Ұлылық пен жылылықтың сәулесі

1010

0

Тұла бойына ұлылық пен жылылықты ұштастырған ұстаз еңбегі әркез құрметке лайық. Бүгінгі – ХХІ ғасыр талабына сай жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің моделі өзгерді. Талап нақты, талғам шексіз. Сондықтан ұстаздар қауымының алдында тұрған жауапкершілік жүгі де еселеп артты.

Қазан айының бірінші жексенбісі – мұғалім күніне орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ұрпақ тәрбиелеуде абыройлы еңбек етіп жүрген мұғалімдерді және сала ардагерлерін қабылдап, құрмет көрсетті. Аймақ басшысы педагогтарға мемлекеттік қолдау шараларының қарқынды жүргізіліп жатқанын, ұстаздардың мерейі мен мәртебесін өсіруде  көптеген игі қадамдар жасалғанын атап өтті.

– Бұл мереке шын мәнінде барша халыққа ортақ. Өйткені кез келген мамандық иесі ұстаздан білім, тәрбие алады. Жаңа дәуір талабына сай озық тұрған мұғалім ғана шәкірт алдында беделі биік болары сөзсіз. Елімізде педагог мәртебесі туралы заң қабылданды, білім мен ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Нәтижесінде, биылдан бастап педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы өсуде. Бұл – аймақ педагогтарына мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, 2021 жылдан бас­тап мұғалімдердің еңбекақысы 25 процентке көбейтіледі. Осы бағытта алдағы үш жылда 1,2 триллион теңге бөлінетін болады. Биылғы жылдың өзінде бұл мақсатта республикалық бюджеттен 27,4 млрд теңге қаржы бөлінді.

Мерекелік жиында облыс әкімі ел құрметіне бөленген ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісін және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін табыстады. Құрметке ие болғандар қатарында Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің оқытушысы Әсия Боранқұлова, Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия мұғалімі Клара Есмағанбетова, Қазалы ауданы, №225 орта мектеп мұғалімі Роза Сексенбаева бар. Сонымен қатар, білім беру ісінде табыс тұғырынан көрінген 30 ұстазға «Құрмет грамотасы» мен бағалы сыйлық берілді.

Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иеленген Клара Есмаған­бетова әріптестеріне тебіреніспен тілегін арнады.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген қиындықтар көл­денең шыққаны белгілі. Әйтсе де, мамандығымызға деген адалдығымыз болар, басқа са­лаға бет бұрмай, жас ұрпаққа білім берудің жаңаша талаптарына бейімделіп, еңбек етіп келеміз. Ол қиындықтар бүгінде артта қалды.

Мемлекет басшысы педагог мәртебесін көтеруге айрықша көңіл бөліп, нәтижесінде, моральдық, материалдық тұрғыдан қолдау шаралары артып отыр. Бұл  ұстаздардың қоғамдағы лайықты орнын қалыптастырып, жаңа ғасыр көшінде жан-жақты, дарынды шәкірттер тәрбиелеуге бағытталған мол мүмкіндік деп ойлаймын, – деді марапат иесі.

Ұстаздар мерекесіне арналған шараға барлық аудан әкімдіктері онлайн байланысып, онда аудан басшылары сала үздіктеріне облыс әкімінің марапаттауларын табыстады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<