Ұстаздың орны – төрде

1183

0

Мәртебелі мамандық иелері – ұстаздар қауымына қала әкімідігі құрмет көрсетті. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова шәкірт тәрбиелеудегі адал әрі жемісті еңбегімен ел алғысына бөленген ұстаздарға қала әкімінің құттықтауын жеткізіп, марапаттар табыс етті. Жиында 80, 85, 90 жасқа келген ардагер ұстаздарға айрықша құрмет көрсетілді.

Мереке аясында білім саласы бойынша  қала ұстаздарының бүгінгі жетістіктері сараланып, бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаулар нәтижесі екені айтылды. Мәселен, осы жылды қосқанда ұстаздар жалақысы 100 пайызға көбейеді.

– Ұлағатты ұстаздарымыз шәкірттеріне кенен ғылым мен кемел білімнің дәнін себуде. Қажырлы еңбектеріңіздің жемісі – оқушыларымыз республикалық, облыстық деңгейдегі сайыстардан жүлделі орындардан көрініп, түрлі байқау-жоба жарыстарынан жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Сонымен қатар, мектеп ұжымдары әрдайым қоғамдық іс-шараларға да аянбай атсалысып, барлық салада белсенділік танытуда.

Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Сондықтан еліміздің келешегі сіздердің қолдарыңызда! Тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуетін арттырып, атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Мерекелік кеште ұстаздардың бірқатары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.

Педагогтардың қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бастап республикалық «Үздік педагог» конкурсы өткізіліп келеді. Осы орайда «Үздік педагог» атанған 10 ұстазға қала әкімінің 150 мың теңге ақшалай сыйақысы табысталса, қалалық «Үздік педагог» байқауының І кезеңі бойынша жеңімпаздарға ноутбук берілді.

Салтанатты шара соңы Оқушылар сарайының қызметкерлері мен жас өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламасына ұласты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<