ҰБТ: Үздік түлектер қалай дайындалды?

1267

0

ҰБТ оқушы түгілі оқытушы мен ата-ананы алаңдататын қиын сынақ екені рас. Білім гранты бірден бұйырмайды. Сондықтан талапкердің тест десе қобалжитыны, ата-аналардың баласы 11-сыныпқа көшкенде ғана репетитор іздейтіні рас. Мазалаған бір сұрақ. «Қалай дайындалу керек, қай орталықта оқытқан дұрыс?» Уақыт жақындағанда әбігерге түсіп, жақсы мұғалім мен мықты кітап іздеп кететіндер көп. Сондықтан биыл ҰБТ-да жоғары балл алған түлектерге хабарласып, тәжірибесімен бөлісуін сұрадық.

Елнұр Хамзин – ұлттық тесттен 140 балл алған №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының түлегі. SAT (ЭсЭйТи-САТ) халықаралық стан­дарт­талған тест сертификаты бойынша SAT балдары Білім және ғылым министрлігі бекіткен шкала негізінде ҰБТ балдарына ауыстырылып, ең жоғары нәтижені иеленді.

Елнұр жақсы көрсеткішке жету үшін күніне 7-8 сағат уақытын оқуға арнаған. Бар баланы баурап алатын Instagram мен Tik-toк білімді оқушыны «бағындыра» алмады.

– Мектепте алдыңғы қатар­дағы оқушы­лардың бірі болдым. Лицейге оқуға түскенде нашар оқитын балаларды шығарып жібереді дегенді естіп, алғашында, шыны керек, сабақтан бас алмадым. Осылайша лицейішілік емтихандарда І орын алып, көзге түсе бастадым. ҰБТ-ға 11-сыныптың қыс мезгілінен бастап дайындалдым. Себебі, ҰБТ-дан бөлек халықаралық емтихан тапсырамын деген мақ­сатым болды. Таңдау пәндерім – физика мен математика. Негізінен ең пайдалы деген ағылшын тіліндегі кітаптар арқылы дайындалдым. Тек жыл соңына қарай әлеуметтік желіні қолдандым. Себебі ма­ған керекті кітаптардың бәрі электронды форматта болды. Қосымша білім беретін орта­лықтарға келетін болсақ, маған жеке дайындалған ыңғайлы екенін байқадым. Өйткені орталықта барлығына бірдей қарап, бірдей үйретеді. Бұл уақытымды алып, кідіртетіні түсінікті болды. Тағы бір айта кетерлігі, көбісі ҰБТ-ға «Шың» немесе «Достық» кітаптарымен дайындалады. Бірақ халықаралық емтихан тапсыратын болғандықтан «Barron’s book for math or physics», «Princeton book», «Erica Meltzer» секілді кітаптарды пайдаландым.

ҰБТ қазақ ті­лің­де өтеді әрі оңай­лау, сондықтан уа­қытымның көп бөлігін SAT ем­ти­ха­нына бөлдім. Бас­ты­сы кез келген оқу­шы ең алдымен жыл басында бір немесе екі жылдық үлкен жоспар құрып алып, сол бойынша үздіксіз еңбек етуі керек. Бүкіл назары өзінде болып, көңіл аулайтын дүниелерден болашағы үшін аулақ болуға тырысуы керек, – деді ол. 

Бүгінде ол Нұр-Сұлтан қала­сындағы Astana IT University-не «ақпараттық қауіпсіздік» маман­дығы бойынша құжат тапсырды. Осы орайда Елнұрдан SAT емтиханы туралы да сұрадық.

– SAT (scholastic assessment test) – ағылшын тілінде тапсы­ратын халықаралық емтихан. Оның Sat subject және Sat reasoning деп аталатын екі түрі бар. Мен екеуін де тапсырдым. Sat subject-те екі немесе үш профильді пән таңдайсың. Оның әрқайсына 1 сағат қана уақыт береді. Әр пән бойынша сұрақтар санының ең азы 50-ден басталады. Ал, Sat reasoning ағылшын тілін және логиканы тексереді. Ол оқу, грамматика, логика деген үш бөліктен тұрады. Егер бұл емтиханды сәтті тап­сыр­саң, шетелге оқуға түсе ала­сың. Себебі, шетелдің көп универ­ситеттері осы емтиханның серти­фикатын талап етеді және ҰБТ-дан босатады, – деді Елнұр Хамзин.

Күрделі емтиханда 136 балл жинаған Дильназ Алматқызы да бастысы уақытты дұрыс пайдаланған. Оның ойынша, айға, күнге жоспар құрып, ойға алған жұмысқа тиянақты болу керек.

– Сабақты тек 5-ке оқимын деген мақсат қойған жоқпын. ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныпта бастадым. Таңдау пәнім физика мен математика болды. Әлеуметтік желі­лерге қызықпадым десем де болады, есесіне әр айға мақсат қоятынмын. Айталық, 1 айда мынадай физика кітаптарын оқи­мын, мынанша тарауды оқып бітіремін деген секілді. Тестке 7-11 сынып аралығындағы мектеп оқу­лықтарымен ғана дайын­далдым. Сондай-ақ, 11-сыныптан бастап «Достық» қосымша білім беру орталығында оқыдым. Себебі, олимпиадада І орын алып, осы орталықтың 1 жылдық курсын жеңілдікпен иелендім. Қазір оқушыларға қолайлы, бұ­рынғыдай емес, ұлттық тестті 4 рет тапсыра алады. Мұндайда ең бастысы сенім керек. Өзім ҰБТ тапсыратын күнді асыға күттім, – деді ол.

Қазір Дильназ Абай атындағы педагогикалық инс­титутына құжат тапсырған. Болашақта ол физика пәнінің мұғалімі болғысы келеді.

Ал, Шиелі ауданындағы №45 «Ақ орда»  мектеп-гимназиясының түлегі Сымбат Асылбек білім сынағында 138 балл жинады.

– Білім сынағына дайындықты 10-сыныпта бастадым. Таңдау пəндерім – қазақ тілі мен əдебиеті. Бес пəнге күн сайын уақыт бөліп дайындалдым. Айталық, таңғы уақытты тарих пəні мен математикалық сауаттылық, түстен кейінгі уақытты таңдау пəндерім мен оқу сауаттылығына арнадым. Күн ара сынама тест тапсырған жөн деп ойлаймын. Бірақ ескере кететін жайт, дайындықты бастар-бастамастан тест тапсыруға болмайды. Се­бебі, сол пəн бойынша түсінік қалыптасуы тиіс. Уақытты жоспарлауға байла­нысты  «Pomadoro» əді­­­сін пай­даландым. 25 минут оқи­сың, 5 минут демаласың. Осылайша 50 минут еш нəрсеге көңіл аудармай, пайдалы жұмыс істеуге болады. Əлеуметтік желіге қызығушылығым болмады деп айта алмаймын. Бірақ алға қойған мақсатқа жету жолында бұл кедергі болмауы тиіс. Білім беру орталықтарының курсына қатыспадым. Тек математикалық сауаттылықтан онлайн курсқа тіркеліп, білімімді жетілдірдім. Тиімді əрі сапалы курсты ұйымдастырған танымал оқытушы Орынбасар Бақытұлы болатын. Көбіне тест кітапшаларымен дайын­далдым. Ал, əдебиет пə­нінен Қанат Қайырбайдың «көк кітабына» тапсырыс бердім. Үлкен көмегін тигізді, – деді ол.

Байқағанымыздай, біз тілдескен түлектер өзіне талап қоя білген. Оны уақыт жоспарлап, әлеуметтік желіге қызықпауынан аңғардық. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш бір жылдық емес, он жылдық оқу мен тиянақтылықтың нәтижесі екенін түсіндік.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<