Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов 1957 жылы 21 шілдеде Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Ұстаз-ғалым. Сыр елінің білім қарашаңырағы Қорқыт ата атындағы жоғары мектебінің дамуы мен биік дәрежеге көтерілуіне бірегей еңбек сіңірген есім. Техника ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы. «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған. «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Жалағаш ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы.
Тұлғаға төлқұжат
Алпыс үш жыл ғұмырының албырт шақтарын білім жинауға, мәнді жылдарын сәнді тірліктен бөліп алып ғылым жолына жұмсаған, бес рет облыстық мәслихаттың, бір рет республика Парламентінің депутаты болып халық сенімін арқалаған нар тұлғалы азамат Қылышбай Бисеновтің ғұмырбаяны Сыр елінің білім саласымен бітеқайнасқан.
Тұлпар тұяғының ізіндей тұлғаның бала тұрықты кезеңі көз алдында. Жаңаталап ауылында алтыншыны бітірген жылы әкесінің інісі Сәбит көкесі қолынан жетектеп Қызылордаға алып келді. Жетінші класты №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте жалғастырды. Сөктей беске оқитын, тек орыс тілі болмаса… Сонда үлкендер еті тірі, зейінді баланы орысшадан қағажу қалмасын деген екен. Орысша тіл сындыру оңай болған жоқ. Сол кезде кейін Мәскеуге барып, техникалық ғылым саласынан орыс тілінде докторлық диссертация қорғаймын деген ой-қиялына да кірмеген. Райкүл Сералина апайы сабақтан алып қалып орысшаға оқытатын. Кластастары оған күле қарады. Бірақ, ауыл баласы мектепті алтын медальмен бітіріп шықты.
Жас түлек Қылышбай Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына түсті. Бұл институттың студенті атану әр баланың арманы еді. Даңқы күллі елді дүбірлеткен «Дос-Мұқасан» вокалды аспаптар ансамблі осы оқу орнының қабырғасынан түлеп шықты. Қылышбай институтты Лениндік стипендиямен оқып бітіріп, біржола ғылымға бет бұрды…
Ол – 260-тан астам ғылыми еңбектің, 32 патент, 12 монография, 3 оқулық, 20 оқу және әдістемелік құралдың авторы. Ғалым-педагог жас ғалымдарды дайындауға әрдайым зор көңіл бөліп, ол 3 ғылым докторын, 7 ғылым кандидатын, 4 философия (Phd) докторын дайындады.
Жоғары мектеп
жолы
Платон академиясы, Аристотель лицейі, Александрия мұражайы деген атауларды білесіз бе? Мыңжылдық тарихы бар бұл мектептер Еуропа жоғары оқу орындарының бастау бұлағы болып саналады.
Ал, Қазақстандағы университеттік білім беру ісі ХХ ғасырдың 20-30 жылдардан бері жолға қойылды. Сонда біздің білімденуіміз еуропалықтардан он ғасырға кешеуілдеп қалған ба? Әсте олай емес. Қазақ даласында ауа райын көзін жұмып болжайтын, ауруды қолмен сипап емдейтін ұлт руханиятынан сауаттанған ерен жандар өмір сүргені аңыз болып қалған. Ал, кітаби ғылымға келсек, қазақ – аз уақытта айналасындағылармен иық теңестірген халық.
Осыдан сексен үш жыл бұрын Қиыр Шығыстан жер аударылған Корей педагогикалық институтының негізінде қалыптасқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бүгінде биік дәрежеге көтеріліп, әлем танитын білім ордасына айналды. Бұл күрделі күрежолда осы оқу орнын он сегіз жыл басқарған академик Қылышбай Бисеновтің өшпес ізі, өрнекті қолтаңбасы сайрап жатыр. Оны жүйелеп айтуға ойлы сөз керек.
Бүгінгі жас ұрпақ жоғары білімді аға буынның негізінен Қызылордадағы екі іргелі оқу орны – Қызылорда педагогикалық институты мен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалынан білім алып шыққанын біле бермес, бәлкім?
Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалы Қызылордадан 1976 жылы ашылған. Әдетте, оқу орындарының атын қысқартып айтатын халық бұл институтты ЖГМҚИ деп қазақшалауды қиынсынып, ДГМСИ дейтін.
1979 жылы политехникалық институтты бітірген Қылышбайды 3-4 курста жүргенінде-ақ студенттерге лекция оқытып, ғылымға бейімдеген ұстазы, профессор, техника ғылымдарының докторы Болат Жармағанбетов осы оқу орнына ғылыми ізденуші-зерттеуші есебінде жұмысқа алып қалды. Ал, 1980 жылы жас маман Қ.Бисенов Қызылордаға оралып, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалына оқытушы болып орналасты.
1985 жылы Мәскеуден аспирантура оқып, техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғаған Бисенов тағы да осы институтқа келіп, сегіз жыл қызмет жасады – аға оқытушы, факультет деканы, институттың проректоры болды.
1990 жылы ДГМСИ Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты болып қайта құрылды. 1992 жылы оған дала академигі Ыбырай Жақаев есімі берілді. Сол жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединституты да Қорқыт ата атымен аталды.
1995 жылы Томск мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында докторлық диссертациясын қорғаған Қылышбай Бисенов 1996 жылы Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының ректоры болып тағайындалды.
Әлемдік білім жүйесінде жан-жақты зерттеліп, тиімді тәсіл екені дәлелденген тестілеу тәсілі мектеп бітірушілер үшін 1997 жылы енгізілді. Осы жылы ҰБТ тәжірибе есебінде алғаш рет Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының базасында өтті. Мектеп бітірушілердің қорытынды мемлекеттік аттестатталуын және арнайы орта, жоғары оқу орнына қабылдау емтихандарын біріктіріп өткізуді көздейтін, білім ұйымдарынан тәуелсіз жалпы орта білім сапасын бағалайтын, жаңа технологияларға негізделген жүйенің осылайша Бисенов басқаратын оқу орнында бастау алуы да кездейсоқ емес. Өйткені, ұстаз-ғалым өзін әріптестері арасында жаңашылдық, ізденімпаздық қырынан да жақсы танытып, үлгілі ұстай білді.
1996 жылы Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университет болып мәртебесі өзгерген Н.В.Гоголь атындағы оқу орны 1998 жылдың наурыз айында Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтымен бірігіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болды. Қос білім шаңырағын қосқан университеттің ректорлығына Қылышбай Бисенов тағайындалды.
Бедел мен бедер
Бисеновтің тынымсыз жұмысы мен беделді болмысы университеттің жаңаша бағытта дамуына даңғыл жол салды.
Сол жылдары канадалық «Харрикейн» компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс жасап, Қызылқия, Арысқұм, Құмкөл секілді кен орындарында мұнай өндірді. Университет басшысы осы компания есебінен Канаданың Оңтүстік Альберто технологиялық университетімен келісім жасасып, университеттің компьютерлік жобалау орталығын ашты. Сөйтіп, оқу орны толық компьютерлендірілді. Дәл сол кезде еліміздегі ешқандай оқу орны білім жүйесіне ғана емес, адам жан дүниесінің жаңаруына да әсер ететін мұндай ақпараттық революцияға жете қоймаған еді.
ҚМУ-дың Еуразия-Тынықмұхит университеттерінің халықаралық желісіне енуі – алғашқы сәтті қадамы. Мұнан әрі Литва астанасы Вильнюс қаласында шешім қабылданып, Еуропалық ЖОО қауымдастығының мүшесі болды. Италияның Болонья қаласында университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Ізденіс пен ізгілікті өмірінің өзегі санайтын Бисенов аймақтағы бірден-бір классикалық үлгідегі көпсалалы университеттің негізін қалап, оны заман талабына сай келетін ЖОО ретінде жан-жақты дамытты.
Осы кезеңде білім беру қызметі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, оқу үдерісіне инновациялық технологияларды ендіру арқылы еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бакалаврлар, магистрлар, PhD докторлар даярлауға кең мүмкіндік туып, ғылым саласының басым бағыттары бойынша кешенді зерттеулер жүргізілді.
Ректор Бисенов университетті инновациялық технологиялар мен жаңа басқару қағидалары негізінде мамандар даярлайтын инновациялық-кәсіпкерлік типтегі жоғары мектепке айналдыру бағытында аянбай еңбек атқарды. Оқу мен ойдың биігінен аласармайтын Бисенов сонымен қатар жергілікті табиғи және техногенді шикізат қорлары негізінде құрылыс материалдарын шығарудың энергия-қор үнемдеуші технологиясын жасау мен жетілдіру жөніндегі ғылыми мектептің негізін қалаған көрнекті ғалым екенін мойындатты.
Жетіқат
жер астынан
мұра қазған
Бисенов университетте археологтар мектебін қалыптастыруға ерекше назар аударды. Университет жанынан 2011 жылы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Мұндай мамандықтың еліміз бойынша санаулы ғана оқу орындарында бар екенін айтсақ, тағы да Қ.Бисеновтің ізденгіш жастарды ғылымға баулудағы еңбегі көрінеді. Бүгінде университетті осы мамандық бойынша бітірген жүзден аса маман өлке тарихы мен мәдениет саласында жемісті қызметтерін атқарып отыр.
Университет басшысы қай жерге барса да сол елдегі ЖОО-лармен келісім-шарт жасасуды басты жұмыс қылды. Мұндай ғылыми орталықтар қатарында – Ресей Федерациясының РҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институты, География институты, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Германияның Тюбинген университеті, Татарстан Республикасының белгілі оқу орындары сияқты беделді білім шаңырақтары бар. Міне, дәл осы қамқорлықтың арқасында қызылордалық талай жас оқытушылар аспирантура оқып елге оралып, ғылым жолын қуды.
Шын мәнінде Қорқыт ата университеті Сыр өңірінің ежелгі және ортағасырлық ескерткіштерінің сырын ашуға, сол арқылы еліміздің тарихын жаңа ғылыми мәліметтермен толықтыруға жасалған нақты қадамдарға бара білді.
Университеттің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы Қорқыт заманындағы оғыздық асарларға, Арал маңы сақтарының діни-рухани орталығы ежелгі Шірік-Рабат және оғыздардың ордасы болған ортағасырлық Жанкент қалашықтарында кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Ғылыми-зерттеу орталығының құрылымында археологиялық заттарды сипаттап, өңдеп қалпына келтіретін зертханасы және жәдігерлерді қоятын көрме залы бар.
Осы ескерткіштердің ішінде ортағасырлық Жанкент қалашығындағы зерттеулер үлкен маңызға ие. Себебі, өлкемізде алғаш рет Жанкентте университет ғалымдары отандық және шетелдік мамандармен бірлесе отыра археологиялық қазба әдістерімен қатар, жаратылыстану ғылымының әдістерін кеңінен қолдануды қолға алды.
Жанкентті туризм нысанына айналдыру мақсатында музейлендіру және ғылыми консервация жұмыстары да қатар жүргізілді.
Білім шырағының
жарығы
Бүгінгі университеттің бет-бейнесіне қызыға қарайсыз. «Электрондық университет» бағдарламасы деген ғажап бар. Бұрынғы кезде оқытушылар ректорға хат жазып, қабылдау бөлмесіне әкеліп тастайтын. Қазір университет басшысына тікелей хат жазу және жауап алу ректор блогы арқылы іске асады. Анықтамаларға тапсырыс беру, өтініш жазу, жатақханадан орын алу, басқа да жұмыстар бағдарлама арқылы орындалады.
Мәселен, «Деканат» ақпараттық жүйесі бағдарламасы арқылы сабақ кестесі, білім алушыларға арналған хабарлама т.с.с. ұйымдастыру жұмыстары атқарылады.
Бұрын қағазбастылықпен бітетін қанша жұмыс Платонус және Е-univer бағдарламаларына бекітілген.
Жазбаша емтихан кезінде әрбір студенттің жауап парағына штрих-код беріледі. Бұл жауап парағында студент жайлы ешқандай ақпарат болмайды. Сондықтан тексеруші эксперттер кімнің жұмысын тексеріп жатқанын алдын ала білмейді. Эксперттің қойған балын бағдарлама өзі сканер арқылы оқып, базаға енгізеді және бір енгізілген баға өзгертілмейді.
Аға буынның көзқарасымен қарағанда осындай оқу орнына қайта түсіп, студент болуды аңсайсың, бірақ, бұл бақытты уақыт – бүгінгі күндікі.
Сыр еліндегі білім қарашаңырағының заманауи жетістіктерін жүйелеп шығуға бір мақаланың белі шыдамайтынын әрине, біліп отырсыз. Бұл парасат ордасындағы ғылыми-техникалық кітапханада үш ғасыр тарихын қамтитын әдебиеттер сақталған. Сондықтан, корей оқымыстыларының Қызылордаға келіп, айлап жатып кітап оқитын оқиғасы да бір қызық дүние.
Сөзіміздің жібек түйіні – мынау.
Қорқыт ата атындағы университеттің біз көрмейтін ғасырлар келбетіне жарық шашып тұратын шамшырағын жаққандардың алдыңғы сапында бүгінгі күні облыстық мәслихат хатшысы болып қызмет атқарып келе жатқан ерен тұлға, ел сыйлаған азамат Қылышбай Бисенов тұр. Өйткені, бұл есім Сыр жылнамасымен сабақтас, туған жер тарихымен тектес.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<