Үйірменің үйретері мол

4065

0

Балғын бала жас өскін шыбық сияқты. Бағыттаған жағыңа қарай бой түзеп өседі. Адамның жас күнінде үйренген машығы өмір бойғы кәсібіне айналған жағдайлар аз емес. Жеткіншектерге тәрбие процесін ұйымдастыруда үйірме жұмыстарының алатын орны ерекше.

Биылғы халыққа Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыс­та, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бас­тап­қы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арна­ға бағыттау аса маңызды» деп өскелең ұрпақтың шығар­машылық әлеуетіне басты назар аударған болатын. Себебі, жас буынға қосымша білім беру, жеке тұлға ретінде қа­лып­тастыру, оларға қолдау көрсетіп, қабілетін арттыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осы мақсатта қа­лалық білім бөлімінің қосым­ша білім беру оқу-әдістемелік ор­та­­лығына барып, ондағы үйір­­ме жұмыстарымен таныс­тық.

Негізі 1974 жылы қаланған қосымша білім беру орталығы бүгінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізетін бірден-бір орынға айналған.

Мұнда 4 бағытта 51 үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында «Жас модельер», «Асыл мұра», «Спорттық туризм», домбыра, құм анимациясы, картинг клубы, 3D бейнелеу студиясы, вокал студиясы, МАД топтары, спорттық робототехника, робототехника және 3D модельдеу, «Балдырған» би класы, шахмат, тоғызқұмалақ, ағылшын тілі, 3D макеттік студиясы және архитектуралық ди­зайн, «Әсем моншақтар» үйірмесі, «Жайдарман» клубы, VR/AR бағдарламалау, жыр-терме, дәстүрлі ән, қазақ тілі, орыс тілі, тарих, Media Imaq, Blog kadr, 3 D зертхана, lego құрастыру, алғашқы техникалық модельдеу сынды үйірмелер бар. Қазіргі уақытта  үйірмеге 1369 бала қатысып, өздерінің қабілеттерін шың­дауда.

Орталыққа кірісімен  көр­кем қыш үйірмесіне бас сұқтық. Оң жақ қабырғада орналасқан сөредегі түрлі мүсіндер мен қыш құмыралар көздің жауын алады. Жеңді түріп, саз балшықтан құмыра жасауға кірістік. Бірақ нақышын кел­тіру оңай емес екен. Құмыра жа­сау барысында үйірме же­­тек­шісімен балалардың қы­зы­­ғушылығы, саз балшық те­ра­пия­сы жайында әңгіме өр­біді.

– Саз балшық терапиясының пайдасы өте зор. Әсіресе, ба­ланың ойлау қабілетін дамы­туға әсері мол. Үйірмеге қаты­сушылар қатары көп. Мұнда “Атамекен”  отбасылық үлгі­де­гі балалар үйінен және есту қабілеті төмен балаларда ке­ліп қатысады. Бүгінде карантинге байланысты кезекші топ­пен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді үйірме жетекшісі Ескендір Серманов.

Айта кету керек, 2018 жы­лы әдістемелік орталық жұ­мы­сын заман талабына сай жүр­гізу мақсатында орталық басшылығы IT іMAQORDA балалар технопаркінің жобалық жол картасын ұсынған. Жоба қолдау тауып, оған облыстық бюджеттен 60 млн теңге қаржы бөлінді. Осының негізінде ор­талық жұмысы жанданып, қа­лалық білім бөлімінің бастамасымен инновациялық көрмелер жаңа форматта ұсыныла бас­тады. Сондай-ақ, өткен оқу жылында қосымша білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту барысында 12 кабинет ашылды. Олар – радиоэлектроника жә­не практикалық электротех­ника, роботехника және 3D мо­дельдеу, авто, мото моделдеу, алғашқы техникалық модельдеу, 3D макеттік студия, 3D визуализация, жобалау жә­не VR/AR бағдарламалау, ар­­хи­тектуралық дизайн, био­ло­гия және биотехнология, мүм­­кіндігі шектеулі бала­лар­ға арналған дамыту орта­лы­ғы, химия, биология және физика 3D зерт­ханалары, «PUBLICKZO» media кабинеті, 3D ИЗО студия кабинеттері.

Технопарктегі қызығушы­лық тудырған келесі үйірме – ро­ботехника және 3D модель­деу кабинеті болды. Мұнда өнертапқыштар түрлі жобалар жасап, байқаудың жеңімпазы болып үлгерген. Үйірме же­тек­шісі Раушанбек Сариев шә­кірттерінің жұмысын таныстырып, басты мақсатымен бөлісті.

–Үйірме облыста алғашқы­лардың бірі болып 2015 жы­лы ашылды. Содан бері ба­­ла­лар қатысып келеді. Қызы­ғу­­шылықтары жоғары. Оқу­шы­лары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Ұлы өнер­тапқыштыққа алғашқы қадам» республикалық, об­лыс­тық, қа­лалық иннова­циялық жобалар байқауына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның «Білімнің сал­танат құруы» бағыты аясында «KazRoboProject-2019» және «KazRoboSport-2019» об­­лыстық, республикалық чемпио­наттарына, «Robo Fest-Orda» облыстық фестиваль­да­рына қа­тысып жүлделі орын­дарға ие болып келеді. Жуырда ғана 4 шәкіртім облыстық бай­қау­дың жеңімпазы атанып, рес­пуб­ликаға жолдама алды. Бұл – еңбектің нәтижесі. Ал­дағы уақытта осы жасалған дүние­лерді қолданысқа шығаруды көз­деп отырмыз, – дейді ол.

Мұнан кейінгі бағыт домбыра, өзін-өзі тану, 3Dмакеттік студия, «Vlog kadr», «Шебер қолдар», би үйірмесі болды. Барлығында дерлік өз ісінің шеберлері шәкірт тәрбиелеуде. Ең кереметі, бұрын осы ор­талықтың шәкірті болған оқу­шылар, өздері ұшқан ұяға ке­ліп, ұстаздық етуде.

Жалпы IT іMAQORDA балалар технопаркі оқушылар мен педагогтарға көптеген са­­йыс, байқауларға қатысып же­­тіс­тіктерге жетуге мүмкін­дік жа­сауда. Әсіресе, қатысу­шы­лардың мамандық таңдап, жоғары оқу орындарына тап­сырғанда септігін тигізіп жат­қан көрінеді.

– Үйірмелердің оқушыларға берер мол. Әрбір оқушының қабілетін, дарынын шыңдап қой­май, олардың кәсіби бағдар алуына сеп болуда. Мәсе­лен, 3D модельдеу үйірме­сі­­нің оқу­шылары Алматы Қа­зақ бас сәулет құрылыс ака­де­­миясының және академия жа­нындағы колледждің, Л.Н.Гу­милев атындағы Евразия ұлт­тық университетінің, Алматы қаласындағы Таңсық­баев атындағы сәндік-қолдан­балы колледжінің, грант иегері атанды. Осындай жетістіктерге бар­лық үйірмелерден білім алу­­шылар жетіп отыр деуге болады, яғни орталықта оқу­шыларға кәсіби бағдар беру жол­ға қойылған. Нәтижесінде робо­тотехника, дәстүрлі ән, сурет, домбыра, биология, хореография, вокал, тарих, жас модельер үйірмелерінің оқушылары да орталық қабырғасында ал­ған білімдерін жоғары оқу орын­дарында жалғастырып же­тілдіруде, – дейді оқушылар са­райының директоры Меруерт Әбдіқалықова.

Пандемияға қарамастан ор­­талық басшылығы онлайн түр­де түрлі үйірмелер мен жобалар ұйымдастырды. Желі ар­­қылы ұйымдастырылған «Он­лайн жаз-2020» шарасына 23 мың оқу­шы қатысқан. Олар­дың арасын­да  өзге өңірдің оқу­­шылары да байқауда бақ сы­наған.

– Облыстық білім басқарма­сының тапсырмасына сәйкес Instagram әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашылып, жо­ба өткіздік. Басты мақсат – жалпы тәрбиелік-танымдық, шы­ғармашылықты дамыту, кә­сіби бағдар беру, тұлғалық да­му, азаматтық көзқарас қа­лып­тастыру, мамандықты дұ­рыс таңдай білуге бейімдеу. Шара барысында  230 сабақ тү­сіріліп балаларға көрсетілді. Жаңа форматтың тиімділігі 23 мың оқырман тіркеліп, рес­публика көлемінде Қызыл­орда облысы І орынға шық­ты. Бүгінде балаларға арнал­ған қо­сымша білім беру мекеме­сіндегі жұмыс отандық және шетелдік тәжірибеде, отба­сылық және халық педагогикасында жинақталған барлық құндылықпен үйлесіп, нә­ти­желі тәсілдер мен әдіс­терді таңдауға, балалардың белсен­ді­лігін арттыруға, өзін-өзі дамы­туға мүмкіндік беруде, – дейді Меруерт Наушақызы.

Қосымша білім беру орта­лығында баланың дамуына бар­лық жағдай жасалған. Үй­ренемін, білімімді шыңдаймын деген ниет болса болғаны. Алдағы уақытта бұл жерде тағы да кабинеттер ашылып, жаңа үйірмелермен толығатын болады.

Жалпы өңірде баланы тәр­биелеудің басты құралы саналатын үйірмелер жұмысы бір ізге түскен. Бұл бағытта түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде облыс аумағындағы 173 клуб-кәсіпорында 854 тұ­рақты үйірме бар, оларға 10 606 адам қатысады. Жолдауда қойылған міндеттерді орындау бағытында алдағы жылы үйірме санын 1000-ға көбейтіп, үйірме қатысушыларын 11500-ге ұлғайту көзделген. Жоспар жүзеге асса, балалар көкжиегі кеңейіп, мүмкіндіктер әлеуеті артатын болады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<