Жалағаш деген жайсаң елдің киелі топырағында – Көктонды мен Баба-Ғайып бастаған әулиелер мен ахундар, Беркімбай кәлпе, Тайман қари секілді тамаша адамдар туып өскен. Айбоз атанған ақындар мен өнер тарландары өткен. Мөрәлі Шәменов, Несіпбай Әпірезов, Қазына Жүсіпова, Айнаш Балғабаева, Назира Сисенова сынды тұғырлы тұлғалар түлеген.
Осы тізімді берен болмысты, ерен мінезді ел сыйлаған жақсы АбзалТайманов есімімен толықтыруға әбден болады.
Аймақтың бірнеше саласында табысты еңбек етіп, ылайықты ісін, абыройлы атын қалдырған «Құрметті байланысшы», «Экология саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері Абзал Тайманұлының адами қазынасы тегінен дарыған мирас мінез еді десек, ақиқатқа бір адым жақындағанымыз.
Абзалдың атасы Жүсіп молда ескіше сауатты, көкірек көзі ашық кісі екен. Осы өңірде «Жүсіп молда» атанған мешіт кешеге дейін тұрыпты. Тайман қари бала күнінде әкесінің атымен аталатын сол мешіттен хат таныпты. Он төртінде Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде білім алған Тайманның «қари» атануы да тектен-тек емес. Ол кісі Құранды бастан-аяқ жатқа оқи алған. Тәжуид ғылымын жан-жақты меңгеріп, жеті қырағаттың мәнін, аяттардың тәпсірін, мағынасын, түсірілу тарихын толық білген.
«Тегіне тартпай ұл тумас» демекші, Абзал да жас күнінен адамдық парасат тәлімімен ер жетті. Жоққа жақ, барға тоқ, сабырға сақ қарады. Қайырымдылықты, қанағатты жаны сүйді, еңбегіне сүйенді. Кеңес өкіметі қызметін істеп, тік жүрсе де, сәждеге жүрегімен жүгініп, іштей кәлимасын айтып есейді. Ел-жұрт имандылық жолына түсіп, ұлы санаға бет түзегенде Абзалдың ұйтқы болуымен ауыл азаматтары мешіт салып, оны Тайман қари атымен атады. Абзал әкесінің мазарына барып дұға оқып, рухқа тағзым етуді ешқашан есінен шығарған жоқ. Оның ұлғайған шақта немересі Ділназға Құран жаттатуы көкірегінде шамдай өшірмей сақтаған сол бір асыл тек қасиеті болатын.
Абзал Тайманұлы 1953 жылдың сәуір айында қазіргі Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында дүние есігін ашқан. Қазіргі дейтініміз, Аққұм ауылы отызыншы жылдары «Сталин» колхозы болып құрылып, Тереңөзек ауданы әкімшілігіне қараған, ал, алпысыншы жылдары Жалағаш ауданына қосылған.
Ауыл мектебінен онжылдық білім алған арманшыл жас 1970 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтына түсіп, 1974 жылы филология мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Институттан соң Көкжиде ауылдық клубының меңгерушісі болып жұмыс бастаған. Одан кейін мектеп мұғалімі болып, сосын комсомол ұйымы қызметіне ауысқан.
1977-1987 жылдары аудандық кеңес атқару комитетінде бөлім меңгерушісі және атқару комитетінің хатшысы қызметін, 1987-1990 жылдары «Ақсу» совхозында агроном, кейіннен бас агроном қызметтерін атқарды. Аудандық тұқым инспекциясының бастығы болды.Өйткені ол өндірістен қол үзбей жүріп, Қазақ ауыл шаруашылығы институтынан білім алған еді.
1991-1996 жылдары Жалағаш аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары және экономика комитетінің төрағасы болып қызмет етті. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Абзал Тайманов 1994 жылы менеджмент, экономика және болжау институтын бітіріп, экономика саласында да өз біліктілігін танытты.Қызылорда облыстық экономика басқармасында бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары болды. 1998 жылы облыс әкімі аппаратының іс басқармасы басқарушысының орынбасары, 2001 жылдың сәуір айынан бастап «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды. Он екі жыл бойы бір ұжымға басшылық жасап, тұралаған мекемені алдыңғы қатардағылардың сапына қосты, өндірістік көрсеткіштерін көтерді. Шалғайдағы ауылдарға пошта тіректерінің салынуы да осы кезеңде іске асты. Ауданда қызметте жүріп, қатарынан үш рет аудандық кеңестің депутаты болса, байланыс саласында еңбек ете жүріп үш рет облыстық мәслихатқа депутат болды.
2012 жылдан ол орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры қызметін атқарып туған жер табиғатын қорғау ісіне үлес қосты.
Абзал ағамыз өмірде өте қарапайым, іске келгенде қағылез, тереңінен шымырлап сыр шығып жататындай сырбаз жан болған. «Алғаның жақсы болса – бұл дүниенің шырағы» демекші, жүрегі қалап жар болған Мараш Көбейсінқызы да текті әулеттің қызы. Ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, «Қазақстан әйелдері» журналының энциклопедиясына енген, есімі кейінгіге өнеге болған кісі.
Абзал аға қызметтен қолы босағанда өз ойларын маржандай тізіп қағазға түсіретін болған. Жазғандарына «Біз кімнен тараймыз?», «Балалық шаққа саяхат», «Ата-анам жайлы мөлтек сыр», «Өмірге өзіндік көзқарасым», «Жанұяма өсиет» деген секілді тақырыптар қойыпты. Сол жазбалардың бірінде мынадай сөздер бар екен: «…Жанұя мүшелерінің үйде бір-біріне айқайлап сөйлеуіне қатаң тыйым салынады. Үйдегі балалар қандай да бір тәртіп бұзса, оған дауыс көтермеу керек. Оның кінәлі екені жай ғана түсіндірілуі тиіс. Жеміс-жидек және декоративтік ағаш егу, бақшалық жерді жасыл-желекке бөлеу, оны күтіп-баптау барлығыңа жүктеледі. Үй ішінде жүргенде кімнің жасы үлкен болса, соған жол берілуі керек. Аяқ киіммен кіреберіс бөлмеден басқа жерде жүруге болмайды».
Отбасы кодексіне жазып қоятындай тамаша ақыл-кеңес әр адамға ой салады. Шынында, әрбір үйдің бұлжымас заңы боларлық сөздер Абзал ағаның кең пейілді, тәртіпті сүйетін, әсемдікке құмар, адамгершілікті қадірлейтін жан екенін оны білмейтін адамға да танытып тұр.
Жақында Абзал аға жайында жазылған естелік кітап жарық көрді. Сол кітапқа ағаның атыраулық досы, кеден қызметінің полковнигі Алмас Садықовтың өлеңі жарияланған екен.
«Абзал дос – Сыр елінің
мақтанышы,
Досқа адал, жаны жайсаң,
мақпал іші.
Жүрегі аузын ашса көрінетін,
Ақкөңіл, жарқын мінез, атпал кісі», – деп жазыпты ақын ағамыз. Осы төрт қатар жырдан жайсаң адамның бейнесі жарқ ете қалғандай болды. Дөп айтыпты. Ал, Мараш апамыз естелігінде ерен тұлғаның ақын өлеңіндегі айтылған қасиеттеріне: «…Жаны қиналып отырса да, жүрегі немерелеріне елжіреп, достары келсе әзілдесіп, сау адам сияқтанып көрінетін, ауруын білдірмейді. Не деген мықтылық, не деген шыдамдылық!», – дейтін сөздермен жомарттық мінезін қосыпты.
Қасиетті Құранда сабыр мен шыдамдылыққа қатысты: «Иманы ең үстем адам – сабырлы, жомарт және төзімді болғандар», «Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі», – деген аяттар бар. Алла Тағала Абзал ағамыздың ақыретін шексіз шапағатына бөлесін. Артында қалған отбасына – асыл жары мен екі ұл, бір қызына, олардан өрбіген ұрпағына ұзақ ғұмыр жазсын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<