Виртуалды білім беру

10514

0

Қазіргі уақытта «Виртуалды» деген атау күнделікті өмірде көп пайдаланатын сөзге айналды. «Виртуалды» термині латынның «virtus» (лат. virtus ақиқат) сөзінен шыққан. Қазіргі таңда осы «виртуалдық» ұғымы білім беру саласына да енді. Виртуалды білім беру терминінің мағынасы ақпараттық технологиялардың көмегімен қашықтықтан оқыту деп қана түсінетін көзқарасты өзгертіп, оны кең мағынада виртуалды білім беру кеңістігінде білім беру субьектілері мен обьектілердің әрекеттесуі нәтижесінде өтетін үдеріс деп қарастыруымыз қажет. Білім беру кеңістігінде виртуалды орта құрып, виртуалды оқытуға жағдай жасау білім беруді виртуализациялау болып табылады. Виртуалды білім беру негізгі мақсаты бұл әр адам баласы үшін өзінің жеке және кәсіби тиімділігін арттыру құралы, ол тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталады.

Қазіргі таңда білім беру саласын виртуализациялау өздігінен оқу, күндізгі, сырттай оқу түрлеріне жүргізуде және мультимедиа, телекомуникациялық жүйелердің қарқынды дамуында, әлеуметтік желілерде көрініс табуда.

Әлемнің өзге елдері сияқты Қазақстан да COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты қысқа мерзімде қашықтан оқыту форматына ауысып, өткен 2020 жылдың сәуір айынан бастап еліміз бойынша 3,2 млн оқушы қашықтан оқуды бастаған еді.

Қашықтан оқыту – оқу үдерісінің барлық құрылымдық бөліктері (оқу мақсаты, мазмұны, ұйымдастыру формалары, оқу құралдары) енгізілген және арнайы интернет немесе басқа да интерактивті құралдар арқылы жүзеге асатын мұғалім мен оқушының қашықтан қарым-қатынас жасауы арасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оқу үдерісін жүргізу мен ұйымдастырудың заманауи тәсілі.

Мұндай жаңа технологиялар білім алушының оқу жүйесімен белсенді өзара әрекеттесуін ескере отырып, білім беру үдерісін құруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда, білім берудің мұндай әдістері жан-жақты дамып келеді. Соның бірі  ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасы бірлесіп «Еліміздің үздік педагогтері, виртуалды білім беру бағыты» жобасының эстафетасын ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыруда. Педагогтердің эстафетасын іске асыруды жыл бойы жалғастыру жоспарланған. Еліміздің барлық өңірлерінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның филиалдары мен облыстық білім басқармаларымен ынтымақтастықта бірге атқарып келеді.

Эстафета жұмысының нәтижесінде қазақ және орыс мектептерінің 1-11 сынып оқушыларына арналған білім беру ресурстарының мол қоры жинақталды: үлгілік оқу жоспарлары, І – ІVтоқсандарға арналған әр пәннің бөлімдері, танымдық-қызықты бейнесабақтар, шеберлік сағаттар қорлары жасақталды. «Еліміздің үздік педагогтері, виртуалды білім беру бағыты» эстафетасына қатысушы педагогтерорта мектептің барлық пәндері бойынша бейне-сабақтар дайындады. Бұл эстафета педагогтердің озат тәжірибесін зерттеп таратуға мол мүмкіндік жасады және ІТ жүйесін меңгерудегі құзіреттілігін арттырды.

Қызылорда филиалының тренерлері мен облыстың мектеп мұғалімдері бірлесіп шығармашыл топтар құрып, 1-тоқсанда 276, 2-тоқсанда 168, 3-тоқсанда 128, 4-тоқсанда 116 бейнесабақтар дайындалды. Қорытынды тоқсанда оны жасаудың ерекшеліктері орта мектептердің оқу бағдарламасындағы қиын тақырыптардың түйінін тарқатып, маңызын ашуға бағытталды.

Жалпы мектептерде дарынды және талантты оқушыларды оқыту бағдарламаға еніп, жоспарға сәйкес орындалуда. Ал үлгірімі төмен оқушылармен талапқа сай жұмыстар жүргізу жеткіліксіз екені ақиқат. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін 4 тоқсанда сабаққа үлгірімі қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек ретінде дайындалды.

Бейнесабақтар дайындаған мұғалімдерге «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқармасы тарапынан арнайы «Құрмет» грамоталары мен сертификаттар табысталды.

Жинақталған ресурстар елдегі төтенше жағдай кезінде оқушылардың білім алуының қолжетімділігін қамтамасыз етуде үлкен үлес қосып отыр. Оқушы қашықтан оқу барысында телеарнада берілетін онлайн сабақтар арқылы білім алуда. Сондай-ақ, білім беру платформалары, YouTube бейнехостингіндегі «Өрлеу» білім беру арнасы мен білім сайттарында жарияланған тартымды, шынайы, смарт мақсатқа негізделген ресурстарды қажеттеріне жаратуда. Алған білімді өмірде қолдануға таптырмайтын әдіс. Еліміздің мұғалімдері дайын бейне сабақтарда жарияланған озат тәжірибедегі белсенді әдіс – тәсілдерді өз тәжірибелеріне енгізуге мол мүмкіндік алады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ ұйымдастырған «Еліміздің үздік педагогтері, виртуалды білім беру бағыты» эстафетасы қазіргі уақытта, сабақты, білім беру мен білім алуды қамтамасыз етуде бірден-бір жаңаша бағыт деп есептейміз.

Сәкен СЕРІКБАЕВ,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ

 директорының орынбасары,

тарих ғылымдарының кандидаты