Түлектердің 72 пайызы – грант иегері

244

0

Облыс бойынша 2024-2025 оқу жылында 11-сыныпты 9549 түлек аяқтады. Оның ішінде 756 оқушы «Алтын белгі», 1028 оқушы «Үздік аттестат» иеленді. Мектеп бітіруші түлектердің 8402-сі, яғни 88 пайызы ҰБТ-ға қатысып, орташа балл  88,6-ны құрады. Оның ішінде 100 және одан жоғары балл жинаған бітірушілер саны – 1398.

Айта кетейік, биыл аймақтағы ең жоғары балл – 138, оны 2 түлек иеленген. Бірі – Бақдәулет Сұлтанбеков, Қармақшы ауданы, Төребай би ауылы, №199 орта мектебі, екіншісі Мәди Жәнібеков – Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласы №277 мектеп-лицейінің түлегі.

Мемлекеттік грант конкурсына қатысқандар саны – 6867. Нәтиже көрсеткендей, биыл мемлекеттік грант иегерлерінің саны – 4960 немесе 72,2 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 208-ге артты.

Мамандықтар бойынша талдайтын болсақ, педагогикалық бағыттағы мамандықтарға  – 1610 (32,4%), медициналық мамандықтарға – 438 (8,8%), техникалық бағытқа – 1 309 (26,4%), ауыл шаруашылығы мамандықтарына – 517 (10,4%), басқа да мамандықтар бойынша – 1 086 (22%) түлек грант иегері атанып отыр.

Тағы бір назар аударарлық көрсеткіш, 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша 695 түлек «Алтын белгі» иеленген болса, оның ішінде 687-сі ҰБТ-ға қатысып, 267-сі яғни, 42,2 пайызы педагогикалық бағыттағы мамандықтарға оқуға қабылданды. Сондай-ақ «Алтын белгі» иегерлерінің 116-сы медициналық мамандықтар, 77-сі техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша грант иегері атанды.

Айта кетейік, жоғары оқу орындарына түрлі деңгейдегі: жергілікті әкімдіктерден және ЖОО-дан бөлінетін, шетелдік оқу орнының гранттары бойынша оқуға қабылдау осы жылдың 25 тамызына дейін жүргізіледі. Осыған сәйкес грант иеленген түлектер саны әлі де артатын болады.

«СБ» ақпарат