Қазалылық оқушылар көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғы ойлап тапты. Жаңа көзілдірік кедергілерді сезуге мүмкіндік береді.
Төрт оқушының да бастамасы батыл. Олар өз бетінше Ресей Федерациясының білім және ғылым министрлігі мен «Фонд новых форм развития образования» мекемесі ұйымдастырған байқауда бақ сынамаққа шешім қабылдапты. Санкт-Петербургта өтетін сайысқа әлем елдерінен 400 топ қатысуға өтініш білдірсе, соның 73-і ғана шақырту алыпты. Мектеп әкімшілігі қарқыны қатты оқушылардың идеясын құп көріп, бастамаға қолдау білдіріпті.
– Төртеуміз топты Qazaq, Тechnology сөздерін біріктіретін QTECH деген атаумен атадық. Дайындық барысында тек көзілдірікпен шектелмей, арнайы датчиктер орналасқан куртка, етік, кедергі шыға қалса, вибросигнал беретін трость (зағиптарға арналған таяқ) ойлап таптық. Ал қосалқы бөлшектер үшін Қытайға тапсырыс бердік. Ақтық сында сайыс қазылары құрылғыны бағалау үшін зағип кісіні алдырды. Көзі көрмейтін адам арнайы лабиринттен өтіп, апельсин шырынын тауып ішуі керек. Ол лабиринттен сәтті өтті, бірақ шырынды таба алмады. Себебі, уақыт аздығынан шырынды табатын бағдарламаны қосып үлгермедік. Бірақ құрылғыны пайдаланған адам жұмысымызға оң бағасын берді, – деді Нұрсәт Есекеев.
Айта кетерлігі, Мәскеуге жеткенде құрылғының бөлшектері жүк тасымалы кезінде ажырап, бұзылып қалған екен. «Енді қайттік» деп қолды қалтаға салып тұратын уақыт жоқ. Балалар креативті, логикалық тұрғыда ұтқыр шешім қабылдай білетінін дәлелдеп, бірер күн ішінде көзілдірік пен куртканы қайта құрастырып, байқауға қатысыпты. Осылайша еті тірі, ебі мол оқушыларға жүлделі ІІ орын бұйырған. Айтпақшы, зерек балалардың жетекшілері – физика пәнінің мұғалімі Жаңабек Нағашыбаев пен Болат Жолдасбеков.
Жоба авторының бірі Асылхан Қанибаев көру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың туысқандары арқылы құрылғының белгі беру жүйесін смартфонға орнатуға болатынын айтты. Сол арқылы зағип жандардың қайда жүргенін бақылап отыруға болады. Сондай-ақ, олар енді 20-30 сантиметр аумақтағы кедергіні анықтай алатын құрылғы мүмкіндігін 1 метр етіп, қайта құрастырмақ.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<