«Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздары марапатталды

1185

0

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Биыл байқауға еліміз бойынша 143 мұғалім қатысты. Жеңіп шыққан 64 ұстаздың әрқайсысына «Үздік педагог» төсбелгісі мен 2 788 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақы табысталды.

Салтанатты іс-шарада министр Асхат Аймағамбетов қазіргі жағдайда аянбай еңбек етіп жүрген барша мұғалімдерге алғысын білдірді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан білім беру саласына үлкен көңіл бөлініп жатқанын да тілге тиек етті.

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен білім саласын дамыту бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына ерекше назар аударып, жуырдағы Жолдауында да осы мәселеге үлкен көңіл бөлді. «Ұстаз мәртебесі туралы» Заң қабылданғанын білесіздер. Заң шеңберінде 70-тен аса түрлі бұйрық, қаулы бекітіліп, іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Алдағы жылы тағы 25 пайызға көтеріледі. Президент осындай тапсырма берді және оны біз орындап жатырмыз. Бүгінгі таңда ұстаздарымыз үшін тиісті жағдай жасауды жалғастыруымыз керек, – деді министр.

Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан болашақ ұстаздардың шәкіртақысы да айтарлықтай көтерілгеніне назар аударды. 1 қыркүйектен бастап олардың стипендиясы 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсті. Айта кетейік, биыл мұғалім болу үшін оқуға түскен азаматтарға қойылатын талаптар да күшейтілді: шектік балл 50-ден 70-ке дейін көтерілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<