деп басталатын өлеңде ағайын-туыстың атын атап, аман-сау көрісуді тілеген. 

1943 жылы 17 шілдеде жазған соңғы хатында «22 маусым күні фронтқа қарай беттедік. 13 шілде күні запасный полк қасынан ашылған командирлік оқуға алды. Қанша күн оқитынымыз белгісіз, көп болса, бір-бір жарым ай» депті. Содан кейін «хабар-ошарсыз кетті» деген хабар келген. Басқа деректерді қанша іздестіргенмен, еш мәлімет жоқ. 

Айдар  ұстаздың ағасы Қазақ КСР Еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет белгісі» орденімен, Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған Оспан Абдулпаттаев Тереңөзек кентінде алғаш мектеп ашқан, басшы қызметтерде болған. Қазіргі уақытта Тереңөзектегі №210 орта мектебі оның есімімен аталады.

Ал інісі Сапиулла Абдулпаттаев Қызылорда пединститутын  бітірген соң Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы «Жарқамыс» орта мектебінде бірнеше жыл тарих пәнінен сабақ береді, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.1961 жылы ҚазМУ-дың аспирантурасына, одан әрі ғылым жолына түседі. Тарих ғылымының докторы, профессор, Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсіп технологиялық институтында, ҚазМУ-де және Абай атындағы университетте қызмет атқарған.

Қан майданнан оралмаған Айдар мұғалімнің артында Сайфулла мен Нағима деген екі бала қалды. Сайфулла ағайдың есімін «Шіркейлі» ауылының тұрғындары, осы жерден түлеген үлкен-кіші ұмытпай айтып жүреді. Ол Қызылорда пединститутын бітірген соң, ауыл мектебіне ағылшын тілін үйретуге келген алғашқы мұғалімдердің бірі болды. Қысқа болса да, мағыналы ғұмыр кешті. Бүгінде ізінде қалған 10 баланың бесеуі атадан басталған әке жолын жалғап келеді.

Гүлнар Ибрагимова ауыл мектебінде, яғни  Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінде физика пәнінен, Бақыт денешынықтырудан, Гүлайым технологиядан, Бағдат биологиядан сабақ береді. Ал Гүлжайна Назарбаев зияткерлік мектебінде еңбек етеді.

Сайфулла ағайдың немере-жиендері де ата-бабадан бері қарай үзілмеген алтын арқауды одан әрі сабақтастырды. Мақсат ағылшын тілі пәні мұғалімі, Жансейіт Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде, Динара Астана медицина университеті «Көз аурулары» кафедрасында,  Назерке Астана Халықаралық университетінде оқытушы. Сейітмұхаммед №12 спорт мектебінде жаттықтырушы, Назым Астана қаласындағы №103 орта мектепте орыс тілі пәнінен, Меруерт Алматы қаласындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ берсе, Әйгерім Талсуат №2 әлеуметтік орталығында дефектолог-мұғалім, Бибінұр мен Шұғыла Еуразия ұлттық университетінде оқиды, болашақ ұстаздар. 

Ұстаздар әулетіне түскен келіндер Набат Сайлаубекова, Жанна Сұлтанова, Қалдыгүл  Сәрсенәлиеваның да мамандығы мұғалім.

Әр заманда туған ұрпақтың өз жолы, өз ұстанымдары болады. Бірақ ұстаз мамандығын таңдаған адамның миссиясы шәкіртті білім шыңына жетелеу, жүрегіне ізгілік дәнін себу болып қала бермек.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<