Әйгерім Ерсін – биылғы түлектердің бірі. Ол Қызылорда қаласында орналасқан №4 дарынды балалар мектеп-интернатын бітірді. 11 жыл бойы жиған білім көрсеткішін дәлелдейтін уақыт таяп келеді. Басқа талапкерлер сияқты Әйгерімнің де көңілінде қобалжу бар. Әйтсе де, үміт алдамайтынына сенімді.
– Төртінші пән ретінде география мен математиканы таңдап отырмын. Бұйырса, қаржы немесе маркетинг саласында еңбек еткім келеді. Сол үшін көп оқып, көп білу керегін түсінем. 8-сыныптан бастап мұғалімдеріміз таңдаулы пәндерге бейімдеді. Ай сайын сынама тест тапсырдық. Нәтиже жаман болған жоқ. Алдағы сынақта осы деңгейден түспесек екен, – дейді кейіпкеріміз.
Әйгерім Ұлттық бірыңғай тестілеуді 27 маусым күні қаладағы №2 «Мұрагер» мектебінің базасында тапсырады. Облыста жауапты науқанға осындай 9 пункт дайын. Оларда 6020 мектеп бітірушінің 5172-сі сынақтан өтуге ниетті.
– ҰБТ 22 маусым күні Шиелі ауданында басталып, 1 шілде күні Қызылорда қаласында қорытындыланады. Ол үшін Сырдария ауданы мен Байқоңыр қаласынан басқа жердің бәрінде тестілеу пункттері жабдықталды. Сырдариялық талапкерлер облыс орталығына, байқоңырлық бітірушілер Ақай елді мекеніне барады. Түлектерді тасымал көлігі, жатын орын және ас-ауқатпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 15,9 млн теңге бөлінді, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Берік Жәнібеков.
Карантин болған соң биылғы ҰБТ жылдағыдан өзгерек. Ерекшелігі – санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Түлектер әуелі зарарсыздандыру туннелінен өтіп, қолын, аяқ киімдерін тазартады. Мамандар кіреберісте дене қызуын бақылаған соң тест тапсыруға медициналық бетпердемен кіреді. Әлеуметтік арақашықтық сақталады. Бұл, ең алдымен, түлектердің қауіпсіздігі үшін қажет.
Адамдар көп шоғырланбас үшін ата-аналар ҰБТ өтетін ғимаратқа кірмейді. Оның орнына тестілеу процесін үйде отырып-ақ онлайн трансляция арқылы бақылай алады. Ал «Digital Agent» қосымшасы кез келген адам үшін қолжетімді. ҰБТ өткізу ережесі бұзылған жағдайда мобильді қосымшаның көмегімен фото-бейнежазбаны тікелей жібере алады. 1414 немесе 1424 телефон нөмірлеріне хабарласса да болады. Одан әрі тиісті шара қолданылады.
Облыстағы тестілеу пункттерінің 2-уі – Қармақшыда. Оларда 563 мектеп бітірушінің 511-і сынақ тапсырмақ.
– Бірі Жосалыдағы №250, екіншісі Ақайдағы №99 мектептің базасында орналасқан. Ақайдағыға жергілікті және Байқоңырдан, Төретамнан түлектер барады. Пункттер барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілді. Тамақ, жатын орын, тасымал мәселесі түгел дерлік шешілді. Бір сөзбен айтқанда, балаларды қабылдауға дайын, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Назен Баһадүрова.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<