ТЫҢ ИДЕЯҒА ҚОЛДАУ

572

0

ТЫҢ ИДЕЯҒА ҚОЛДАУ «Hack Day» байқауының жүлдегерлері кәсіпкерлік саласының мамандарымен кездесті. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған шараға орталық директорының орынбасары Қанат Ботжанов, «Grand Master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев пен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының маманы Малика Сұлтанбек қатысты. Жиында жас инноваторлардың жобаларын қаржыландыру тетігін қарастыру мәселесі, көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар сөз болды.

– Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамыту үшін бірқатар бағдарламалар қабылданып, оларды іске асыру үшін қажетті шаралар қолға алынып келеді. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай бағдарламасы көптің қолдауына ие болуда. Бағдарлама аясында бастауыш кәсіпкерлерге конкурс нәтижесімен мемлекеттік қайтарымсыз грант қарастырылады. Бір шағын кәсіпкерлік субъектісі үшін ең жоғары грант сомасы – 3 млн теңге. Конкурсқа қатысу үшін бағдарлама шеңберінде қарастырылған кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан өту қажет. Оқыту курсын Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ақысыз жүргізеді. Сол жақтан сіздер бизнес-жоспарды тегін жасай аласыздар. Ал құжаттар пакетін жинақтау өткен жылы басқарма жанынан құрылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы да жүзеге асырылады. Тағы бір айта кететін жайт, бағдарламаға қатысушы кәсіпкер 18 жасқа толған және оның жобасы экономикалық басым секторлардың тізбесіне сай болуы тиіс. Мәселен, «Hack Day» идеялар байқауында қамтылған компьютерлік бағдарламалау, ғылыми зерттеулерге байланысты жобалар бағдарлама талабына сай келеді. Өткен жылы ұйымдастырылған «Байқоңыр Start-Up» бизнес идеялар байқауы да жарқын жобаларға серпін берген болатын. Естеріңізде болса, бұл байқауға да 18 бен 29 жас аралығындағы жастар қатысты. 100-ден астам өтінім қабылданып,  жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды, – деді М.Сұлтанбек.

Басқосуда бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев қатысушылардың толғандырған сұрақтарына жауап берді. Әлемнің Google, Amazon сияқты ІТ компанияларында қазақ жігіттері шетелдік үздік мамандармен бір деңгейде бағаланатынына тоқталып, қазақ баласы көп ұзамай IT нарықта топ жаруы тиістігін айтты. Сонымен қатар «Hack Day» стартап жобалар көрмесінде топ жарған креативті жастарға сәттілік тілеп, қолға алған дүниелерінің қолданысқа енетініне сенім білдірді. Шара соңында жастар да алдағы уақытта инвесторлармен кездесіп, жобаларымызды ұсынсақ деген ниеттерін жеткізді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<