Тоғызыншы «Келешек мектебі»

383

0

Фото: облыс әкімдігі

«Қызылжарма» ауылындағы «Келешек мектебінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Үкімет мүшелері, барлық өңір әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармаларының басшылары қатысты.

Облыс әкімі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтіп, құттықтауын жеткізді.

– Өздеріңіз салтанатты ашылуының куәсі болғалы тұрған №295 орта мектеп – өңірдегі тоғызыншы «Келешек мектебі». Енді бір мектеп Ұстаздар күнінде пайдалануға беріледі.

Қызылорда қаласының әл Фараби шағын ауданы мен «Қызылжарма» ауылындағы халық саны кейінгі жылдары бірнеше есе өсіп, мектептер үш ауысымдық оқытуға көшуге жақын қалды. Енді балаларымыз қолайлы әрі қауіпсіз, соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен жарақталған, кең мектепте білім алатын болады, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты шарада білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен құрылысты сапалы әрі мерзімінде салған мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.

Ғани Бейсембаев, Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз сөйлеп, Сыр өңіріндегі бастамалар мен атқарылған істерді оң бағалады.

Айта кету керек, балалардың қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында үш жылда 4 «Оқушылар үйі» мен 2 «Өнер мектебі» салынып, бүгінде зияткер жас ұрпаққа қызмет етуде. Жақында Шиелі ауданындағы 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» іске қосылды.

Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» ашылды.

Қазір қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) салынуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі