«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі». Мағжан ақын бір ғасыр бұрын ұстазды осылай бағалаған. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, қоғамда «мәртебесі төмен, құқығы шектеулі» делінген мамандық иелері бірқатар басымдыққа ие болды. Қазір педагогтарды мемлекеттік деңгейде қолдау шаралары қарқынды жүргізілуде.
Көп түйткілдің түйіні тарқады
Педагогтар үшін маңызды заңның қабылдануы ұстаз мәртебесінің жоғарылап, материалдық жағдайының жақсаруына мүмкіндік берді.
Биылдан бастап педагогтардың еңбекақысы 25 процентке, шеберлігі үшін жалақыға 30 бен 50 процент аралығында қосымша ақы төленуде. Бұл үшін республикалық бюджет есебінен 14 млрд теңге қаржы бөлінді.
Сонымен бірге ұстаздардың дәптер тексергені мен сынып жетекшілігі үшін берілетін үстеме 2 есеге артып, 8 мың теңге мөлшерінде белгіленді. Орта білім беру ұйымдарында магистрлік дәрежесіне 27 мың теңге қосымша ақы төленуде. Мұнан бөлек, кейбір педагогтардың еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге артты.
Абырой қашан да үлкен еңбек, уақытпен бірге келеді. Сондықтан потенциалы мықты, өзіне сенімді оқытушыны көтермелеу аса маңызды. 2012 жылдан бері өткізілетін республикалық «Үздік педагог» байқауында Сыр елінің 18 ұстазы «Үздік педагог» мәртебесін иеленген. Биыл бір мұғалім жеңімпаз атанып, аймақтың абыройын өсірді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова тәуелсіздік мерекесіне орай педагогтарға арнайы төсбелгі тағайындалатынын атап өтті. Үздік ұстаздарға арнайы «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылады. Сондай-ақ, 10 үздік ұстазға 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 800 мың теңгеден астам сыйақы беріледі.
Биыл мұғалімдер күні онлайн форматта атап өтілуде. Айта кету керек, атаулы күнге орай қаланың орталығы мен ірі көшелеріне республикаға белгілі, облысқа танымал ұстаздың бейнелері бар билборд ілінеді.
Оқытушы мерейін үстем ету – ортақ іс
Педагогтың қоғам алдындағы беделін тек құжат қана көтермейді, ел тұрғындарының жауапкершілігі мен жанашырлығы да аса маңызды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес» деген тағылымды сөзі бар. Расында, ұстаздарға ұлттың болашағы – бүгінгі буынның білімін аманаттасақ, мұғалімнің мәртебесін көтеру де – ортақ іс екені белгілі. Осыған байланысты академик Ерлан Сыдықов «Қай мемлекет ұстаздарына қатысты қандай саясат ұстанса, мемлекеттің беделі де соған сай қалыптасады. Сондықтан ең бастысы, қазақ елінде мұғалімді қадірлеуге байланысты тамаша дәстүр бар. Қызметтегі, биліктегі бүгінгі толқын оны ұмыта қойған жоқ. Сөз жоқ, түптеп келгенде, педагог беделі заңмен емес, қоғамның ар-ұятымен, жауапкершілігімен шегеленеді. Қасиетті «Құранның» өзінде де, біздің мың жылдық дәстүрімізде де ұстазды сыйлау парыз екені ерекше айтылған. Ендеше «Педагог мәртебесі туралы» заңның қорғаушысы да, қолдаушысы да, дәйегі де, мәйегі де – қоғам» деген болатын.
Педагог болам деушілер көбейді
Биыл облыс бойынша ҰБТ-дан ең жоғары – 133 ұпайды еншілеген түлек мұғалім болуды қалады. Білім беру саласын өзіне талап қойғыш жастардың таңдағаны қуантады. Әйтпесе, бір жылдары үздік түлектердің мұғалім болғысы келмейтіні туралы да айтылып қалатын еді. Иә, жыл сайын педагогика саласын таңдайтын жастардың қатары артып келеді. Биылдың өзінде мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуді аяқтаған түлектердің 980-дейі ұстаздық мамандыққа бет бұрған. Мұнан өзге, облыс әкімінің гранты негізінде бірқатар жас педагогика саласында оқуын бастады.
Мұғалім мобильді қосымша жасауда
Әлемге тараған пандемия білім беру саласындағы дәстүрлі форматты өзгертті. Есесіне цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашты. Осыған байланысты қашықтан оқытуға қажет электронды құрылғылар оқушылармен қатар педагогтарға да үлестірілді. Білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағымен бірлесе отырып, 306 мұғалімге ноутбук берілсе, мұғалімдер күніне орай тағы 40 ұстазға табысталады.
Қазір оқушылар қашықтан оқуда «Bilimland» білім беру платформасын да пайдалануда. Платформадағы видео сабақтардың жасалуына үлес қосқан ұстаздардың қатарында қазалылық Азиза Әділбаева да бар. №266 мектеп-лицейдің орыс тілі пәнінің мұғалімі 6-сыныпқа арналған бірнеше тақырыптардың сабақ жоспары мен видеосценарийін жазған.
Бүгінде үздік педагогтың өзі де, оқушылары да халықаралық байқауларда жеңімпаз атануда. Өткен жылы халықаралық «Закачай знания!» сайысында алғашқы турдан өтіп, Мәскеуге шақырылды. Он жеті елден келген 25 финалистің арасында бақ сынап, сабақта цифрлық ресурстарды пайдалану әдістері, идеяларын таныстырып ІІІ орын иегері атанды.
Бүгінде педагог израильдік Зэев Фрайманмен бірлесіп қазақ сыныптарында оқитын 6-сыныптың орыс тілі пәніне арналған мобильді қосымша жасауда.
Байқағанымыздай, жаңа жағдайға бейімделіп, цифрлық білім беруде өзіндік әдіс-тәсіл ұсынған ұстаздар қатары артып келеді. Онлайн байқаулар ұйымдастырып, тіпті халықаралық сайыстарға оқушыларды қатыстыру да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Иә, бұл уақыт мұғалім шеберлігі мен біліктілігін көрсететін кезең болып отыр. Ең алғаш қолға қалам ұстатып, әліппені жаттатқан мұғалім – санасы ақ параққа тең балаға басты үлгі. Ұстаз тұлғасын арманыңа ұқсату үшін де мұғалімнің білім-білігі жоғары, мәртебесі биік болуы керек. Бұл орайда педагогтарға деген мемлекеттік қолдаудың күшейгені қуантады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<