Қызылорда қаласы күн санап сәнденіп, көріктеніп келеді. Айналайын ағайынның өз ауласын жайқалтып, үй сыртындағы ағашқа қолдап су құйып жүргендерін де талай көргенбіз. Бір кезде ақын ағамыздың «сана тазармай, қала тазармайды» деп дабыл қаққаны бар еді, бұл – санамыздың тазарғаны, «өз қалам – өз үйім» деген түсінігіміздің тұрақтануы деп айта аламыз.
Заман ғой дейді, адам ғой бәрін жасайтын. Әлемдегі игіліктердің бәрі – адам қолынан шыққан жауһарлар. Жаңашыл, жігерлі басшы Нұрлыбек Нәлібаев қала тізгінін ұстағаннан бері де дария бойындағы шаһардың шырайлана түсіп, көшелері самаладай жарқырап, көпшілік орындардың бой көтергенін білеміз. Осы ортақ абыройға бар күшін сарп етіп, тірнектеп жиған қаражатын салып жүрген іскер, жомарт жанды азаматтарымыз қаншама?!
Солардың бірі – белгілі кәсіпкер, руханият жанашыры, білім меценаты, «Нұрай» ЖШС басшысы Сейітқали Алшынбаев.
Былтырғы өткен «Байқоңыр» инвестициялық форумы аясында «Зерде» интеллектуалды мектебінің құрылысын салу жөнінде әкімдікпен арадағы меморандумға қол қойылған еді. Сейітқали сол күннен бастап тыным таппады. Тіпті, өзінің күнделікті жүріс-тұрысына, тамақтану, демалу сағатына дейін қатаң күнтізбе жасады. Қойын дәптеріне: «Көп уақыт бойы мені мазалаған ой артымда өскелең ұрпаққа ұлағатты із қалдырып, бойымдағы алпыс екі тамырға қан таратып тұрған жұдырықтай жүрегім осы керемет туындыны аңсап, сағыныш атты ыстық сезіммен «Зерде» деген мектеп құрылысын салуға ниет жасадым. Дәл бүгінгі күннің экономикалық-әлеуметтік жағдайын пайымдауымша, бұл – үлкен тәуекелшіл шешім. Дегенмен, мен осы жолды таңдадым. «Зерде» мектебінің табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін ертеңгі күні зерделі, зейінді, жүрегінде иманы бар ибалы ұрпақ болып тәрбиеленетініне сенімі мол. 24 қазан, 2019 жыл, сағ.10.00» деп жазып қойды. Арасында ауырып жатып қалған кездері де бар. «Бұл менің есебімде жоқ еді» деп біраз жоғалған уақытын түгендеу үшін азаннан қара кешке дейін құрылыстың басында шаң жұтып жүрген беймаза сәттері өтті.
Әйтеуір, осы мектептің құрылысына келгенде жан-дүниесінде ерекше бір толқыныс пайда болды. Өзі басқаратын «Нұрай» серіктестігінің күшімен 2004 жылдан 2011 жылға дейін бюджеттік бағытта – Қалжан ахун, Тереңөзек, Майлыбаев, Сұлутөбе, Талсуат ауылдарынан бес мектеп салынды. 2012 жылы мәслихат депутаты болып тұрған кезде қалаға іргелес Досан ауылындағы мектеп апатты жағдайда жабылып, халыққа берген уәдесі бойынша, тоғыз ай мерзімде тағы бір жаңа мектеп есік ашты. Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында мектеп құрылысына тиесілі 369 миллион қаражаттың 30 пайызын, яғни, 100 миллион теңгеге жуық ақшаны жеке есебінен жұмсады. Қызылордада – 3, Алматыда 1 балабақша салғаны өз алдына. Олардың бәрі де неше жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.
Сонымен, бұл – рет санымен бой көтеріп отырған жетінші мектеп. Қазақ жеті санын киелі санайды. Әрине, кездейсоқ сенім емес, Құранда «жұмақ» сөзі 77 рет айтылады екен, осының өзі де тылсым ойға жетелейді. Кәсіпкер Сейітқали жетінші мектептің салынуына құрылысшы мамандығымен ғана емес, шығармашылық шабытпен кірісті. Балаға қажетті жағдайдың бірде-бірі назардан тыс қалмады. Оқушы үзіліске шыққанда немен айналысады, ол жүріп келе жатқанда қабырғалардағы қандай суреттер мен көрнекі сөздерге көз салады? Осының бәрін қиялынан өткізіп қорытты, қаламмен тізіп қағазға түсірді.
Болашақ білім ордасының нобайын елордалық «Асар Гарант» ЖШС жобалады. 170-ке жуық жұмыс қолын қамтыған еңбек ырғағы күні-түні іркіліссіз жүргізіліп, межелі кезеңде аяқталды.
Міне, бүгінде сол арман мен ой орындалғандай. Қаланың ен ортасында жатқан Ш.Есенов пен Е.Демесінов көшесі қиылысындағы 1,6 гектар жер аумағында орналасқан «Мұз айдыны», «Халыққа қызмет көрсету орталығы», басқа да көзтартарлық ғимараттар сап түзеген сәнді көше бойында енді «Зерде» деген жазуы бар жасыл түсті мектептің қасбеті жарқырап тұратын болады. Ерекше мектеп 500 балаға арналған, сонымен бірге 120 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Әрине, мектепке тәжірибелі, білімді мамандар шақырылды. Оларға еңбегіне сай жоғары жалақы берілетін болады.
Үміт пен күдік алмасқан күндерді артта қалдырып, жаңа туындыңның жарық шашқан бейнесімен алдағы күндерге қараудың қандай бақыт екенін сеземіз. Осынша адамға нәпақа тергізіп, осынша балаға қуаныш сыйлаған бұл адамның бақыттымын деуге қақы бар.
«Жақсыны көрмек үшін» деген, біз ашылу рәсімі тәуелсіздік мерекесі қарсаңына жоспарланған жаңа мектепке арнайы бардық.
«Зерде» ауласына аяқ басқан адамды өзіне тартып тұрады екен. Қазір құрылыстағы қымбат әрі төзімді жабдық саналатын алюкабондпен қапталған әсем нақышты мектептің сыртынан-ақ көруге болады. Гүлзарлар алаңқайына жайлы орындықтар қойылған, шетелдік аспалы шамдар мен жағалай орныққан жасыл шырша көшеттері жарасып тұр.
Оқу ғимаратына кірген бойда еріксіз жоғары қарайсың, мектеп төбесіндегі күмбез асты көз қарықтырады, себебі ол табиғи жарық түсіруге бейімделіп, төзімді шынымен қапталған. Аумағы 382 шаршы метр спорт залы, 350 балаға арналған асханасы, кең әрі жарық балалардың арнайы демалу орны – бұрынғы көргендерімізден басқарақ. Әрқайсысы 60 шаршы метр болатын сынып бөлмелері сабақ барысындағы қажеттіліктермен толық жабдықталған. Ал, IT, компьютер, робототехника сыныптары жұмыс істейді. Би үйірмесі мен тенниске қызығушылардың өз бөлмесі бар.
Балаларға мұнда күніге бір мезгіл құнарлы тамақ беріледі. Жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіледі. Сыйымдылығы 25 тонна болатын азық-түлік сақтау қоймасы да салынған.
– Мен осы әсем мектепті төл туындым деп есептеймін, алайда, бұл білім ордасынан қастерлі тәуелсіздігіміздің бейнесін көруге болады. Себебі, өз ойыңмен, өз талғамыңмен осындай үлкен құрылысты жүзеге асыру, балаларымызды тар шеңберден шығарып, еркін ойға жетелеп, ұлттық рух негізінде білімдендіру – тәуелсіздігіміздің әкелген жемісі.
Осы мектепті салмас бұрын еліміздің біраз қалаларындағы мектептердің қалай салынғанын, олардың жұмыс тәжірибесін есепке алдым. Біздің мектепте әр балаға төленетін оқу ақысы басқа жақпен салыстырғанда 2-3 есе арзан болады. Ал, білім сапасына жоғары талап қойылады. Біздің болашағымыздың иесі балаларымыз жан-жақты білім алып жетілуі тиіс.
Біздің бірнеше балабақшамызда жүздеген сәби тәрбиеленіп жатыр. Олар балабақшадан шығып, осы мектепке келеді. Алдағы уақытта жоғары білім беретін мектеп салуға ниеттіміз. Сол кезде біз тәрбиелеген балалар «балабақша-мектеп-жоғары білім ордасы» деген жолмен жүріп өтетін болады.
2015 жылы «Білім саласына 1 миллиард теңге қаржы салған кәсіпкер» атандым. Әлі күнге сол игілікті ісімізді жалғастырып келе жатырмын.
Мен балаға салынған инвестицияның мемлекетке, халыққа қайтатынын жақсы білемін. Негізгі мақсатымыз да сол, елге бір пайдамызды тигізу, артымызда жақсы іс қалдыру,–дейді Сейітқали Бегманұлы. Біз іскер жанның ізгі ойына өріс тіледік. Расында, таза ой, адал еңбектің өрісі кең.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<