Ұстанымы мығым ұстаз

1340

0

Еліміздің жарқын болашағы жолында мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Қазіргідей мемлекет тарапынан ұстаздар қауымына қолдау бар кезде оқытушылар жаңашылдықпен еңбек етеді деп ойлаймын. Осындай білікті де білгір, өз мамандығын шексіз сүйетін ұстаздарымыздың бірі – шет тілі пәні мұғалімі Ақмарал Баймұратова.

Оқушылардың жүрегіне жол таба алатын, жас та болса шығармашыл ұстаздың бойынан нағыз мұғалімде болу керек қасиеттерді мақтанышпен атап айтуға болады. Шәкірттері Шанбай Дінмұхамед, Жұмажанова Бибінұр – жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасының аудандық, облыстық, республикалық кезең жеңімпаздары. Болашақ шет тілі мамандығын таңдап отырған оқушыларына жүйелі дайындық жұмыстарын жүргізіп, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Шәкіртке жан-жақты білім беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне шығуға, яғни бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу – Ақмаралдың басты ұстанымы.

 Ш.Амонашвилидің «Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойына да сүйіспеншілікті дарыта алмайды» деген сөзі босқа айтылмағаны белгілі. Әр сабағына тындырымды дайындалып келетін, тиімді әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдана білетін, оқушы бойына қызығушылық туғызып, жан-жақты болуға баулитын, ертеңіне сеніммен қарайтын ұстаздың еңбегі ақталар күн алда.

 Салима ОҢДАСЫНОВА,

№83 орта мектебінің мұғалімі

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<