Өз ісін адал атқарған еңбекқор жандардың болмыс-бітімі жас ұрпақтың бағыт алар бағдарына айналары белгілі. Себебі туған жеріне, өскен өңіріне қызмет еткен жандар қашан да мақтан төрінде, марапат биігінде. Заман көшінде ілгері басып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік салмағы бар жандар Сыр өңірінде жетерлік. Саналы ғұмырында қажырлы еңбек етіп, көптің көңілінен шыға білген осындай өнегелі өмір иесінің бірі – Қынаш Әуелбекова.
Қынаш апай 1954 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Кейін қарт Қаратау баурайынан Сырға қоныс аударады. Мектеп қабырғасынан-ақ білім көрсеткішімен дараланды. Өмір бағдарына айналған ұстаздардың білімі жетістікке жетелеп, мақсатқа анық қадам басуға ықпал еткен еді. Кейіпкеріміз өз естелігінде алғаш әріп үйреткен мұғалімі, ЖОО қабырғасындағы ұстаздары туралы ой бөлісуді ұмытқан емес. Әсіресе, кәсібінің өзегі – тарих пәніне деген қызығушылықты оятқан жандарды жадынан шығармаған. Әрбірінің бет-бейнесі, мінез-құлқы, таным-тағылымын ерек бағалап, білімге ұмтылысының бастауын солардан іздейді. Бұл жаны таза жанға ғана тән қасиет болса керек.
Қынаш Әуелбекова тарихшы боламын деген асқақ арман жетегімен Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтын тәмамдап, кәсіби маман дәрежесіне көтерілді. 1976 жылы Сырдария ауданы Ақжарма ауылындағы Абай атындағы №130 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасады. Сол кезден бастап қызығы мен шыжығы мол ұстаздық жолдың бастауына түсті.
– Абай атындағы №130 орта мектебіндегі қызметім өмірдегі жарқын белестің біріне айналды. Ұжымда Дәулет Қалжанов, Жақсылық Әбділдаева, Алмат Пірімбетов секілді ұстаздар тарихтың мән-маңызын, шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігін терең сезінуге мүмкіндік сыйлады. Мектеп директоры Алмат Пірімбетов ағай жаңадан келген ұстаздардан оқушы тәрбиесіне ерекше ден қоюды талап етіп, білім сапасын жіті қадағалаушы еді. Әр сабақтың нәтижелі болуына ықпал еткен де сол азамат. Алғашқы ұстаздық жолымда із қалдырған мектеп ұжымы да өнегелі тәлім көзіне айналды, – дейді ол.
Расында, өзара үйлесім бар жерде жетістік болары анық. Қынаш апай тәжірибелі ұжыммен байланыса отырып, көп белесті бағындырды. Білім бәсекелерінде жүлдеге ілігіп, білім берудегі ерекше әдістемесін бөлісіп, көптің алғысын алды. Оған білікті маманның 1985-1990 жылдар аралығында «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» атты аудандық мұғалімдер байқауында үздіктер қатарынан көрінуі дәлел. Осылайша, ауыл мектебінің абыройын асқақтатып, қадірлі ардагер-ұстазға айналды.
Әрине, ұстаздың басты жетістігі – шәкіртінің шыққан биігі. Осы орайда ол білім берген шәкірттердің жетістігі мен тәжірибесі жетерлік. Олардың қатарында Ғалия Шілманова, Айнұр Оңғарова, Рита Қожалақова, Мария Есімова есімді мамандығының майталман шеберлері бар. Оған қоса ЖОО-да білім берген Манат Жайлауова, Райкүл Диуанова, Сәрсен Тілеубаева, Еркін Ақтаевтар ардагер ұстаздың тәлімін алған шәкірттер санатында.
Қынаш апай Сыр топырағында береке тауып, жетілгенімен, туған жері Отырарды есінен шығарған жоқ. Оны Отырар туралы әңгімелерінен, тіпті жеке кітапхана қорындағы жерлес ақын-жазушылардың кітаптарынан да аңғаруға болады. Қынаш апайдың жеке кітапханасында отырарлық зиялылардың еңбегі, ғылыми жинақтары мен кітаптарын кезіктіресіз. Олардың қатарында Бейсенбай Кенжебаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Әлиев, Мұхтар Шаханов, Дүкенбай Досжан, Шәмші Қалдаяқов, Ержан Уәйіс сияқты қазақтың қарымды қаламгерлерінің еңбектері бар.
Ол ұстаздық қызметін шығармашылықпен ұштастырып, басылымдарға мақала беруді дәстүрге айналдырған. Әсіресе, өмір жолында кездескен, қызметтес болған азаматтар туралы естеліктері мерзімді басылымда жиі жарияланады.
Орайы келгенде айта кеткен жөн болар. Қынаш апай жары Мұрат аға екеуі бес бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, берекелі отбасының тірегі бола білді. Бүгінде ұл-қызы сан салада қызметтің тізгінін ұстап, өз алдына үй болып отыр. Олар мұнай, экономика, агроном, заң, білім саласында табысты еңбек етуде. Берекелі әулетте немере-шөберелер ер жетіп келеді.
Қ.Әуелбекова кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мәдени мұраларды қорғауға атсалысу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытында тың ойларын ортаға салады. Түрлі мінберде білім беру ісін жетілдіруге қатысты тың ойларын да бүкпесіз айтып келеді. Сондықтан ардагер ұстаздың өнегелі жолы өскелең ұрпаққа сабақ болары анық.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<